Жұмыс берушілер тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен қызметкерге төлемсіз демалыс беруге міндетті. Бұл туралы Еңбек Кодексінде жазылған.
«Жұмыс беруші қызметкерге тұрмыстық зорлық – зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарда болған кезеңде жалақысы сақталмайтын, бірақ күнтізбелік отыз күннен аспайтын демалыс беруге міндетті», – делінген түзетуде.
Жалақысы сақталмайтын демалыс қызметкердің жазбаша хабарламасы негізінде оның ұзақтығы көрсетіле отырып және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету туралы шарттың көшірмесі ұсыныла отырып беріледі.
Сондай-ақ, кодекске Ұжымдық шарттың мазмұны мен құрылымына қатысты толықтыру енгізілді.
Атап айтқанда, ұжымдық шартқа үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар ата-аналарға және өзге де заңды өкілдерге, сондай-ақ медициналық қорытындыға сәйкес отбасының науқас мүшесін күтуді жүзеге асыратын қызметкерлерге кепілдіктер мен жеңілдіктер туралы жұмыскерлер мен жұмыс берушінің өзара міндеттемелері енгізілуі мүмкін.
Түзетулер 2024 жылғы 16 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі.