«Жақыныңды жаттай күт,
Жат көрсін де, түңілсін.
Бір біріңді қадір тұт,
Жұрт үлгі алсын, үңілсін! –дейді қазақ. Алайда, соңғы жылдары бұл қағида, пайым-парасат, таным-түсініктің бәрі өзгерді. Яғни, қазақы құндылықтардың ауылы алыстады. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық көбейді. Құқық қорғау орындарына арыз шағымын айтушылар артты. Статистикалық мәліметтер тұрмыстағы, зорлық-зомбылықтан жапа шегетін әйелдер мен балалардың құқығы өз дәрежесінде қорғалмай жатқанын да көрсетуде. Оған себеп, отбасындағы жанжалдар санының шектен тыс артып кетуі көрінеді.
Тағы бір себеп, сол арыз иелерінің өз ойынан тез айнып, шағымын кері қайтарып, жәбірленушіні жазадан оңай құтқарып жіберетіні. Бірақ, еліміздің заңдары адамға дене жарақатын салып, оның өміріне қауіп төндірген жандардың Қылмыстық кодекс шеңберінде жазаға тартылатынын көрсетеді. Оған, бүкіл ел назарын аударған бір ғана Бақытбек Есентаевтың ісі дәлел. Алайда, бізде өкінішке қарай «бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» дейтін қазақы түсінік көп кедергі. Десек те, өз құқықтарының бұзылып, отбасында зорлыққа ұшырап жатқанына бүгінде шағым айтушылар көбейген. Мәселен, редакцияға мұндай мазмұндағы хаттар көп келеді. Солардың бір парасына назар аударсақ:
«Құрметті редакция! Сіздерден ақыл-кеңес сұраймын. Азаматтардың құқығын қорғап, заң аясында үнемі қажетті ақпараттарды ұсынып отырасыздар. Менің жасым 40-қа келді. Үш балам бар. Денсаулығым нашар. Біз үйленген кезде жолдасымның бірінші әйелінен қалған бала 9-жаста болатын. Қазір бала 16-ға келді. Бар ұрыс-керіс сол баладан шығады. Оның сабағын оқымайтынына, көше кезіп кететініне мені кінәлайды. Ол балаға бір ауыз сөзім жоқ, ештеңе айтпаймын. Не ішем, не кием демейді. Бірақ өзі менің балаларыма күн көрсетпейді. Ұрады, соғады. Балалар ағаларынан зәредей қорқады. Күйеуіме оны айтып шағынып та жатқан жоқпын. Күйеуімнің бар айтатыны: «Дастанымды бөлесің, сенің кесіріңнен ол көше кезіп жүр. Бірдеңеге ұрынса, басыңды кесем»-дейді. Ары-бері өткен сайын ұрып кетеді. Басымды есікке соғады. Одан қатты қорқатыным соншалықты, тіпті таңертең жұмысқа кетерінде шығарып салғым да келмейді. Шайын беріп отырсам да сылтау тауып, сабап кетеді. Ажырасқысы келмейді. Бұлай жүре берсем алдағы өмірім не болады, білмеймін»-дейді.
Екінші хат: «Мен саудагер әйелмін. Бірақ, соңғы кездері саудам мүлдем жүрмей тұр. Неше жылдан бері Қытайдан ауыр резеңке аяқ киімдер әкеліп саттым. Денсаулығым да сыр бере бастады. Саудам жүрмегелі күйеуіме де қадірсіз болып кеттім. Аузына келгенін айтып боқтайды, қол жұмсайды. «Тапқаның екі қыз» деп таяқтың астына алады. Базарда байларың көп деп жала жабады. Не саудаға бірге шығысып, бір жағыма көмектеспейді. Тапқанды жеп бекер жатады, көршілермен карта ойнайды. Қыздар үшін де қорқатын болдым, соңғы кездері. Қанша дегенмен, өсіп келе жатыр. Әкелерінің түрі мынау. Ажырассам қайда барамын? Қалада өмір сүру оңай емес. Үй күйеуімдікі. Ажыраспасам, әлімжеттік жасап, өлтіріп тастай ма деп те қорқамын»-дейді.
Редакцияға келген үшінші хат та күйеуінен жәбір көріп жүрген әйелдікі. «Күйеуім полиция қызметкері. Айтсам, тіпті сенбейсіздер. Жұмыс барысында жөні түзу адам. Елге ақыл айтып, жөн сілтегіш. Үйге келген соң маған қол жұмсағыш. Жұмыс орныңа шағымданамын деп едім, тіпті таяқтың астында қалдым. Тіпті күлкіге айналдырды. Бәрі өзінің қолында тұрғанын айтып, менің түк істей алмайтынымды бетіме басады. Бала тәрбиесімен де айналыспайды. Тіпті ұлым бар екен-ау демейді. Ажырасқым келеді. Бірақ ата-анам рұқсат етпейді. «Сол босағадан өлігің шықсын» деді шешем. Енді не істерімді білмей жүрмін»-дейді.
