24-06-24 |
7180 рет қаралған
Ұлытау облысында ауқымды тазалық акциясы өтті.
Ұлытау облысында ауқымды тазалық акциясы өтті

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Ұлытау облысында ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Бұл күні облыстың барлық қала, аудандарында тазалық акциялары өтті.

Ауқымды акцияның басты мақсаты – аумақтарды тазалаумен қатар, тұрғындардың қоршаған ортаға ұқыпты қарау қажеттілігіне назар аударту.  Тазалық шараларына қатысушылардың барлығы жоғары белсенділік көрсетті. «Жасыл ел» еңбек жасақтары да осы күні белсенділігімен ерекшеленді. Экологиялық іс-шараларға қатысушылар арасында жергілікті билік, қоғамдық ұйымдар, студенттер, белсенділер және қарапайым тұрғындар бар. Акцияға барлығы 245 ұжымнан 2000-нан астам адам мен 68 арнайы техника жұмылдырылды. Барлығы 70 тоннадан астам қоқыс шығарылды.

Облыс бойынша барлығы 483 аула, 24 саябақ пен сквер, 61 тарихи-мәдени ескерткіш аумағы тазартылып, 138 әлеуметтік нысан аумағы қамтылды.

Жезқазған қаласында қала тұрғындары мен еңбек ұжымдары негізгі көшелер мен саябақ, скверлерді тазартты. Жасыл желектерге күтім жасалып, гүлзарлар ретке келтірілді.

Ал, Сәтбаев қаласының еңбек ұжымдары өндірістік мекемелердің аумағын тазалап, сырлау, әктеу жұмыстарын атқарды. 

«Қаламызда таза бейсенбілік, сенбілік өткізу дәстүрі бұрыннан бар. Сондықтан да, «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы қала тұрғындары оған белсенді қатысуда. Бүгін де барлық еңбек ұжымдары, қала халқы бастамамызға қолдау білдіріп жатыр», – дейді “Жастар болашақ” жастар қозғалысының төрағасы Луиза Минбаева

Қаражал қаласының тұрғындары да өз аулаларын тазалап, рұқсат етілмеген орындарға төгілген қоқыстарды арнайы полигонға шығарды.

Облыстың Жаңаарқа, Ұлытау аудандарында тазалық акциясы бұлақтар айналасы мен өзен жағасында өтті. Мәселен, Ұлытау ауданының тұрғындары «Күмісбұлақ», «Тасбұлақ» бұлақтарының айналасын тазартып, бұлақ басына келушілерге қолайлы жағдай туғызу мақсатында абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Жаңаарқалықтар Сарысу өзенінің бойын қоқыстан тазалап, жағажайларды ретке келтірді.

Сондай-ақ қалалардағы көпқабатты үйлердің тұрғындары да аулаларын жинап, ретке келтірді. Тазалық акциясына пәтер иелері кооперативтері жетекшілік жасады.

Тазалық акциялары аясында облыстың қала мен аудандарындағы әкімдіктердің жауапты мамандары жергілікті аумақтардағы көшелерді аралап санитарлық тазалықты тексерді. Санитарлық тазалықты сақтамаған, абаттандыру ережесіне сәйкес келмейтін нысандардың иелерімен тілдесіп, кемшіліктерді қысқа мерзімде түзеу қажеттігін айтып, ескерту жасады. Ғимараттар алдын тазалау, аумақты абаттандыру сияқты жұмыстар жүргізу тапсырылды. Сонымен қатар, коммуналдық мекемелер басшыларына қала-аудан көшелерін, жаяу жүргінші жолдары мен аялдама аумақтарын тазарту және қоқыстан арылту жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.