Мақпал Мейірбекқызы: «….Мен егер тағы бір мамандықты меңгергенде, суырыпсалмалық өнерім дәл бұлай өрлемес пе еді?» деп бұрын берген сұхбатыңызда айтыпсыз. Ендеше, меңгермеген салада неге жүрсіз? Бірнеше бағдарлама мен концерттік жобаларды жүргізгеніңізбен тележүргізуші Жандарбек айтыскер Жандарбектің биігіне шыға алмаған сияқты.
Жандарбек Бұлғақов: Басқа салада жүрсің дегеніңіз менің бір-екі бағдарламаның тізгінін ұстағанымды көргеннен туған сұрақ қой. Мен өзімді кәсіби журналистпін деп есептеген емеспін. Бірақ, сөз өнері деген үлкен алып бәйтерек болса асабалық, бағдарламаларды жүргізу, сценарий жазу деген сияқты бағыттар сол бәйтеректің бір-бір дарағы деп алсаңыз болады. Оның үстіне мен айтыс сахнасында жүргеніме 15 жылдың жүзі болды. Сондай қиын өнердің он бес жылдық тәжірибесімен жиырма минуттық шоу бағдарламаны жүргізуге қабілетсізбін дегенім ақылға сыймайды ғой. Авторлық жобамды жүргізіп, сараптамалық хабар жасап жатсам ол салаға қайдан бардың деп айтсаңыз болады. Десе де бала кезден осы салаға қызыққаным рас. Өзім сұхбат беруге барған сайын кадрдың ішіндегі, сыртындағы жұмысшыларға қызыға қарайтынмын. Бұған дейінгі жүргізген бағдарламаларым бұл телеарналардың өзінен түскен ұсыныс. Ешқайсысына айтыстағы абыройымды пайдаланып не атқамінген ағаларымды араластырып, жүргізуші болған емеспін.
Мақпал Мейірбекқызы: «Сенбілік шоу» бағдарламасының бірінші эфирінде «Айтыста айтқан сөздерім ылғи монтаждалып кететін болғандықтан осы хабарға жүргізуші болуға келістім» дедіңіз. Айтысыңыз сол бағдарламаңызды шығарып жатқан арнада монтаждалды. Бұл ісіңіздің логикасын түсінбедім… Барлық бағдарламалада монтаж барын білесіз ғой.
Жандарбек Бұлғақов: Мен барған кезде ол бағдарлама үлкен дау- дамайға ұшырап жатты. Тас-талқан боп құлап жатқан үйдің құрылысын қайта көтергендей болдық. Ол жерде кесіліп кететін кесек ойлар айттым деп ойламаймын. Неге десеңіз бағдарлама әу баста жоспарланғандай саясатқа тереңдей алмады. Жоспар бойынша біз бір апта ішінде болған ең маңызды оқиғаларды мемлекеттік тұлғалардың қатысуымен талқылаймыз деп ойладық. Жеме-жемге келгенде жағдай өзгерді. Өздеріңіз көргендей, ол жерге Мәулен Әшімбаевтан басқа ешқандай саясаткер келген жоқ. Келуге жүректері шыдамады. Ал сыртынан сынау қызықсыз әрі әділетсіз.
Мақпал Мейірбекқызы: Айтыста тіліп айтқан ойларыңыз сол бағдарламада мағынасы өзгеріп шығып жатты. Мысалы, айтыс сахнасында үкіметтің «Экспоға» халықты мәжбүрлеп жинағанын сынасаңыз, бағдарламада халық көрмеге қызығып келді дедіңіз.. Айтыста Қытайдың біздің елге жүргізіп жатқан саясаты мен Димаштың жеңісі туралы айтқаныңызды есіңізге түсірейін.
«…(Қытайлардан) Олардан қанша ғасыр сақтанып ек,
Ал қазір аса қатты жақындау бар.
Алдап сулап Димашқа жүлде беріп,
саясатпен қазаққа татырған бал.
