Тұңғыш президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген тақырыппен жарық көрген бағдарламалық мақаласы қоғамға үлкен серпіліс әкеліп, көптеген жаңа жобалардың дүниеге келуіне жол ашты. Мақала форматында ұсынылғанымен, бұл мемлекеттің стратегиялық қадамын нақтылайтын, алдағы күнге арналған жоспарларын жұмырлайтын салиқалы құжат ретінде мойындалып үлгерді. Соның нәтижесінде бүгінде қалың жұртшылыққа жақсы танымал болған «Туған жер», «Қазақстанның қасиетті географиясы», «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстанның 100 жаңа есімі», «Қазақ тілін латын қарпіне көшіру» атты қанатқақты жобалар жүзеге асырылып отыр. Ұлт болып ұйысудың, рухани жаңғырудың маңызы мен ықпалын көрсеткен бұл жобалардың ұрпақ тәрбиесіне, ел болашағына берері мол.
Әсіресе «Туған жер» жобасы көпшілік арасында кең қолдау тапты. «Таған жерге ту тігуді» армандап жүргендер үшін бұл жоба үлкен мүмкіндік еді. Бұл жобаны қолға алудағы басты мақсат – халықтың әлеуметтік жағдайы төмен тобын қолдау, барынша жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, жергілікті ерлердегі тарихи-мәдени мұраларды қорғау, инфрақұрылымдық нысандар салып, мектептерді жөндеуге, жандандыруға көмектесу. Осы жоба қолға алынған алғашқы жылы мецанаттардың қолдау көрсетуімен жалпы көлемі 51 млрд теңгеге 700-ге жуық нысан салынып, жөндеуден өткізілген. Ал екінші жылы осы жақсы іс жалғасын тауып 61 млрд теңгеге 450 нысан салынған. Бұл ресми дерек көздерін назарға ала отырып, есепке алынған шаралар ғана. Аталмыш тізімге ауыл-ауылға барып, бірігіп қаржы жинап, мешіт тұрғызып, спорт орталықтарын салып, мәдени шаралар ұйымдастыратын орындарды жөндеуден өткізіп жатқан белсенді жастардың әрекеті енгізілмегені ақиқат. Өйткені ұйымдасқан жастар өз әрекеттерін жарнамалауға, оны құзырлы орындарға көрсетуге ынталы емес. Оларға халықтың батасын алған, өз ауылының көркейгенін көру маңызды. Сондай ілкімді істер Алматы облысының Райымбек, Кеген аудандарында жиі жасалады.
Қос ауданның жастары нәпақасын қай өңірден, қай ауылдан тауып жесе де, түлектер күні болып белгіленген 25 мамырда туған жерге барып, өз көмегін беруді әдемі дәстүрге айналған. Айталық Райымбек ауданындағы Сарыбастау ауылы шекараға жақын орналасқан елдімекендердің бірі. Тек мемлекеттен бөлінетін қаржыға арқа сүйеп, үкіметтің көмегін ғана күтіп отырса бұл ауыл әлдеқашан азып-тозып кеткен болар еді. Бірақ, ауыл жастары бірігіп жыл сайын мектеп, әкімшіліктің жоқ-жітігін түгендеп келеді. Жағдайы төмен отбасыларға қолдау көрсетіп, азық-түлік себеттерін табыстау да бұл ауыл жастарының дағдысына айналған. Бұдан бөлек ауыл шетіне жасалған саябақ та әр жылғы түлектердің бірігіп жасаған жобасы. Қазір жан-жағы қоршалып, әртүрлі жеміс ағаштары, гүлдер өскен бұл бақша ауылға көрік беріп тұр. Ұрпақтар сабақтастығының үлгісі болып отырған бұл саябақты мектеп жастары тұрақты қамқорлығына алып, баптап, күтуде. Үлкендерден үлгі алған олардың да алдағы уақытта ауылға көрік болар жаңа жобаларға мұрындық болары күмінсіз.
Кеген ауданының Жылысай ауылының жастары да туған жерден қол үзбеген. Ауылдың түлектері мектепке арнайы бапкер тасып, балалардың күреспен кәсіби тұрғыдан тұрақты шұғылдануына көмек қолын созуда. Бапкердің ақысы, жол шығыны аға буынның мойнында. Ал сондай қамқорлықты көріп өскен жастардың чемпион болмауы, ауылдың жақсы атын шығармауы тіпті мүмкін емес. Осы ауылдың түлектері тартыла бастаған су басын тазалап, құбыр басын реттеуге де көмектескен болатын. Сонымен бірге, тозып, ескіре бастаған мешітті де әр жылғы түлектер арнайы қор қалыптастырып, күрделі жөндеуден өткізіп берді. Ай сайын ортақ қорға қаржы аударып тұратын түлектер теңіздің тамшыдан құралатанын өзз істерінен біліп, көріп отыр. Және қордағы қаржыға қатысты ашық есеп берілетіндіктен өз ақшаларының талан-таражға түспейтініне, сауапты іске жұмсалатынына сенімді.
Ауылдың түлектері былтырғы жылдан бері жинақталған қаржының басын құрап биыл тойхана салуды бастап кетті. Өйткені ауыл халқының аязды, жаңбырлы күндері ас бергенде қиналып қалатыны рас. Қуанышымен бөліскісі келгендердің де көрші ауылдардың тойханаларына күні түсіп жүрген еді. «Көп түкірсе көл», «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, айналдырған үш айдың ішінде аталмыш сарайдың да іргетасы құйылып, керегесі қаланып үлгерді. Соның бәрін жасап жатқан – ауылдың өз өрендері. Кісі жалдап, біреуге ақы төлегенде шаруаның бұлай дөңгелемесі белгілі еді. Міне, туған жерге деген сүйіспеншіліктің белгісі.
«Туған жер» жобасы осындай игілікті істерге жол ашты. Азаматтардың ауылға деген жанашырлығын оятты. Ендеше, рухани жаңғыру аясында қолға алынған бқл жоба алдағы уақытта да жалғасын таба берсе деген тілек бар.
Руслан Мәлікұлы
-
17.11.2024
-
16.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024