Ұлттық құрылтайдың жылдан жылға маңызы да артып, ел ішіндегі беделі де биіктеп келеді. Себебі, алғаш ұлт ұясы Ұлытауда басталып, кейіннен рухани астанамыз Түркістан төрінде өткен, күні кеше Атырауда жалғасқан Ұлттық құрылтай жиындарында ұлттың ертеңіне қатысты толғақты мәселелер талқыға түсіп, нақты тапсырмалар жүктелгеніне халық куә.
Міне, осы ұлтқа сауын айтып, елдік мәселелерді көтерген маңызды басқосулар отандық заңдық базаның да жаңа құжаттармен толығуына ықпал етті. Бұл заңнамалардың басында жақында қолданысқа енгізілген «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы тұр. Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қатерлі індет екеніне тоқталып, аталған мәселеге тосқауыл қою үшін қоғамда заң мен тәртіптің қатаң сақталып, зорлыққа қарсы иммунитет қалыптасуы қажеттігін атап өткен болатын. Көпшілік пікіріне құлақ асқан Президенттің осы маңызды жиында: «Адамға әлімжеттік көрсету, қорлау дұрыс емес. Азаматтарымыз үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бір сөзбен, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда заң үстемдігі болуы қажет», – дегені есімізде.
Әлімжеттік пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өскені кімді де болса бейжай қалдырмайды. Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін қоғамдық тәртіпті сақтап, отбасылық тыныштықты қорғау міндеті жүктелген құрылымдар жұмысы пысықталды. Сонымен бірге, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтуды көздейтін жаңа заң қолданысқа енгізілді. Мысалы бұған дейін тұрмыстық зорлық-зомбылыққа Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекск бойынша жауаптылық белгіленіп келген еді. Осылайша отбасының тыныштығын бұзғандар, әлімжеттік көрсеткендер енді әкімшілік айыппұлмен шектелмейтін болды. Жаңа заңның қабылдануымен денсаулыққа залал келтіргендер мен жақындарын ұрып-соққандардың ісі енді Қылмыстық кодекс шеңберінде қаралып, оларға белгіленетін жаза айтарлықтай қатаңдатылды. Нақты салыстыратын болсақ, бұрын денсаулыққа қасақан жеңіл зиян келтіргендерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-1 бабына сай он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл тағайындалатын. Ал жаңа өзгерістерге сай, діл осындай әрекеті үшін ісі сотта қаралғандарға Қылмыстық кодекске енгізілген 108-1-бабына сай 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынып не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу жазасы белгіленеді.
Міне, осыдан-ақ Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселенің заңдық шешімін тапқанын, әйелдер мен кәмелетке толмаған балалар құқығын қорғауға қуатты негіз қалағанын айтуға болады.
Ұлттық құрылтай балалар мен жастардың болашағы, оларды зорлық-змбылықтан қорғап қоймай, теріс жолға түсуіне жол бермеу мәселесін де әр жыл сайын көтеріп келеді. Былтыр мәселен ұлттың болашағына орасан зор зиян келтіріп жатқан «вейптердің» таралуына тосқауыл қою мәселесі таразы басына салынған болатын. Расында бұл мәселенің Ұлттық құрылтай деңгейінде көтерілуінің мәні бар. Кейінгі кездері жастардың басым бөлігінің вейптерге әуес болып кеткені көпшілікті уайымдатпай қоймайды. Үлкендерді былай қойғанда, оқушылар арасында электронды темекіні пайдаланудың сәнге айналуы дабыл қағарлық жағдай. Статистика орталығы ұсынған зерттеулер көрсеткендей, Алматыдағы 21 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен балалардың 80,5%-ы, ал астаналық жасөспірімдердің 83,3%-ы апта сайын вейп сатып алып, пайдаланады.
Өкініштісі сол, айналасына еліктеген жастар вейптің ағзаға қаншалықты зиян екенін білмейді. Вейптар құрамындағы никотин тәуелділікке алып келеді. Оның түтіндеріндегі канцероген сияқты улы қосылыс ағзаға теріс әсер етіп, ми, жүрек-тамыр жүйесі, есту, көру, қалқанша безінің қызметі, тері және орталық жүйке жүйесін бұзады. Вейптардың ашық жарнамаланып, кез келген жерде сатылуы да тұтынушылар қатарын еселеп өсіргені белгілі. Ұлттық құрылтай мінберінде көтерілген осы мәселеге орай заңдық тетіктер жетілдіріп, нәтижесінде Мемлекет басшысы Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға биылғы жылдың 19 сәуірінде қол қойды. Заңнамаға енгізілген жаңа 301-1-бабына сай «Шегілмейтін темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымына» шектеу қойылған. Айталық, заңдағы өзгерістрге орай енді вейптер мен оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтарды сатқандар мен таратқандарға екі жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынып не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу жазасы белгіленеді. Ал мұндай залалды затты әкеліп, өндіргендердің мүлкі тәркіленіп немесе онсыз, екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл арқалайды. Бұл қылмыстарды қайталап жасағандар мен қылмыстық топ болып, аса ірі мөлшерде кіріс алу мақсатында, бірнеше рет жасағандардың жазасы тіпті ауыр. Олардың мүлкі тәркіленіп қана қоймай, сонымен бірге, бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл белгіленуі қарастырылған. Айыппұлға балама жаза ретінде түзеу жұмыстарына тарту, не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастыралытынын да айта кеткеніміз жөн.
Ұлттық құрылтай осындай ұтымлы заңдардың тәжірибеге енгізілуіне бастамашы болды. Десек те, бұл заңдар тәжірибеде дұрыс қолданылып, құқық бұзушылықтар кеміген кезде ғана құрылтай өз мақсатына жетеді. Сондықтан, әр адам заңнаманың сақталуына, заң бұзушылықтың орын алмауына мүдделілік танытуы тиіс. Вейп туралы жарнаманы көре тұрып өтіп кету – қылмысқа болысумен бірдей. Немесе отбасылық зорлықты көре тұрып араша түспеу, тиісті орындарға хабарламау да қылмыстың асқынуына жол берумен бірдей. Ендеше, Ұлттық құрылтайдағы айтылған мәселелердің тиянақты орындалуына баршамыз атсалысқанымыз жөн.
-
08.10.2024
-
08.10.2024
-
08.10.2024
-
08.10.2024
-
08.10.2024
-
08.10.2024
-
08.10.2024
-
08.10.2024
-
08.10.2024