Залымдар ғой, Димашың ән айтқанда,
өтірік жылап сықтап бақырғандар.
Бірте бірте еліңді басып алса,
Бармақ шайнап, ах ұрып бақырмаңдар!»
Жерлеріңнен айрылып шыңғырғанда,
шеттеріңнен Димаш боп отырмаңдар» дейсіз де, артынша «Сенбілік шоуда» бұл пікіріңіз жүз сексен градусқа өзгеріп кетеді. «…Димашымыз миллиардтардың жүрегін тебірентті. Қазақ әні қытайдың аспан асты елінде әуеледі. Бұл деген өнердің ғана емес, қазақ тілінің де аясы кеңейгенін білдіреді».
Жандарбек Бұлғақов: Қазақ «күн шықса көлеңкесі қатар шығады» дейді. Кез келген мәселенің екі жағы болады. Алматыда айтыс болған кезде Ринат Заитов референдумға байланысты дау-дамайда Бекболат ағамызды сынаған еді. Халық шулады. Арада көп уақыт өтпей, Астанада қала күніне арналған айтыс өтті. Сол айтыста Ринат Зайытов шығып Бекболат ағамыздың қазақ тіліне, ұлтқа деген қамқорлығын дәріптеп жырлады. «Адам деген бір жақты жақсы болуы да мүмкін емес, жаман болуы да мүмкін емес. Ақын екі жақты да айта білуі керек» деп біздерге ағалық ақыл кеңесін де айтқан еді. Ринаттың жауабы қанағаттандырды ма?
Мақпал Мейірбекқызы: …
Жандарбек: …тағы да бір мысал келтірейін. Баяғыда Оразалы марқұм Досбосынов қорғаныс саласында ши шығып, қару-жарақтар сыртқа сатылып кеткен кезде «Барлығын сатқанымыз аз болғандай,
Самолет сатқыш шықты сардарыңнан,
Осынау кемшіліктің барлығы да,
Түйенің аяғының маймағы емес,
Төренің аяғының тайғағынан» деді. Кейін Алматыдағы «Абылай – айбарымыз, елбасы – ертеңіміз» деген айтыста «…Нұраға, еліңді алға сүйрей берші,
Елге бедел, сыртқыға айлаң барда», – деп Президентке тілекші екенін білдірді. Осы сөзге бола Оразалы ақынды екіұдайлы пікір иесі дегеніміз қаншалықты әділетті болады? Енді сіздің сұрағыңызға өзім болып жауап берейін. Иә, айтыста айтқанымдай, ЭКСПО-ға байланысты дау-дамайдың болғаны рас. Қарапайым халықтың қиналғаны да өтірік емес. Бірақ «Сенбілік шоуда» айтқанымдай, көрменің өткеніне шын қуанған адамдар да болды… Естеріңізде болсыншы, ақын бір мәселенің көлеңкелі тұстарын айтса оны мемлекеттің хас жауы, бетімен кеткен оппозиционер деп санамау керек. Мемлекеттің жетістігін, елбасының еңбегін жырласа оны туфли жалайтын жағымпаз деп те айыптамағандарыңыз абзал. Кез келген мәселенің жақсы, жаман жағы болады. Ақын адам өгізді өлтіріп алмай, арбаны сындырып қоймай, екі жақты да шеберлікпен жырлай білуі тиіс.
Мақпал Мейірбекқызы: «Алдыңғы лектегі әріптестерімнің сөз бостандығын аңсағанда жас буынға «бұл саладан кеш болмай тұрғанда кетіңдер. Айналайындар, нақты іспен айналысыңдар» деп ақыл айтқандарын талай естідім. Ал журналистикада шектеліп жатқан еркіндік айтысқа берілген деп айту қиын. Мойындайықшы, журналистикада Қасым Аманжолдарға, айтыста Айбек Қалиевтерге мемлекеттік сыйлықтардың берілмейтіні белгілі. Келісетін шығарсыз. … Егер олардың потенциалын пайдалана алмасақ, келесі буынның ішінен Қасымдар мен Ринаттардың шыққанынан не пайда? Ал біздің салада принципсіз журналист пен популист ақын онсыз да көп. Сонымен, алдыңызға айтыскер ақын болғым келеді деп ауылдың романтик жасы келсе, сіз оған не дейсіз?
