Қазақстанның тұңғыш президентінің бұрынғы күйеу баласы Тимур Құлыбаев мемлекетпен жүргізіліп жатқан тергеу аясында 1 миллиард долларға жуық соманы қайтару жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.
Басылым дереккөздерінің айтуынша, бұл төлем Құлыбаевтың кінәсін мойындауын білдірмейді.
Егер тараптар келісімге келсе, онда Назарбаевтың күйеу баласы заңсыз жолмен байыды деген күмәндер мен сұрақтар Қазақстан құқық қорғау органдары тарапынан тоқтатылуы мүмкін.
Bloomberg мәліметінше, Тимур Құлыбаевтың өкілі бұл мәселеге тікелей пікір білдіруден бас тартқан. Оның себебін «мемлекеттік істерге қатысты болғандықтан» деп түсіндіріп, сонымен қатар «кез келген төлемдерді активтерді қайтару деп атау – мүлде дұрыс емес» деген пікір білдірген.
Қазақстанның олигархтармен келіссөз жүргізіп жатқан Бас прокуратурасы да пікір беруден бас тартып, процестің құпиялығына сілтеме жасаған.
Мақала авторы еске салғандай, 2023 жылы Қазақстан үкіметі заң қабылдады. Ол заң бойынша тәуелсіздік алған 1991 жылдан бері мемлекеттік құрылымдармен байланысы бар адамдар иеленген 100 миллион доллардан асатын кез келген мүлік пен капитал тексерілуі тиіс. Бұл заң елдің бай адамдары арасында ішкі инвестициялардан бас тартуға итермеледі — олар активтерін мемлекет тартып алуы мүмкін деп қорқады.
Сондай-ақ мақалада Тимур Құлыбаевтың бұған дейін мемлекетке 230 миллион доллар төлегені жазылған. Егер келісім жасалса, бұл сома қайтарылатын жалпы көлемге қосылады.
Бұл сома — АҚШ-та тіркелген Argentem Creek Partners компаниясы мен Қазақстан арасындағы мұнай-газ активтері туралы дауға байланысты былтыр жасалған келісімнің бір бөлігі болған, дейді Bloomberg-тің дереккөздері.