15-07-20 |
5420 рет қаралған
Тарихи жәдігерлер құнын жоғалтпайды.
Тарихи жәдігерлер құнын жоғалтпайды

Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы талай жаңа жобаны жүзеге асыруға қозғау салғаны белгілі. Сондай жамағатқа жағымды жобаның бірі «Қазақстанның қасиетті географиясы» деген атпен таныс. Қазақстандағы қасиетті нысандардың тізімін жасап, жүйелендіру мен терең ғылыми зерттеу мақсатында қолға алынған бұл жосар барысында бүгінгі күнге дейін талай игілікті істер атқарылды.  Нәтижесінде аз ғана уақыттың ішінде жалпыұлттық маңызға ие 185 және жергілікті маңыздағы 463 қасиетті нысан анықталып, бірыңғай тізім жасақталды.

Жалпы тарихыңды білу, барыңды түгендеу ел үшін, кейінгі ұрпақ үшін керек. Осы ретте Қазақстандағы қасиетті мекен, айшықты орындардың тарихын түзіп, бір орталыққа топтастырудың ұрпаққа берер мәні зор. Жоба қолға алған алғашқы кезде зерттеушілер Қасиетті нысандардың виртуалды картасын әзірлеуге құлшына кірісті. Бұл содан кейін нысандарды насихаттау, таныстыру бойынша кешенді шараларға жалғасты. Солтүстік Қазақстан, Орталық Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан бағыттары бойынша ұйымдастырылған этномәдени экспедицияның ақпараттар мазмұнын байтуға септігін тигізгені ақиқат. Одан бөлек Қазақстанның қасиетті нысандары туралы Біріккен Ұлттар Ұйымында қолданылатын негізгі бес тілде 4 фильм дайындалып жатыр.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, еліміздің тарихи-мәдени құндылығынан хабар беретін бірыңғай портал ашып, оны барынша қолжетімді ету өткенімізді өшірмей, ұмыт болған дүниелерді жаңғыртуымызға көмегін тигізеді. Бұл айтулы тізімге Қожа Ахмет Ясауи мавзолейі, Жоша хан, Қарахан мен Айша бибіге қойылған мазарлар да енгізілген. Жаңа заман технологиясының көмегімен азаматтар енді әлемнің қай жерінде болса да Қазақстанның қасиетті мекендерімен, құнды ескерткіштерімен таныса алады. Портал сапалы сурет, танымдық бейнетаспа, ақпаратқа бай тарихи жазбалардан тұратындықтан, Қазақстанның қасиетті географиясына қызығушылар өзіне қажетті нысанды өз көзімен көріп келгендей әсерде болады. 3Д форматында жасалған заманауи құрылғылар көмегімен тарихи таса түсірілген нысандардың басында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қатысты ақпарат пен Қарахан ескерткіші тұр. Сондай-ақ, қасиетті нысандар көрсетіліп туристік карта әзірленіп отыр. Бұл отандастарымыз бен Қазақстанға келген туристерге қайда бару керектігін меңзейтін ең пайдалы нұсқаулық болмақ. Сондай-ақ, Қазақстандағы кітапханалардың да бірыңғай тізілімі құрастырылады. Бұл да кітапқұмар қауым үшін, кітаптан мәлімет іздейтін жандар үшін үлкен көмек.

Спорт және мәдениет министрілігі тарапынан жіті көңіл бөлініп отырған бұл жоба тарихи ескерткіштердің мінсіз қорғалып, шетелдік туристерді елге шақыру үшін, сондай-ақ, ғылыми, археологиялық, танымдық және ағартушылық зерттеулер жүргізу үшін маңызды. Министрліктің жетекшілігімен қазір тарихи-зерттеу орталықтарда да елдің географиялық байлығын таныстырып, сақтауға бағытталған көптеген іс-шаралар қолға алынып отыр. Осындай іргелі жұмыстардың басында Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институт тұр.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарыққа шыққаннан кейін ондағы мақсатты жұмыстарды іске асырудың стратегиялық жосарын ұсынған мекеменің бірі де осы институт. 2017 жылы институттың тарихшы, этнографтары мен археологтары бірігіп рухани құндылықтарды таныстырудың жобасын дайындауға белсене кірісті. Осылайша елдегі тарихи маңызды нысандардың географиялық картасы әзірленді. Шын мәнінде қазақ даласы қасиетті, құнды ескерткіш, кесенелерге бай. Аты аңызға айналған тарихи тұлғалардан да кенде емес. Тек соларды зерттеу, қорғау, көпшілікке насихаттау жағы кемшін еді. Рухани жаңғыру бағдарламасы осы олқылықтың орнын толтырды. Жәдігерлерді ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа аман жеткізуге бағдарлама шеңберінде атқарылған жұмыстардың көмегі тиеріне сеніміміз зор.

Руслан Мәлікұлы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.