Жандарбек Бұлғақов: Журналист айта алмайтын мәселені айтыскер ақындар да айта алмайды дегеніңізге мүлде қосылмаймын. Қайта ақындардың айтыстағы шумағын арнайы хабарларда оқылып жүргенін бірнеше рет көрдім. Шындығынада айтыста басымен қайғы болып, керемет қиянат көріп б»ұл салаға бармаңдар» дейтіндей ешкім жоқ. Керісінше, бағыт бағдар беріп тілекші болар аға буын баршылық. Бұны мен сізге сол өнерді ішінен білетін ақын ретінде айтып отырмын. «Айтысқа барып едім, өмірім тығырыққа, тағдырым тауқыметке тіреліп қалды» дейтін ақын жоқ.
Мақпал Мейірбекқызы: . .. десек те мәселенің жақсы жағын жырлайтын, билікке лояльды қарайтын ақындарға көбірек қолдау көрсетілетін сияқты. Мысалы, Ринат Зайытов пен Бексарыс Шойбековтың жағдайы тең деп айта алмаймын. Екінші ақынның галстук тағып, өз облысында абыройлы қызметтер атқарып жүргенін, мемлекеттік сыйлықтарды алып жатқанын, президентпен кездесулерге шақырылып жүргенін көремін. Ал Зайытовтың айтысқа жай ғана қатысқанының өзіне халық қуанатын болды.
Жандарбек Бұлғақов: Мен сізге айтыскер ақын ретінде бір шындықты айтайын. Қазақстанда Бекарыс Шойбеков сияқты айтыскер ақын жоқ. Оның айтыста жүргеніне отыз жылға таяп қалды. Ал отыз жыл осы өнердің ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген адамның кеудесіне мемлекет медаль тағып жатса неге қарсы болуымыз керек. Мен өзім ақындарды екіге бөлемін: ақындар және айтыскер ақындар. Бекарыс айтыскер ақын. Айтыста өткір мәселені дәл Бекарыстай шеберлікпен ешкім жеткізе алмайды. Бекарыс айтыстың қай атағына болса да лайық. Отыз ақын бір төбе болса, Бекарыс бір төбе! Бекарыстан мықты ақындар бар шығар, бірақ Бекарыстан мықты айтыскер кем де кем. Бұл сөзіме Алаштың бар ақыны қосылады деп ойлаймын.
Мақпал Мейірбекқызы:«Досаевпен ойнауға …» жалғасы қалай еді?
Жандарбек Бұлғақов: «Досаевпен ойнауға болғанменен, Денсаулықпен ойнауға болмайды ғой» деген сөзін айтасыз ба?
Мақпал Мейірбекқызы: Қателеспесем, он төрт жыл бұрын Ерболат Досаевты денсаулық министрі болған кезінде осылай сынаған. Одан бері қанша айтыс өтті. Бекарыс ағаның өзі де, өлеңдері де жұмсарып қалған сияқты. (Бұл да менің субьективті ойым).
Жандарбек Бұлғақов: Өтірік. Бұл айтысты мүлдем көрмейтін адамның сөзі. Бекарыстың ақиқатын естігіңіз келсе, ол қатысқан айтыстарды залға барып көріңіз.
Мақпал Мейірбекқызы: Неге Президентпен кездескен кезде ол кісі естімей жатқан ел мәселесін шеберлікпен жеткізбеді. Бекарыс аға да басқа әкім, әнші, журналистер сияқты мақтаудан ары аса алмады ғой.
