arasha.kz

Тоқаев БАҚ саласындағы сыйлықтар мен гранттар тапсырды

Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтар мен гранттарын тапсырды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Баршаңызды бүгінгі Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күнімен құттықтаймын! Үздік журналистерді марапаттау шарасында Сіздермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Көпшілігіңізді сырттай танимын. Мақалаларыңызды оқып тұрамын. Еліміздің журналистика саласына жас мамандардың келіп жатқаны – өте жақсы үрдіс. Жазу стилі – ерекше, еркін, батыл, ұстанымы ашық тілшілер бұл кәсіпті жаңа деңгейге көтереді деп сенемін – деді Мемлекет басшысы құттықтау сөзінде.

Сонымен қатар ол журналистерге, өздеріңізге мәлім, осыған дейін менің Жарлығыммен бұл мейрам Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні болып белгіленді.

Отандық медиа жаңа кезеңге қадам басты. Қазір ақпарат тарату жылдамдығы, оның мазмұны, құралы – бәрі өте тез өзгеріп жатыр. «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп хакім Абай айтпақшы, журналистің осы өзгерістерге бейімделуі өте маңызды. Кеше ғана дәстүрлі және жаңа медианың бәсекесі туралы сөз қозғалушы еді. Ал бүгін сол сайттарды әлеуметтік желілер, мессенджерлер, платформалар ақпарат алаңынан ығыстырып жатыр. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Үкімет те, медиа менеджерлер де осы өзгерістерге дайын болуы қажет – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы қалам ұстаған қауым ел мүддесін көздейтінін айтты.

Әр заманның айтар сөзі, көздеген мақсаты болады. Қалам ұстаған қауым жеке басының немесе бір топтың емес, елдің мәселесін көтереді. Бұл – өткен ғасырда «Қазақ» газетінің аясында ұйысқан Алаш зиялыларынан бастау алған ұлы миссия. Осы міндетті абыроймен атқару үшін әр журналистің бойында ізденімпаздық, жауапкершілік және табандылық болуы қажет. Себебі ақиқат жолы – оңай жол емес. Ал журналисттің ақиқаттан айнуға құқығы жоқ. Шындық пен шынайылық басты қағида болуы керек. Яғни, ақпарат арнасы адалдық алаңына айналуға тиіс – деді ол.

Мемлекет басшысының 2023 жылғы 27 маусымдағы өкімімен:
Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары:
«31 арна» телеарнасының тілшісі Әлімжанова Ирина Советжанқызына;

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Балажан Абайға;
«Казахстанская правда» газетінің тілшісі Вологодская Галина Юрьевнаға берілді.
Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы гранттары:
«Orda. kz» ақпарат порталының тілшісі Астахов Илья Дмитриевичке;

«Хабар 24» телеарнасының тілшісі Балтабаев Әділ Серікұлына;
«Tengrinews. kz» ақпарат порталының тілшісі Дүйсенғұлова Рабиға Табиғатқызына;
«Qazaqstan» телеарнасы ақпараттық-сараптамалық дирекциясы директорының орынбасары Омаш Саламатқа тапсырылды.
Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Алғысы:
«Время» газетінің шығармашылық ұжымына;

«Қызылжар-Ақпарат» ЖШС-ның шығармашылық ұжымына;
«Kaztag» ақпарат порталының шығармашылық ұжымына;
«TDK-42» телеарнасының шығармашылық ұжымына жарияланды.

Arasha.kz

ФОТО: Ақорда

Exit mobile version