26-12-18 |
12530 рет қаралған
Жалаңаштанғыш жұлдыздар желіні «жағажайға» айналдырды.
Жалаңаштанғыш жұлдыздар желіні «жағажайға» айналдырды

Иран ақыны Румидің «Қаншама адам көрдім, үстінде киімі жоқ. Қаншама киім көрдім, ішінде адамы жоқ» деген сөзі бүгінгіні меңзеп айтылғандай. Шүберек (киімді айтамыз да) адамның көркі ғана емес, ол адамның ар-ұятын, әуретін, сымбатын сұқ көздерден қалқалап тұратын қорғаны, әсіресе нәзік жандылар үшін. Ашаршылық секілді нәубетті жылдарға қатысты «аш-жалаңаш қалды» деген тіркесті қолдансақ та, қазақ әйелдері сондай зұлматты кездің өзінде «ұятты ойлайтын заман ба» деп қарыны ашса да, қадірін кетірмегені хақ. Жыртық киімінің өзін жамап-жасқап киіп, тәнін жапқан. Ал, қазір тізесі жыртық шалбар кию сәнге айналды.

Енді тізесі жыртық шалбар кигендерге зар болып қалмасақ жарар еді. Өйткені, қазір әнші-жұлдызы бар, басқасы бар, жартылай жалаңаш суреттерін әлеуметтік желіге салуға қымсынбайтын халге жетті. Руми айтып кеткен «…үстінде киімі жоқ» адамдар осылар болса керек. Дамыған елдердің кері кеткен киноларынан, жаз күндері жағажайлардан ғана кездесетін көріністер қазір ғаламторды жайлай бастады. Әлеуметтік желілер жағажайға айналғандай. Бәріне бірдей топырақ шашпаймын. Дегенмен, экс-Есентаева бастаған шоу-бизнестің «жұлдыздары» бар, шет елдердің жағажайындағы түскен жартылай жалаңаш суретін инста-парақшасына сала қояды. Оны сайтан түрткен сайттар көшіріп сала қояды.

Төсін керіп, бөксесін бұлтитып суретке түсіп, оны желі беттерінде жариялау түкке тұрмай қалды қазір. Бұлардың бастауында тұрғандардың бірі аты-шулы Айжан Байзақова. Баяндарова деген тағы біреуі бар. Енді Динагүл Тасованың «тасы» өрге домалап келеді. Өзі Астанадағы Жастар мәслихатының депутаты, өзі модель-мыс. Әуелі дүйім жұрттың алдында (подиумда) төстартқышсыз шыққан ол жақында көкала қойдай болып көгерген жартылай жалаңаш суреттерін тағы да паш етті. Сөйтсек, қылығына шыдай алмай жігіті сабаған көрінеді. Ал, бұл, «борсық ұрған сайын семіреді» демекші, көгерген денесімен фотосессияға түсіп әлемжеліге қайта салған. Сондағысы, ол секілді үйінде күйеуінен, жігітінен таяқ жеп отырған, бірақ онысын жұртқа жақ ашып айтпайтын қаншама нәзік жандылар бар екен де, бұл батылы жетіп осы әрекеті арқылы солардың проблемасын көрсеткісі келіпті. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы екенін жеткізгісі келіпті. Не деген «жанашырлық» дерсіз… Жанашырлықтан жалаңаштанған ғой. Тағы, өздерінің осынау тірлігін белгілі бір қоғамдық мәселемен бүркелемейтінін қайтерсіз. Айтпақшы, сөзінің соңында «біздің халық әлі fashion-индустрияға дайын еместігін» ескертеді. Турасын айтқанда, желідегі жалаңаш суреттерін мақтамағанымыз үшін өзімізді сөгеді.  

Көшеде өз тәнін саудалайтындарды тыя алмай жүргенде, осылайша, желіде мәдениетті түрде өз тәнін ашық жарнамалайтындар шықты. Ескерерлігі, барлық құндылық атаулыға қатер төндіру, ұрпаққа теріс тәрбие беру жағынан әлеуметтік желідегі «жұлдыздар» көшедегі «көбелектерден» де әлдеқайда қауіпті. Өйткені, әлемжелінің ықпалы қазір әл бермей тұр.

Ал, мұның бәрін көріп өсіп келе жатқан қаракөздер не тәрбие алады?! Саналарында бұл қалыпты жағдай екен ғой деген түсінік қалыптаспасына кім кепіл?! Сондықтан, белең алған бұл сорақылыққа заң жүзінде белгілі бір тосқауыл қою керек шығар. Өйткені, бүгінгі заңдық құжаттарымызда біз сөз етіп отырған сорақылыққа қатысты ешқандай норма қарастырылмаған. Әлде, бейнеклиптегі бейәдептеу көріністері мен ғаламтор, әлеуметтік желілерде тараған әдепсіз әрекеттері үшін әншілерді лицензиясынан айырып, сахнадан қуатын, тіпті елден аластайтын көрші өзбек құрлы бола алмаймыз ба?! Қалай болғанда да, бабаларымыз секілді қызды қырық үйден тыюға шамамыз келмесе, ендеше заңмен тыю керек шығар?! Әйтпесе, желіні жағажайға айналдырған жалаңаштанғыш «жұлдыздар» алғашқы қауымдық құрылысқа қайта бастап жүрер.

Оразгүл АСАНҒАЗЫ, қоғам қайраткері:

– Менен сұраса, мұндайларға жаза қолдану керек. Біріншіден, олар жұрттың бәрі қарайтын әлеуметтік желіге жалаңаш суреттерін саламын деп өздерін өздері құртады. Өйткені, жалаңаш денелеріне көз тиеді де, емшектерінен рак, жатырынан рак болып, қидай болып бала тумай жатқанның бәрі сол – тіл-көзден. Ең әуелі бұл өздерінің соры.

Екіншіден, мынау қыздарымызды бұзып жатыр. Егер менің пікірімді еститін біреу болса, бұларды дереу тоқтату керек. Бірақ, айтылған сөзді еститін құлақ болмай жатыр ғой. Желіге жариялы түрде жалаңаш суреттерін салатындардың бұл әрекеттерін заңмен болсын тоқтату шаралары міндетті түрде қажет.

Өйткені, баяғыда Нағашыбай Шәйкенов деген бірінші Әділет министрі болған кісі бар. Сол кісінің «Кез келген мемлекеттің, ұлттың заңы оның салт-дәстүрінен негіз алуы тиіс» деген сөзі әлі есімде. Сондықтан, біздің салт-дәстүрімізге қайшы кез келген әдепсіздікке тыйым салатын заң керек бізге. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» дейді. Енді жаһандану келді екен деп тыр жалаңаштану керек емес шығар…

Қазақтың салтында қыз денесін көрсетпеген, көрсетпеу де керек…, менің пікіріме зәру болып жатса. Бірақ, мұндай пікірді елейтін адам жоқ қой. Мен мұны көп жерде айтып та жүрмін. Міндетті түрде тыю керек.

«Қызға қырық үйден тыйым, қалып берсе, есік алдындағы қара күңнен де тыйым» деген. Біздің Үкімет күң құрлы жоқ па?!

Сәкен ОРЫНБАСАРҰЛЫ

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.