Жандарбек Бұлғақов: Ол жерде қандай жағдай болатынын айтысқа барған және президент алдында сөйлеген адам біледі. Сіз де мысалы осы саланың жілігін шағып, майын ішіп, алдағы уақытта президенттен сұхбат алып жатсаңыз, қоям деген сұрағыңызды қоя алмайсыз! Тіпті Президент тұрмақ, оның бер жағындағы адамдарға қоя алатыныңызға күмәнім бар.
Мақпал Мейірбекқызы: Батылың жетпейді дейсіз ғой?
Жандарбек Бұлғақов: Батылдықта емес мәселе. Сол жердегі атмосфераға байланысты. Оны барсаңыз, өзіңіз көре жатарсыз…
Мақпал Мейірбекқызы: Меніңше, кейбір ақындарға сіз айтқан атмосфера әсер етпейді. Мүмкін сол себептен де принципшіл азаматтарды Президентпен кездесуге шақырмайтын шығар…
Жандарбек Бұлғақов: Бұл жерде сіз екеуміздің көзқарасымыз екі түрлі.
Мақпал Мейірбекқызы: Қазақстан халқы ассамблеясының жиырма бесінші сессиясында Жүрсін Ерман Президентке «Тәуелсіздік жылдарында өткен айтыстардың барлығында сіздің сөз портретіңізді жасаған уақытта залдағы мыңдаған халық шуылдап, гуілдеп, қолдап отырған кезде көзіме жас келеді. Мұны жағымпаздықпен айтып отырған жоқпын. Сіздің сайлауларыңыздың алдында үш рет ақындар айтысын жасадым. Соның бәрінде сіздің бейнеңізді ақындар көкке көтерген кезде қазақтың өнерінің құдіретіне таң қаламын. «Ақындар сіздің саясатыңызды насихаттау үшін отқа да, суға да түсуге дайын отыр. Арқасынан қағып қойса болды, әрі қарай сайрай береді» деді. Бұл сөзге зиялы қауым арасында жағымпаздық деп баға бергендер бар. Сіз қалай қабылдадыңыз? Жүрсін Ерманға да әлгі атмосфера әсер етті ме? Әлде айтыстың қауіпті емес екенін Президентке жеткізу үшін ол кісі осылай сөйледі ме?
Жандарбек Бұлғақов: Ол жерде Жүрсін Ерман қандай сөз айтса да, Президент қазіргі айтыстың хал–ахуалын, ақындардың не айтып жүргенін де өте жақсы біледі. Оған менің көзім анық жеткен. Бір күні Елбасының алдында айтыстың қойылымын қою керек болды. Сол кезде елбасы айтыстағы ең үлкен мәселені айтты. Мысалы, сіз білесіз бе, қазіргі айтыста ең үлкен мәселенің не екенін?
Мақпал Мейірбекқызы: Қаражаттың жоқтығы және жоғарыда айтқан еркіндік.
Жандарбек Бұлғақов: Одан бөлек? Айтыскер ақынның өзіне байланысты.
Мақпал Мейірбекқызы: Ақындардың бір- бірімен келісіп айтысатындығы.
Жандарбек Бұлғақов: Таппадыңыз. Айтыстағы ең өзекті мәселе ол – мақам жағы, әуен жағы. Елбасы соны айтты. «Айтыста ең өзекті мәселе мақам ғой. Сендер жетісудың ақындары жетісудың мақамымен, арқаның ақындары арқаның әнімен, батыстың ақындары батыстың мақамымен шықсаңдаршы» деді. Шындығында айтыста әуен жаңашылдығы жоқ. Бұрын радиодан айтыс тыңдаған халық ақынның мақамынан-ақ танып отыратын. Ал айтыстан мүлде бейхабар адам ондай мәселе бар екенін қайдан біледі. Мен бұрын президент бәрінен хабардар дегенге сенбейтінмін. Біреулер жағынып айтып жатқан шығар деп есептейтін едім. Сол кездесуден кейін Президенттің айтысты өте жақсы білетініне көзім жетті.