Міне, осы сарынды хаттар редакцияға жиі келеді. Біз дамыған қоғам дейміз. Алайда, айналамызда осындай тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болып жатқан замандастарымыз көп. Қазақстан Республикасының шеңберінде өмір сүретін азаматтардың бәріне заң ортақ. Тәртіп біреу. ҚР Конституциясының өзі Қазақстан азаматтарының бәріне заң ортақ екенін, мына ұлан-ғайыр жерді иелік етуші мемлекет иесінің ешкімнен жәбір көруге, біреуден қысым көруге, зорлық-зомбылыққа ұшырауға қақысы жоқ екенін, егер зорлық-зомбылық көріп, қысымға ұшыраған жағдайда оның құқығын қорғайтын ел заңдары бар екендігін жазады. Ендеше, 21 ғасырда өмір сүріп жатқан зиялы азаматтардың бір-біріне қысым жасауға, біреудің денсаулығына біреуі зиян келтіруге қақысы жоқ екені анық. Ата Заң Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орныққанын, «оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» екендігін айтады. Бүгінгі Қазақстан – құқықтық жақтан сауатты Қазақстан. Оның әрбір азаматы білікті, білімді. Олардың әрқайсысы өз мүддесін қорғай алады.
ҚР Конституциясы: «әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады. Қазақстан азаматы өзінің азаматтығына орай құқықтарға ие болып, осы елде әр түрлі міндеттер атқарады. Ата Заңымызда, ҚР заңдарында және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Республикада азаматтар үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ өз жауапкершілігіне сай міндеттер атқарады. Республика көлемінде, ел шеңберінде халықтың және ел азаматтарының өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, мемлекеттік құрылыс пен қоғамдық имандылыққа, әркімнің наным-сеніміне нұқсан келтірмеуге тиіс». Бұл біздің Ата Заңымыз–ҚР Конституциямызда көрсетілген заңдылықтар реті. Ендеше, бір-біріне жәбір көрсетіп, бір-біріне зорлық көрсетуші кез келген азамат та ертең сол әрекеті үшін өзінің келтірген зиянына сай әртүрлі заңдық жауапкершіліктер қарастырылғанын ұмытпағаны абзал.
Қазақстан аумағында зорлық-зомбылыққа ұшырағандарды қанатының астына алып, оның адам ретінде заңдық құқығын қорғаумен айналысатын орталықтар соңғы жылдары ашыла бастады. Бұл әрине, заман талабы, уақыт қажеттілігінен туды. Республиканың әр түпкіріндегі орталықтарды әртүрлі тағдыр иелері мекен етеді. Біздің редакцияға хат жазған тағдыр иелері де редакциядан қолдау күтеді. Құрметті арулар, сіздер ең алдымен, өз тағдырларыңыздың иесісіздер. Және сіздерден сүйеніш, қолдау күтіп отырған перзенттеріңіз бар. Демек, сіз өз тағдырыңызға ғана жауапты емессіз. Балаңыздың да тағдырына жауаптысыз. Бірақ, балаңыз сізден осындай қолдау, қамқорлық күтіп отырғанда сіздің морып, сырттан қолдау күтіп отырғаныңыз немесе өзіңізді қорлатып, зорлыққа ұшырап отырғаныңыз қаншалықты ақылға қонымды?
