arasha.kz

Үкімет құны $1,5 млрд болатын мыс балқыту зауытын салу туралы келісімге қол қойды

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов және China Nonferrous Metal Mining Co. Ltd. Директорлар кеңесінің төрағасы Си Чжэнпин мыс саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Кездесу нәтижесінде ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің қатысуымен жылдық қуаты 300 мың тонна болатын мыс балқыту зауытын салу туралы келісімге қол қойылды. Келісімге тапсырыс беруші ретінде әрекет ететін «Kaz Minerals Smelting» ЖШС, технологиялық жабдықты жобалау және сатып алу қызметтерін жеткізуші компания China Nonferrous Metal Industry’s Foreign Engineering and Construction Co., Ltd. (NFC), сондай-ақ құрылыс және іске қосу-жөндеу жұмыстарының мердігері «NFC Kazakhstan» ЖШС компаниялары арасында қол қойылды.

Зауыт Абай облысындағы Ақтоғай кентінің маңында салынады. Шикізат көзі Бозшакөл және Ақтоғай тау-кен байыту кешендерінің, «Шығыстүстімет» ЖШС байыту фабрикаларының мыс концентраты болмақ. Зауыт құрылысының қорытындысы бойынша әлемдегі ең ірі мыс кеніштерінің бірін және қазіргі заманғы мыс балқыту өндірісін біріктіретін кластер құрылатын болады. Алдын ала құны $1,5 млрд болатын жобаның пайдалану кезеңінде 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Жоба 2028 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.

Жоғары технологиялық өнім шығаратын кәсіпорын республикадағы ең ірі өндіріс орнына айналмақ. Мыс балқыту өндірісі саласында қолданылатын технологиялар әлемдік экологиялық стандарттарға сәйкес келеді.

Кәсіпорын нарықтың құрамында мыс бар шикізат пен катодты мыс өңдеуге деген ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етеді. Айта кету керек, катодты мыс электр энергетикасында, машина жасауда және басқа да өнеркәсіп салаларында кеңінен қолданылады. Сонымен қатар жаңа зауыт тазартылған алтын, күміс және күкірт қышқылын шығаруды жоспарлап отыр.

«Мемлекет басшысы орнықты экономикалық өсім міндетін қойды. Жаңа мыс балқыту зауытының құрылысы – елімізде өндірілетін мыс шикізатын қайта өңдеу көлемін арттыруға мүмкіндік беретін және экономикаға елеулі үлес қосатын ірі индустриялық жоба. Мыс саласы біздің өнеркәсіптің басым секторларының бірі және біз үшін оның қарқынды дамуы өте маңызды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Анықтама: China Nonferrous Metal Industry’s Foreign Engineering and Construction Company Ltd («Non Ferrous China») – акциялары Шэньчжэнь қор биржасында айналымдағы, мемлекет бақылайтын компания. Халықаралық жобалау мердігерлеріне және түсті металдар ресурстарын әзірлеуге қатысады. NFS Қытайдан тыс жерлерде түсті металдарды өндіру және өңдеу бойынша тау-кен активтеріне инвестиция салған алғашқы Қытай компаниясы, сонымен қатар ҚХР-да тау-кен жобаларына иелік етеді. Әлемнің 20-дан астам елінде іскерлік қызмет жүргізеді. NFC Kaz Minerals-дың Бозшакөл, Ақтоғай және Бозымшақ жобаларында жетекші мердігер болды.

Exit mobile version