Жандарбек Бұлғақов: Ақындардың сөз бостандығы, ой еркіндігі жайында көп сұрақ қойып отырсыз. Осыған байланысты аға буын ақындардан әдемі мысал естіп едім. Бәлкім, өзіңіз де білетін шығарсыз… Ақсақ Темір еліндегі ең мықты үш суретшіні алдырып, автопортретін салдырғысы келіпті. Былай қарасаңыз, кәсіби маманға адамның суретін салудың еш қиындығы жоқ қой. Бірақ Ұлы әміршінің бір көзі зағип болыпты. Оның бұл кемістігін суретшілер қалай жеткізуі керек? Ойланып көріңізші. Содан бірінші суретші келеді. Ол ұлы әміршінің бір көзін соқыр қылып салуға дәті бармай, қос жанарын әдімі қылып салып қойыпты. Сөйтсе, Ақсақ Темір «Бәрі білетін шындықты жасырып несі бар, мынау нағыз жағымпаз адам екен, көзің жойыңдар» деп қатты қаһарланыпты. Бұған куә болған екінші суретші «бұл кісі тек шындықты жақсы көреді екен» деп соқырлығын бетіне бадырайтып тұрып, суретін салып беріпті. Әмірші: «мынау менің көңіліме қарамады» деп оны да жазалайды. Үшінші суретші екі жағдайды бағамдап отырып, өзі асқан даналық иесі болса керек, Ақсақ Темірдің қырынан қарап тұрған суретін салып беріпті.
Мақпал Мейірбекқызы: Керемет
Жандарбек Бұлғақов: Ақын адам дәл осындай даналық иесі болуы керек қой, Мақпал. Абай атам айтқандай, қиыннан қиыстыра алсақ, кәне. Қонаев атамыздың 95 жылдығына қарсы Алматыда айтыс болды. Залда қаланың сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетов отырды. Ақындар біраз мәселенің басын қайырып тастады. Ішінде жаңағы мен айтқан суретшідей ойларын шеберлікпен жеткізгендері де болды. Жеткізе алмағандары да болды. Иманғали ағамыз сол айтысты мұқият тыңдады. Әр ақынның айтпасам болмас деген ақиқатын, әр түрлі пікірін естіді. Сөйтті де үндеместен кетіп қалды. Біз ертең не болар екен деп ойланып жүрдік. Таңертең бәрімізді Қонаевтың бұрынғы кабинетіне шақырып жатыр деген хабар келді. Біріміз қалмай бардық. Сөйтсек, Имаш ағамыз аста-төк дастархан жайғызып қойыпты. Бәрімізге жеке жеке арқамыздан қағып, алғысын айтты. «Тасып жатқан қазанның бетін ашқанда буы бұрқ ете қалатыны сияқты халық сендердің сөздеріңді тыңдап шерін тарқатты. Біздің сөзімізді сөйлейтін адамдар бар екен ғой» деп сендерге риза болды. Елдегі жағдайды ақындар, айтпаса, кім айтады? Барлығыңа ризамын» деді. Тағы да бір айтыс есіме түсіп отыр. Ол жолы Шымкентте болды. Сіз жаңа ғана салыстырған Ринат пен Бекарыс финалға шықты. Екеуінің айтысының бел ортасында залға облыстың сол кездегі әкімі Болат Жылқышиев кіріп келді. Осы сәтті пайдаланған Ринат әкімге қаратып тұрып, оңтүстікті су басып жатқанын, қазақтар мен тәжіктердің қақтығысын қатты сынға алды. Сол кезде Бекарыс ағамыз. «…Елбасының бергені аз болғандай, сен кеп тағы бересің тапсырманы. Ринат, уайымдама көп кешікпей, Халқымыз баспаналы боп қалады. Тамдары құлағанмен ел жұртымның, Арманы