Жақында «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигiзетiн ақпараттан қорғау туралы» Заңның қабылданғаны белгілі. Бұл құжатты халық көп күтті. Рейтинг үшін ақпараттарды, фильмдерді, бағдарламаларды, түрлі ток шоуларды еш сұрыптаусыз эфирге беретін ақпарат құралдарына осы заң арқылы белгілі бір шектеулер қойылатынына көпшілік сенімді еді. Өйткені, бақылаусыз қалған балалардың психологиялық қиындыққа тап болып, ата-анасынан алыстап кеткенін күнделікті өмірдегі көріністер дәлелдеп отыр.
Бүгінде ғаламторды ермек етпейтін бала жоқтың қасы. Смартфон мен компьютерге жіпсіз байланған жасөспірімдердің жаңа заман жетістігінен ажырағысы жоқ. Ғаламтордың бала тәрбиесіне араласуының зиянды екенін апйтқан мамандар қоғам назарын аударуға күш салып-ақ жатыр. Осыған дейін балаларымыздың зиянды ақпараттардан мүлдем қорғалмағанын зерттеу анықтап берген еді. Зерттеуге сай еліміздегі жасөспірімдердің жартысынан астамы ғаламторда тұрақты отыратыны және балалардың 70 пайызының порносайттарды көргенді жақсы көретінін де жаһандық талдау орталығы айқындап берді. Бұдан бөлек, осы статистикалық деректер ғаламторды ересектерден гөрі жасөспірімдердің көп қолданатындығын дәлелдеген. Сондай-ақ, жасөспірімдердің 66 пайызы бір рет болсын порносайттарға кіргісі келгенін, 51 пайызы осындай чаттарда тұрақты отыратынын және тағы 30 пайызының онлайн түрде құмар ойындар ойнайтынын анықтаған.
Қазақстандық жасөспірімдердің ғаламторда негізінен қандай дүниелерді көретіні белгілі болған соң мамандар зиянды ақпаратқа арнайы заң арқылы шектеу енгізу қажеттігін мәселе етіп көтергені белгілі. Елімізде орташа есеппен бір қолданушы жылына қауіпті контентті 121 рет іздейді екен. Бұл көрсеткіш әлем бойынша есептелген сұранымдардан алты есеге көп болып отыр. Балаларымыздың ғаламторға кіре сала нені көргісі келетінін осыдан-ақ бағамдауға болады. Сонымен қатар, Қазақстандағы балалар «ішімдік, темекі, есірткі» категориясындағы сайттарға қызығатын болып шықты. Бұл ғаламтордан 107 сұранымға сәйкес келген. Жасөспірімдер төбелесі, оқушылардың әлімжеттігі, сексуалдық күш көрсету секілді ғаламтордан көрген әрекеттерін көп жағдайда қайталағысы келетіндер де аз емес. Мұны мамандар да растаған.
Сондай-ақ, әлеуметтік желі арқылы кіммен сөйлесіп отырғанын білмейтін жасөспірімдер, қылмыскер құрбанына да айналған оқиғалар елімізде кездесіп отыр. Тіпті әлеуметтік желілерде балаларды өзін-өзі қол жұмсауға шақыратын топтар пайда болып, үйімізден бірнеше шақырым қашықтықта отырып-ақ үстемдігін жүргізіп, айтқанын қылдыратындар пайда болған еді. Осыған орай, үйімізде тұрған қатерлі тәрбие құралына бақылау, қадағалау, шектеу қажет екені байқалған болатын. Ендеше, «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигiзетiн ақпараттан қорғау туралы» Заңды дер кезінде қабылданды десек артық емес.
Алайда, біз енді қолға алып жатқан мәселе басқа елдерде осыдан жиырма жыл бұрын шешімін тауып қойған болатын. Мәселен Қытайда 1992 жылы «Кәмелеттік жасқа толмағандарды қорғау туралы» заңы бойынша, кәмелеттік жасқа толмағандарды зиянды әрекеттерден, әсіресе, ғаламторға тәуелділіктен қорғау ата-ананың міндеті ретінде бекітілген. Аталмыш ел ғаламтор қызметіне ерекше көңіл бөлетін және реттейтін бірден-бір мемлекет. Тіпті, бұл елде бірқатар әлеуметтік желілер мен сайттарды пайдалануға тосқауыл қойылған. Балалар түгілі, үлкендердің өзі ғаламторда қалағанын көріп отыра алмайды. Сондай-ақ, 2004 жылы ғаламтордағы заңсыз материалдарға қатысты Қытай шағым жасау орталығы құрылды. Орталық кәмелеттік жасқа толмаған балаларды заңсыз және зиян ақпараттардан қорғауды мақсат етеді.
Жасыратыны жоқ, елімізде қолданылатын ВК әлеуметтік желісіндегі түрлі ағымдардың топтары азаматтарымыздың түзу жолдан тайып, жат ағымдардың жетегінде кетуіне себеп болған еді. Бұл кез келген арам пиғылды адамның түрлі топтарды ашып алып, өз мүддесіне орай жұмыс істетіп, басқаларды өз жетегіне оңай тарта алатынын көрсетті. Осы орайда жасөспірімдерді адастыратын топтары көп «Вконтакте» әлеуметтік желісін бұғаттау артықтық етпес еді. Алайда, бұл мәселе мамандар тарапынан бірнеше рет көтерілгенімен, әзірге аталмыш желіні толығымен бұғаттауға мүмкін болмай отыр.
Дегенмен, мамандарымыз қарап отырмай осы бағытта жұмыс істеуде. Сондықтан желіде балалар мен жасөспірімдерді қауіп-қатерлерден қорғау үшін қауіпсіз сайттардың тізімін жасау қажеттілігі туындады. Соған орай жақында мамандарымыз балалардың психологиялық, физикалық тұрғыда толыққанды дамуына мүмкіндік беретін, тәрбиелік маңызы, тақырыбы мен мазмұны жағынан талапқа сай келетін 3556 сайт іріктеліп алынған. Ол сайттардың 500-і қазақстандық. Ниет білдіргендер сайт тізімін тапсырыс арқылы алып, қолдана алады. Жасыратыны жоқ, елімізде жұмысбасты ата- аналар балаларына сол сайттарды тапсырыспен алып, қадағалап отыра бермейтіні анық. Сондықтан кіруге тиіс сайттарды іріктеп алғаннан гөрі, Қытай секілді қажет емес сайттарды бұғаттап тастау әлдеқайда дұрыс секілді.
Осы орайда айта кетер жайт, ғаламтордан ғана емес, балаларымызды теледидардан да қорғау қажеттілігі сезіледі. Жақында көрші өзбек елінде әдепсіз бағдарлама көрсеткені үшін телеарна жұмысына тыйым салынды. Самарқан қаласында орналасқан STV телеарнасы 21-шілде күні американдық «Я – легенда» атты бағдарламасын көрсеткені үшін осындай жазаға кесілген. Аталмыш бағдарлама Өзбекстан аумағында көрсетілмеуі тиіс ақпараттар тізімінде болып шыққан. Сондықтан 27-шілдеден бастап STV арнасы өз жұмысын тоқтатты. Көрші елдің зиянды ақпараттарды ауыздықтауға келгенде аса әбжілдігі байқалады.
Елімізде әдепсіз бағдарламалар түгілі, әншілердің бейәдеп клиптері де, үлкендер ғана көруі тиіс кинолар да күндіз-түні емін-еркін көрсетіле беретінін ескерсек, теледидардың да тәрбие бұзар құрал екенін мойындайсың.
Қуаныш Қалбай