Депутат Асхат Аймағамбетов Талғардағы марқұм Шерзаттың үйінің өртенуіне қатысты пікір білдірді.
Талғарда болған қайғылы оқиға жаға ұстатты. Жас жігітті өлтіріп, отбасының үйін өртеп жіберген жауыздық, хайуандық және әділетсіз қылмыс бәріміздің қабырғамызды қайыстырды, деген депутат бұл оқиға тек құқық қорғау органдарына ғана емес, бүкіл қоғамға сын екенінжеткізді.
«Шерзат Болаттың отбасына қайғырып көңіл айтамын. Бұл істі тергеуде барынша ашықтық пен әділдік қажет. Кінәлілердің барлығы заң алдында жауапқа тартылып, өз жазасын алуы тиіс. Полиция мен прокуратура ешкімнің жазадан құтылып кетпеуін қамтамасыз етуі керек. Бұл қылмыс құқық қорғау органдарында жүйелі реформаларды іске асыруға себеп болуы қажет.
Бұл заңның талабы ғана емес, қоғам алдындағы парызымыз»,-деді Аймағамбетов.
Сондай-ақ ол кінәлілерге қарсы зорлық-зомбылық таныту мәселені шешпейтінін айтты.
«Қақтығысты ушықтырмай, өз наразылығымыз бен позициямызды білдіру кезінде заңды бұзбай, оңтайлы жолды қолданған жөн. Барлық мәселені заң аясында шешуге болады және біздің қоғамда кез келген мәселе солай шешілуі қажет. Бұл қайғылы оқиғаны қасақана түрде жағдайды тұрақсыздандыру үшін пайдалануы мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Сондықтан қазір арандатуға бой алдырмау, әділ жазаны қамтамасыз ету және құқық қорғау жүйесінде терең, жүйелі реформалар жасау үшін күш-жігерімізді біріктіру аса маңызды»,-деді ол.
Тексерілмеген ақпараттарды таратып, елді дүрліктірмеуге шақырды. Барлық шешімдер тек заң шеңберінде қабылдануы тиіс. Құқық қорғау органдарының қажетті күштері толық жұмылдырылды.
Бұл іс Бас прокурордың бақылауына алынған, ал отбасы полиция қорғауында. Қазіргі уақытта қылмыскерлерді жазалап, құқықтық жүйенің барлық қахарлы күшін көрсету маңызды.