Жастарды қолдаудың мемлекеттік механизмдері Қазақстанда дұрыс жолға қойылған. Жас буынның белсенділігін көтеріп, ынтасын арттыратын шаралар материалдық тұрғыдан ғана шешемін таппаған. Сонымен бірге, бұл игі істер арнайы заңда да айшықталғанын атап өтуіміз керек. «Мемлекеттiк жастар саясаты туралы» заң 2015 жылдың 9 ақпанынан бері қолданылып келеді. Құжат арқылы мемлекеттік жастар саясаты саласында орын алатын мәселелерді шешу, қарым-қатынасты реттеу мақсат етілген.
Заңда жастар саясатының басты міндеттері мен мақсаттары жан-жақты дәйектелген. Мұндағы негізгі меже жастардың құқығы мен мүддесін мінсіз қорғауға, оларды елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне тартуға, патриоттық сезімін нығайтуға бағытталған. Ал отаншыл ұрпақ қалыптастыру үшін баланы жастайынан адалдыққа, еңбекқорлыққа, мейірімділікке тәрбиелеп қоймай, мемлекеттің де олардан қамқорлықты аямайтынын ұғындыру шарт. Соған орай мемлекеттік жастар саясаты жастарды сапалы біліммен қамтамасыз ету, ғылымға бағыттау, денсаулығын нығайту, жұмыспен қамту, жастардың кәсіпкерлік қабілетін шыңдау, жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар жүргізіп келеді. Жастарды ынталандырудың да маңызы зор. Сондықтан ғылымда, өнерде, спортта, саясатта, білімде өзіндік болмысымен танылған, үздік екенін дәлелдеген жастарды ынталандыру, өзгелерге үлгі ету мақсатында «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы тағайындалады. Дарынды жастарды іріктеп, жұлдызын жарқырататын бұл сыйлықты жас буынды ерлікке, ізденіске жетелейтін тетік десек шындықтан алыстай қоймаймыз.
Мемлекеттік жастар саясатын жүргізу, кейінгі буынның дамуына үлес қосу барлық құзырлы орын атқаруы тиіс жұмыстың бірі. Осы ретте жастардың белсенділігін көтеріп, рухтас, пікірлес жандарды бір ортаға біріктіруде республикалық және өңірлік жастар форумдарының атқарып отырған қызметі орасан. Бұл жиындар өз кезегінде орталық мемлекеттік органдар мен жастар арасындағы алтын көпірді жандандырып, өзара диалог орнату үшін, бірігіп іс-қимыл жасау үшін керек.
Заңға сәйкес, бүгінде жастар саясатына қатысты жұмыстардың басында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі консультативтік-кеңесші орган тұр. Орталық атқарушы органдарда үкіметтік емес ұйымдармен, оның ішінде жастар ұйымдарын тарта отырып, өзара іс-қимыл жасау және ынтымақтастық жөніндегі кеңестер құруға бастамашылық жасайды. Республикалық деңгейдегі жұмыстар заң талабы бойынша мұнымен шектелмейді. Бүгінде негізгі құжатқа сүйене отырып еліміздің облыс орталықтарында, ірі қалаларында Жастар ресурстық орталықтары бой көтеріп, тыңғылықты жұмыс жүргізуде. Оларға жастар мен жастар ұйымдарын қолдау және дамыту үшін қызметтер көрсету жүктелген. Сонымен қатар, бұл орталықтар жастар тарапынан көтерілген озық бастамаларды ақпараттық-әдістемелік, консультациялық сүйемелдеуді, қолдауды, әрі жастар арасындағы ахуалдың мониторингін жасауды міндетіне алған. Жастар ресурстық орталығы бэджет есебінен қаржыландырылатындықтан, жобасын ұсынып, қолдау сұрағандарға өз қызметін тегін ұсынады.
Бүгінде озық ойлы жастарға, креативті идеяларға қажеттілік туындап отыр. Себебі заманауи технологияның көмегіне сүйенген елдердің табиғи байлығына ғана иек артқан елдерден алға шыққанын тәжірибе көрсетуде. Әлемдік көштен қалмау үшін Қазақстанға да жастардың біліміне, ғылыми жетістіктеріне көңіл бөлу, ерекше ұсыныстарды назардан тыс қалдырмаған маңызды. Сған орай құрылған «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының да келешегінен көп үміт күтеміз. Бұл орталық мемлекеттік жастар саясатын іске асыруды ғылыми негізде қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылған болатын. 2015 жылы негізі қаланған бұл құрылымның да қолдауын талай ғылымға құштар жастар көріп келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз.
Заң әлеуметтік тұрғыда қорғалмаған, құзырлы орындардың көмегіне арқа сүйейтін жастарды да назардан тыс қалдырмаған. Соған орай, әлеуметтік орталықтардың жұмысы ұйымдастырылып, олар бес жылдан бері өмірлік қиын жағдайда тап болған, арнаулы білім беру ұйымдарынан және ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдарынан оралған, психологиялық зиянды дәрілер тұтынудан қалыпты өмірге орала алмаған, денсаулық жағдайына байланысты тұрақты қолдауды қажет ететін жастарға психологиялық-педагогикалық, медициналық-әлеуметтік, заң көмегін және консультация беруді жүзеге асырып келеді.
«Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң халықаралық ынтымақтастыққа да мән берген. Соның шеңберінде жастар мен жастар ұйымдары Қазақстан Республикасы мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымдардың қызметіне жас буында тарту бойынша, үздік халықаралық жобалар төңірегінде тәжірибе алмасу, достық және іскерлік қарым-қатынастарды дамыту тұрғысынан ауқымды шараларға мұрындық болып жүр.
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024