Жаңаөзен қаласында ҚазМұнайГаз арнайы жұмыс тобы тексеріс жүргізуді жалғастырып жатыр. Қазіргі уақытта 55 шаруашылық қызмет нысаны, соның ішінде «Өзенмұнайгаз» АҚ-тың (ӨМГ) 17 өндірістік құрылымдық бөлімшесі, 8 мұнай сервис ұйымы мен 30 басқа да мердігер ұйымның қызметі талданды.
ӨМГ-нің қаржы-шаруашылық қызметін тексеру кезінде алдын ала 160 бұзушылық пен сәйкессіздік анықталды, оның ішінде:
— 7 факті ҚР заңнамасына сай шаралар қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді;
— 10 факті бойынша қызметтік тергеу жүріп жатыр;
— 101 факті бойынша жауапты тұлғаларға тәртіптік жаза қолданылатын болады.
Құқық бұзушылық фактілерінің салдарынан келтірілген шығын сомасы процессуалды және регламенттеуші іс-шаралардың қорытындысы бойынша анықталады.
«Біз құқық қорғау органдарымен тығыз жұмыс істеп, заңға қайшы анықталған әрекеттер жайлы дер кезінде хабарлап отырмыз. Бұдан әрі олар тергеу жүргізіп, өзге іс-шараларды қолға алады. Солардың біріне кеше Экономикалық тергеу департаментінің «Өзенмұнайгаз» бас директорының орынбасарын ұстау фактісі де жатады. Комиссияның жұмысы әлі аяқталмады, көптеген факт бойынша қызметтік тергеулер жүріп жатыр», — деді арнайы жұмыс тобының жетекшісі, ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов.