arasha.kz

Ұялы байланыс операторларына қатысты тексеріс басталды

Елімізде Kcell, Tele2, Altel және Beeline компанияларына қатысты тергеу басталды.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі абоненттердің бағаны көтеру туралы өтініштерін қарау аясында биыл тарифтік жоспарлардың шарттары мен ұялы байланыс қызметтеріне бағаның өзгеру динамикасын талдады.

2023 жылы ұялы байланыс операторларының тарифтік жоспарлары бойынша бағаның 7,7%-дан 57,3%-ға дейін айтарлықтай өсуі тіркелгені анықталды. Осылайша, 2023 жылдың мамыр-шілде айлары аралығында ғана ұялы байланыс операторлары өздерінің ресми сайттарында ақпаратты жариялап, ай сайынғы абоненттік төлеммен 30-дан астам тарифтік жоспарда көрсетілетін қызметтердің құнын бірінен соң бірі көтерген.

«Осыған байланысты, Кәсіпкерлік кодекстің 199-бабының 3-тармағын ескере отырып, бір күнтізбелік жылда бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекеттердің белгілерін қайта анықталуына байланысты Агенттік Кәсіпкерлік кодекстің 170-бабы бойынша қазір «Кселл» АҚ, «МТ–С» ЖШС (Tele2/Altel) және «Кар-Тел» ЖШС (Beeline) ұялы операторларына қатысты тергеп-тексеруді бастады», – делінген агенттік хабарламасында.

Сонымен қатар бұған дейін Агенттік ұялы байланыс операторларының бір минут сөйлесулердегі қоңыраулардың құнын және тарифтік жоспарлардағы бір SMS-ті белгілеу жөніндегі әрекеттерінде бәсекелестікке қарсы келісілген іс-қимылдардың белгілерін (Кәсіпкерлік кодекстің 170-бабы) анықтаған еді.

«Осыған байланысты ұялы байланыс операторларына бағаны негізді төмендету жолымен анықталған белгілердің тоқтатылғаны туралы хабарлама жіберілді. Ұялы операторлар хабарламаны белгіленген мерзімде орындамаған жағдайда Агенттік тергеп-тексеру жүргізу туралы да шешім шығарады», – деп қосты агенттік.

Exit mobile version