Мемлекет басшысы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген.
Құжатта:
— тарихи-мәдени мұраны сақтау – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен басқа да ескерткіштерді қорғау;
— археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды реттеу;
— тарихи-мәдени мұраны қайта жаңғырту және ұлттық қолөнерді дәріптеу;
— қорғау аймағында биіктігі мен сәулеті үйлеспейтін ғимараттарды салмау;
— археологиялық ескерткіштердің резерватын құру;
— мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді инфрақұрылым және инклюзивті туризм құру арқылы қалада жайлы орта қалыптастыру;
— қаланың бірыңғай келбетін – сәулет ерекшелігін сақтау үшін дизайн код енгізу;
— тиімді басқару мен бақылау үшін әкімдік пен мәслихат өкілеттігін кеңейту;
— мемлекет тарапынан қолөнер шеберлерін қолдау мен көлік транзитін реттеу;
— туризмді дамыту және тұрмыс сапасын арттырумен қатар қаланың тарихи ерекшелігін сақтау қарастырылған.