2025 жылдың 24 мамырынан бастап Қазақстанда тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу процесі жаңа деңгейге шықты. Бұған дейін әкімдіктер жүргізіп келген тұрғын үй кезегі енді orken.otbasybank.kz атты бірыңғай онлайн платформаға көшірілді.
Жаңа жүйенің арқасында кез келген Қазақстан азаматы жеңілдік категориясына жататын-жатпайтынына қарамастан өтініш бере алады. Басты талаптар:
- Соңғы 5 жыл ішінде Қазақстан аумағында тұрғын үйдің болмауы;
- Тұрғылықты баспананың апатты деп танылуы;
- Астана, Алматы және Шымкент қалаларында тұрақты тіркеудің кем дегенде 3 жыл болуы.
Жаңа платформа іске қосылған алғашқы үш күнде 1,16 миллион адам тіркеліп, 200 мыңнан астам өтініш қабылданған. Оның ішінде 83 мыңнан астамы сәтті тексеруден өтіп, кезекке қойылды.
Тұрғындар енді электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы өздері өтініш бере алады. Барлық мәліметтер мемлекеттік деректер базасынан автоматты түрде тексеріледі: отбасы құрамы, әлеуметтік санат, мүліктің бар-жоғы, тіркеу мекенжайы және тағы басқалары.
Сайт арқылы келесі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға болады:
- Тұрғын үй жалдау субсидиясы;
- Әкімдіктен жалдамалы пәтер;
- Төмен пайызбен ипотека (2%);
- Бастапқы жарнасы төмен тұрғын үй несиесі.
Ескерту: портал тек стационарлық компьютер арқылы жұмыс істейді. Мобильді құрылғылардан өтініш беру мүмкін емес.
Самал Асқар