arasha.kz

Жалғызбасты аналар «Нұр Отан» партиясына талап қойды

Елордада жалғызбасты аналар «Нұр Отаннан» көмек сұрады. Олар бүлдіршіндерін жетектеп, партия филиалына басып кірген, деп хабарлайды Arasha.kz ақпарат агенттігі «Информбюро» жаңалықтарына сілтеме жасап.

Аналардың біреуі бас партиядан үй сұраса, екіншісі денсаулығын дұрыстап алғанша несиесін жауып беруге жәрдемдескенін қалайды. Айтуларынша, осы өтініштерімен әкімдік пен «Нұр Отанды» жағалап жүргендеріне бір жыл болған.

Амалы әбден таусылған Мақпал есімді келіншек көшеге шығып, қайыр сұраудан басқа жол қалмағанын айтады. Бірнеше дерті бар оның екі баласын жалғыз тәрбиелеп отырғанына біраз жыл болыпты. Денсаулығында кінәрат болған соң жұмыстан шығуына тура келген.

Медициналық сақтандыруы болмағандықтан оны жергілікті емхана қабылдамай қойған. Тек «Нұр Отанға» келіп айқай-шу шығарған соң ғана дәрігерлер көмектесе бастаған.

«Барып жүріп енді ғана көмек алып жатырмын медицина жағынан. Басымда ипотека бар, төрт кредит бар. Маған тым болмағанда несиемді кейінге қалдырып болсын алып беріп, бай адамдар көп қой,  бір жағдайымызды жасап бере алмайды ма, аяққа тұрғанша», – деді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны.

Қиындық жанын қысқан соң бүлдіршіндерімен «Нұр Отанды» жағалап Гүзел де келген. Жалғызбасты ана үш бала тәрбиелеп отыр. Пәтер жалдап тұратын ол үш ай бойы баспана ақысын төлемеген. Айтуынша, қайта-қайта күшейтілетін карантиннің кесірінен тұрақты жұмыс таппай жүр.

«Бүкілі уәдені береді, орындамайды, ешқайсысы орындамайды. Қонуға келдім осы жерге, қонамын, жатамын осы жерде», – деді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Гүзел Көрпелеева.

Exit mobile version