«Зейнетақы қорының қаржысы ақталмайтын жобаларға жұмсалып жатқаны және біршама жылдан кейін қорда ақша таусылатынын» болжаған экономист Айман Тұрсынхан өзіне «қысым жасалып жатқанын» айтады. Ол Бас прокуратураға «жеке бас қауіпсіздігіне алаңдап» шағым түсірген.
Қазанның 12-сінде қазақстандық басылымдардың бірінде экономист, Eximar форсайтинг агенттігінің директоры Айман Тұрсынханның «5 жылдан кейін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) зейнеткерлерге берері болмайды» деген тақырыппен сұхбаты шықты.
«СӨЗІН ЖОҚҚА ШЫҒАРМАСА, СОТҚА БЕРЕМІЗ»
Экономист сұхбатта «Зейнетақы қорындағы қаржы қаупі тым жоғары облигацияларға, құлдыраудың алдында тұрған банктерге және бюджет дефицитін жамауға жұмсалады. Салымшылардың қаржысы жұмыс істемейді. Қордан ақша алатындар саны бес жылдан бері өсіп келеді. 2015 жылға дейін зейнетақы қоры салымдарды жинап келсе, енді жыл сайын қаржының 30 пайызын жұмсайтын болды. Жаңа салымшылардың келуі бәсең. Бұл таяу бес жылда БЖЗҚ-ның ақшасының таусылуына әкеп соғады» дейді.
Әлеуметтік желіде қызу талқыланған мақалаға екі күннен кейін, қазанның 14-інде, Ұлттық банк өкілі реакция білдірді. Орталық банктің қаржылық қызметтерді пайдаланушылар құқығын қорғау жөнiндегi департаменттің директоры Александр Терентьев сарапшының сөздерін жоққа шығарған.
Әлеуметтік желідегі постында ол «зейнетақы қорындағы қаржы бюджет дефицитін бүтіндеуге жұмсалмаған. Қор қаржысы инвестиция ретінде жедел және толық қайтару принципімен беріледі. Қор түсімдері зейнеткерлерге төленуі тиіс сомадан төрт есе көп. Банктерге берілетін ақша былтырмен салыстырғанда азайды» деп жазады.
Терентьев желідегі жазбасын «Сарапшының бұлай деуі негізсіз. Есебін көрсетуді, я басылымдар арқылы сөзін терістеуін сұраймыз. Олай етпеген жағдайда Ұлттық банк сотқа шағымданады» деп аяқтаған.
Ұлттық банк бұдан кейін тағы бір рет «сотқа шағымданамыз» деп экономиске ескерту жасады. Қарашаның 1-інде Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев «Айман Тұрсынхан зейнетақы қорының ақшасы банктерді инвестициялауға жұмсалды” деген сөзін жоққа шығармаса, сотқа жүгінеміз» деді.
«МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАР ҚЫСЫМЫ»
Кейбір тұжырымдарына орталық банктің төрағасынан бастап кеңесшілеріне дейін, біраздан соң зейнетақы қорының өзі пікір білдірген зерттеу авторы, экономист Айман Тұрсынхан қазанның 30-ында Бас прокуратураға шағымданғанын хабарлады. Соңғы уақытта «балаларыңызды уайымдамайсыз ба?», «қорықпайсыз ба?» деген сипаттағы xаттар жиілегенін айтқан маман «шағымдануыма жеке басыма және кәсібіме төне бастаған қауіп себеп» дейді.
– Менің берген сұхбатымды «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы (сот шешімімен экстремистік деп танылған – ред.) өздерінің видеосында пайдаланыпты. Видео жарияланған соң маған біреулер телефон соғып, «сен ДВК-ның мүшесісің, абақтыға қамалуың мүмкін» деді. Мұндай провокациялардың кәсібіме кесірі тимесі үшін Бас прокуратураға шағымдандым, – дейді сарапшы.
Ол «қысым көбіне мемлекеттік органдар тарабынан жасалып жатыр» деп санайды.
