Теңіз мұнай-газ кен орнында жұмыс істейтін «Кәсіби таңдау» ЖШС қызметкерлері жалақыны көтеруді талап етіп шықты. Бұл туралы «Ақ Жайық» басылымы жазды.
«21 сәуір күні таңертең “Кәсіби таңдау” ЖШС-нің қойма қызметкерлері жалақыны 50% көтеруді талап етті. Оларға көлік департаментінің қызметкерлері қосылып, жалақыны 100% көтеруді талап етті», – делінген хабарламада.
«Кәсіби таңдау» ЖШС – Caspian Offshore Construction Realty (COCR) компаниясының қосалқы мердігері, ал COCR – «Теңізшевройл» (ТШО) компаниясының мердігері.
«COCR – ТШО-ның Теңіз кен орнында көлік қызметтерін көрсететін мердігер ұйым. Ал “Кәсіби таңдау” – COCR-дың субмердігері, ол ұлттық компаниялар қызметкерлерінен басқа персоналды қамтамасыз етеді. “Кәсіби таңдау” компаниясы 2021 жылы тіркелген, соңғы қайта тіркеу 2025 жылдың 15 сәуірінде жүргізілген», – деп түсіндірді басылым.
Сондай-ақ 17 сәуірде ТШО-ның көлік департаменті қызметкерлері жалақыны көтеру туралы ресми хатты ТШО бас директоры Уильям Лакоби, COCR бас директоры Аджай Майк және «Кәсіби таңдау» ЖШС басшысы Айнұр Смиттің атына жолдаған.
«Хатта олар инфляция, бағаның өсуі және күнкөріс минимумы артқан жағдайда қазіргі жалақы базалық қажеттіліктерді жабуға жеткіліксіз екенін жазған. Сондай-ақ жалақыны көтеру олардың жұмысына қосымша ынталандыру болатынын атап өткен. Олар ресми жауапты үш жұмыс күні ішінде беруді сұраған. Ал 21 сәуірде жұмысшылар видеоүндеу жариялап, талаптарын ауызша да қайталады. Қойма мен жүк көтеру қызметінің қызметкерлері өздерінің адал әрі тұрақты жұмыс істейтінін айтып, жалақыны 50% көтеруді сұрады. Олар “Кәсіби таңдау” компаниясынан бұл үндеуден кейін қысым көрсетпеуді өтінді. Inbusiness.kz сайтының мәліметінше, ұжымдық үндеуге 140-тан астам адам қол қойған», – деп толықтырды басылым.
Қазіргі уақытта өндіріс тоқтатылмаған, жұмыс жалғасып жатыр.
«8 қаңтарда Атырауда COCR компаниясының ондаған қызметкері “Теңізшевройл” (ТШО) ЖШС-нің бас кеңсесіне барып, өз компаниясының басшылығына қатысты шағымдарын білдірген еді. Ол кезде жұмысшылар басшылықтың шығындарды қысқарту сылтауымен кейбір қызметкерлерді жұмыстан шығарғанын айтқан. Кездесу барысында ТШО өкілдері жұмысшылардың шағымдарын тыңдаған», – делінген хабарламада.