Қазақстанның кез келген азаматын қорғайтын заң жұмыс істейді. Қазір құқық қорғау органдары өте пәрменді. Ендеше, неге сізге өз құқығыңыз үшін өзіңіз күреспеске?! Сіз де айналыңыздағылар сияқты сауатты, білімді, білікті қоғамның бір мүшесісіз. Адам ешқашан өзіне көрсететін зәбірге, қорлыққа төзбеу керек. Сонда ғана ол біреуден жапа шекпейді. Зорлықшыға ондай құқықты кім берді? Әрине, жәбірленуші өзі. Егер адам айналасындағы қиянатқа төзбейтін көрсетсе, сонымен күресуге кішкене болса да әрекет жасаса онда оның айналасында ешқашан қиянат жасалмайды.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу туралы» заң адамдардағы агрессияны, олардың бір-біріне жасайтын әлімжеттік, бір-біріне көрсететін қиянатын физикалық, психологиялық, жыныстық және экономикалық тұрғыда қарастырады. Тұрмыстық зорлық-зомбылық қай саланы, қай елді қарасаңызда мемлекеттің даму деңгейі мен халқының мәдени, рухани хал-жағдайына қарамастан, дүниежүзінің барлық елдерінде кездесетін проблема. Қазақстанда соңғы жылдары тіпті көбейіп кетті. Жыл сайын республиканың әр аумағында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты, бір-біріне жасалатын қысымға байланысты, тіпті, кісі өлтіру бойынша он мыңдаған оқиғалар, фактілер тіркеледі. Сондықтан да, мамандар осы тұрғыда жәбір көрушілерге мынадай кеңестер береді. «Егер сізге біреу қиянат жасаса, зорлық көрсетсе, немесе осындай қауіптің басыңызға төне бастағанын сезсеңіз, онда құқық қорғау органдарының көмегіне бірден жүгінген абзал. Бүгін қолданысқа енген заңдарымыздың арқасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, қиянаттың алдын ала аламыз. Мәселен, сізге біреу қиянат жасады делік. Сізге біреу күш көрсетіп, балағаттап, кемсітіп қорлап, сіздің аулаңыздағы немесе үйіңіздегі заттарды бүлдіріп шағып, қиратып, басқа жақындарыңызды сыйламай тәртіп бұзды делік. Сіз дереу полицияға хабарлатыңыз. Сіздің жазған шағымыңыздан кейін, ол тәртіп бұзушы азамат ішкі істер органдарына жеткізіледі, сол арада оның үстінен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылады. Егер полиция қызметкері сол арада сіздің өміріңізге нұқсан келітіндей, қауіп төнетіндей әрекеттерді байқаса онда жәбірленуші қауіпсіздігі яғни сіздің қауіпсіздігіңіз үшін құқық бұзушы көршіңізді, немесе өзге де танысыңызды 48 сағатқа қамауға ала алады. Содан кейін барып оған әкімшілік жазалар тағайындайды. Тіпті кей жағдайда полиция қызметкері құқық бұзушыны 72 сағатқа дейін де қамай алады. Құқық қорғаушылар көп жағдайда әйел адамдардың өз құқығы үшін күресулері керек екендіктерін айтады.
«Қоғамның өркениеттік деңгейі оның әйелдерге деген қарым-қатынасымен өлшенеді…» дейді Президент Н.Назарбаев. Ел Президенті үнемі әйелге қамқорлық жасау керек екендігін, аналарға құрмет көрсету керек екендігін айтады. Жыл сайынғы жолдауында әйелдер мәселесі, теңқұқылық, әйелдердің қоғам өміріндегі орны сөз болады. Бұған дейін тұрмыстағы зорлық-зомбылық қоғам талқысына салынбайтын, жасырын ғана елеусіз қала беретін. Бірақ соңғы кездердегі статитистикалық деректер бұл мәселенің қоғам назарынан тыс қалмауы қажеттігін көрсетті.
Ішкі істер министрлігінің деректері осы қылмыс түрінің өршіп тұрғанын дәлелдеді. Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асановтың өзі де бір жиында «елімізде жыл сайын мыңнан аса зорлық-зомбылық оқиғалары тіркеледі. Осындай келеңсіздіктерден 2008 жылы 715 әйел, 129 бала қайтыс болған екен. Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері өкінішке қарай тіркелмейді. Сарапшы мамандардың айтуынша, бұл сандар қазір бәленбай есеге өскен. Бұл көрсеткіштерді қорықпай кемінде төрт есеге көбейтуге болады. Өкінішке қарай, жәбір жапа көруші бөтен адам емес, сол қылмыс жасаушының өз жақыны боп шығады. Ол адам да осыдан келіп «мемлекет мені қорғамайды. Менің еш нәрсеге құқығым жоқ» деп шығады. Отбасында, жақынынан көрген қиянаттың жарасын жазу қиын», – деген болатын.
Қазақстан соңғы жылдары мұндай зорлық-зомбылықтың салдарын жою, алдын алу сияқты шаралармен күресті білек сыбана бастап кетті. Халықаралық нормаларға сай құжаттар қабылданды. «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» заң жобасы күшіне енді. Бұл заң Қылмыстық іс жүргізу, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстер, Ішкі істер органдары, Қару айналымы туралы заңдармен сәйкестендірілді.
Республика аумағында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы профилактика тұрақты жүргізіледі.
Бейбітгүл Сатымбай
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024
-
26.11.2024