arasha.kz

«Түркия мен Қазақстанның әскери одақ құруы әзірге мүмкін емес…»

Әзербайжан мен Армания арасындағы Таулы Қарабақ үшін шайқас түріктер тарапынан «Тұран» армиясын құру идеясын қайта тұтатты. Осы тақырыпта «Turkiy egazetesi» басылымы бірнеше сарапшының пікірін жариялады. Оның алдында Түркия қорғаныс министрі Қазақстанға келіп кеткен еді. Біз әскери одақ мәселесі төңірегінде сарапшы ойын білген едік.

 

 

Амангелді Құрметұлы, сарапшы, журналист:

– Тұран армиясын құру туралы идея түрлі елдерде, түрлі қоғамдық топтардың арасында бұрыннан көтеріліп келе жатқан мәселе. Тек соңғы кезде «Turkiy egazetesi» деген басылымда айырықша назар аударылып, профессор Kürşad Zorlu осы тақырыпты қозғады. Тұран армиясын құру – әзірге өте күрделі, орындалуы қиын дүние. Өйткені оның түрлі себептері бар. Саяси, мәдени, экономикалық себептерден бөлек, қоғамда оны жақтаушылар мен даттаушылардың да бар екенін ескеру керек. Осы тұрғыдан қарағанда, Қазақстан мен Түркияның әскери одаққа бірігуі әзірге мүмкін емес. Кемі 2040-2050 жылдарға дейін мұндай одаққа бірігу, қосылу мүмкін бола қоюы екіталай. Өйткені Қазақстанда мұндай одақтардың алғышарттары, іргетасы қалыптаспаған. Біріншіден, түркі халықтарының бір-бірінен ұзақ уақыт алыс қалу біршама кедергі болады. Екіншіден, төңіректегі ірі елдер: Ресей, Қытай, АҚШ және Иран мұндай одақты құрғызып қойып, қарап отырмасы белгілі. Сондықтан әскери ынтымақтастық мәселесіне сәл басқаша көзқараспен келу керек. 

Қателеспесем, осыдан бірнеше жыл бұрын Түркі кеңесі аясында түркі мемлекеттерінің антитеррорлық біріккен күшін жасақтау туралы мәселелер көтерілген. Оны тіпті Бакудегі жиналыста жоғарғы лауазымды тұлғалар да атап айтқан еді. Бірақ әлі күнге ондай ортақ күш құрылған жоқ. Ол біріккен күш қандай сипатта болады, немен айналысады деген сауалдарға әзір жауап жоқ. Меніңше, осындай нақты бастама көтерілген дүниелерді әрі қарай дамытып отыру керек. 

Қазақстанның Түркиямен әскери байланысында технология трансферті өзекті. Әрі қарай заманауи әскери технологиялар мен қорғаныс саласын дамытуда бірлесіп жұмыс істей берген дұрыс. 

Қазақстан бірнеше жерсерігін ұшырған ғарыш айлағы бар мемлекет болғанымен, бізде әлі күнге әскери мақсаттағы жерсерігі жоқ. Ал түріктерде әскери мақсаттағы екі жерсерігі бар. Одан да көп болуы ғажап емес. Елдің әскери мақсаттағы жерсерігінің болуы мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттырады. Мәселен, біз түріктердің «Байрақтар» деп аталатын ұшқышсыз ұшатын аппараттарын көріп отырмыз. Бірақ түріктерде одан да қуатты дрондар бар. Және оларды жерден емес, жерсерігі арқылы басқарудың мүмкіндігі бар. Демек бұл тұрғыда түріктердің бірқатар артықшылықтары бар екенін ескеруіміз керек. 

Сонымен қатар, Қазақстанның қорғаныс технологиясы саласында да біраз жетістігі бар екенін мойындауымыз керек. Менің білуімше, «Қазақстан ғарыш сапары» компаниясында әскери дрондарға қарсы әрекет ете алатын арнайы құрылғылар жасалып, сынақтан өткізіліп жатыр. Бұл – қорғаныс үшін өте қажет. Сондықтан әскери одақ құрғаннан гөрі әскери технология жасау жағынан бірлесіп жұмыс істеу әлдеқайда тиімді болар еді деп ойлаймын (Қазақстан мен Түркия арасында әскери ынтымақтастық туралы келісім бар, 2018 жылы Анкарада қол қойылған құжат. ред).

Біз қазір ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы туралы көп дүрлігіп жатқанымызбен, Армияндар осы ұйымнан үміт күтіп отырғанымен шешуші сәтке келгенде бұл ұйымдағы кемі төрт мемлекет Таулы Қарабақ мәселесі араласа қоймайды. Мұның өзі  әскери одақтың біз ойлағандай, біз күткендей тиімді бола қоймасын байқатып отыр. Әскери одақ деп дабырайтқаннан гөрі нақты іс-әрекет кезінде бірлесіп қимылдау техника, адам күші, қаржы мәселесін келісімдер арқылы шешіп алған әлдеқайда тиімді. 

Exit mobile version