– Сұxбат бергенім сол еді, зерттеу компанияма тапсырыс берушілер ақша төлеуін доғарды. Алматы әкімдігі, мәселен, 3 миллион теңгемді төлеген жоқ. Ұлттық экономика министрлігінің аймақтық даму кеңесінде біраз жыл істедім. Сұхбаттан кейін маған «бұдан былай кеңес мүшесі емессіз» деді. Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі цифрландыру кеңесінің мүшесі де едім, одан да шығарды. Нақты билік тарабынан маған бойкот жарияланып, қысым болып жатыр, – дейді экономист Азаттыққа.
Айман Тұрсынxан «билікшіл сарапшылар мен блогерлер де ашық айыптауларды қарша боратқанын» айтады.
– Мемлекеттік арналардың бірі зейнетақы қорының жайын талқылап, арнайы xабар дайындады да, эфир кезінде нақты тұжырымдарыма жауап берудің орнына, мені «кәсіби сауатсыз» деп ашық балағаттады, – дейді ол.
Ұлттық банк өкілдерінің бірі әлеуметтік желідегі талқылау кезінде «экономист дұрыс есептемеген» деп пікір жазған. Айман Тұрсынхан бұл айыпты негізсіз деп санайды.
– Қаржылық есептеудің бірнеше әдісі бар. Мен кэш-фло (cash flow) әдісімен есептедім. Кэш-фло – қордан қанша қаржы кетіп жатқанын көрсетеді. Бұл әдіс болашақта шығындарды өтеуге қаржы жетпей қалу ықтималдығын көрсетеді. Зейнетақы қорынан шығатын ақшаның көбі, 99,5 пайызы, инвестиция ретінде таратылған. Яғни, 9 триллион теңге түрлі жерге берілген. Ол қаржыны кім алды? Мәселе, міне, осында. 2045 жылға дейін қайтарылуы тиіс берешектер де бар. Бұрын билік зейнетақы қорынан жылына 900 миллиард теңге алатын, қазір 1 триллион 400 миллиард теңге алады. Яғни, 60 пайызға өскен. Оны толық қайтарса мейлі ғой. Алған соманың 30 пайыздан аз бөлігін қайтарады, – дейді сарапшы.
«ҚИСЫНҒА КЕЛМЕЙТІН БОС СӨЗ»
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бір айдай уақыт бұрын жарияланған сұхбатқа қарашаның 6-сында жауап берді. Ресми сайтында жариялаған мәлімдемесінде қор Айман Тұрсынханның атын атап, экономист жасаған бірнеше тұжырымды «жоққа шығарады».
Мәселен, «қайтару мерзімі ұзақ әрі ақша жиі алынғандықтан, жаңа түсімдердің азаюынан алдағы 3-5 жылда зейнетақы қорында қаржы таусылады» деп болжаған маман сөзін БЖЗҚ «жалған» деп, «бірқатар өрескел қателік» барын жазады.
«Біріншіден, сарапшы келтірген цифрларда түсім ретінде тек зейнетақы жарналары ғана ескерілген де, таза инвестициялық табыс есепке алынбаған. Екіншіден, «қаржы таусылады» деп баға бергенде қордағы қалдық ескерілмеген. БЖЗҚ-ның болжамы бойынша, алдағы онжылдықта төлемдер көлемі жылына 211 млрд теңгеден 478 млрд теңгеге дейін барады. Яғни, зейнеткерлерге төленуі тиіс сома триллиондаған теңгеге барады деген әңгіме жоқ. Кіріс бұрынғыша шығыстан жоғары болады» деп жазды қор.
Зейнетақы қорының болжамынша, 2019-2023 жылдары жарна көлемі – шамамен 5 триллион теңгеге, төлемдер – 1,3 триллион теңгеге жетеді. Ал жинақ қаржысы 2023 жылдың соңына қарай шамамен 15,3 триллион теңге болмақ.
БЖЗҚ-ның жазуынша, «қорда қаржы таусылады» деген әңгіме – «қисынға келмейтін бос сөз».