құлаған жоқ асқаралы. …Жылқышиев секілді әкімі бар, Ойлаймын оңтүстіктің бағы бар деп. Мен қайта осы саған айтар едім, осындай жақсы әкімді тауып ал деп. Біздің қазақ бекерге айтпаған ғой, Ақылыңды басыңа жағып ал деп». Ол кезде, Мақпал, есіңізде болса, Шығыс Қазақстанда жылу жүйесі дұрыс жұмыс істемей, облыс тұрғындары қыстан жаурап шыққан еді. Өңір басшысы Храпунов болған. Бекарыс осы фактіні компромат қылып, әрі қарай былай деді. «Сөзіңді көре алмаймын жалпы мақтан, суындай сұлу сырдың толқып аққан. Тапсырма бере бермей әкіміме, Ісіңді түзе өзіңнің олқы жатқан. Храпуновқа айтқайсың ақылыңды, қыс бойы Семейіңді қалтыратқан» деп бір оқпен екі қоянды атты. Семейдің де мәселесін көтерді, өз әкімін де қорғап алды. Ринат сол жерде шын мәнінде жеңілгенін мойындады. Сөйтіп айтыс аяқталғаннан кейін Болат Жылқышиев сахнаға шығып сөз сөйледі.. «Бізді бәрі кабинетімізге келіп мақтай береді. Мен айтысқа келіп дәл осындай сөздерді естігім келді. Сол құлағымызды шулатқан Ринат бауырыма көп рахмет. Осы ақындар болмаса бізді қамшылайтын ешкім жоқ» деді. Халық әкімге де, ақынға да риза болып, қошемет көрсетті. Ал егер сол жерде Бекарыс Ринатқа қосылып, өз әкімін қосыла сынаса, онда не болатын еді?
Мақпал Мейірбекқызы: Айтыстан кейін тағы айтыс басталады…
Жандарбек Бұлғақов: Сондықтан ақын адам осылай өзінің де абыройын қорғап, біреудің де беделін түсіріп, сағын сындырмай халыққа нәтиже беретін жолды таңдау керек.
Мақпал Мейірбекқызы: Президент айтыстың проблемаларын жақсы біледі деген сөзіңізге келісуге болатын шығар. Өйткені, жоғарыда айтқан Ассамблеяның сессиясында ол кісі: «Айтыста Назарбаевты мақтаңдар, мынаны айтыңдар» деп команда беріледі. Содан кейін сахнада неше түрлі дүниелер айтылады» деді. Мұндай команданы сіздерге кімнің беруі мүмкін?
Жандарбек Бұлғақов: Дәл менің өзіме тікелей келіп, сен елбасыны мақтайсың, мына мәселені айтпайсың деп команда берген ешкім болмапты. Тек бір рет осыған ұқсас жағдай болды. Айтыс басталар алдында бір шенді келіп «Сен қай жылғы боласың?» деп сұрады.
Мақпал Мейірбекқызы: Ол кім?
Жандарбек Бұлғақов: Атын айтпаймын. «Тоқсан бірінші жылғымын, аға» дедім. Ол «Саған болашақ керек пе?» деген бір-ақ сұрақ қойды. Ол кісіден қорыққан жоқпын, тек айтыс алдында онсызда ойым онға бөлініп тұрған сәтте көңілім су сепкендей басылды. Жүрсін ағаға барып: «айтыспай-ақ қояйын»,- дедім. Ол кісі: «Жоқ, жиырма минут болса да сахнада отырып бер»,- деді. Сол жиырма минут айтысып шықтым. Екінші ме, үшінші ме, әйтеуір бір орын алдым.
Мақпал Мейірбекқызы: Ойыңыздағы дүниені айта алдыңыз ба?
Жандарбек Бұлғақов: Айтуға тырыстым. Ал негізі, айтыстың алдында жаңағыдай әңгіме болғаннан кейін жалпы жұрттың алдына шыққым келген жоқ. Сахна сыртында біреу суретке түсейік десе де зауқың болмайды. Ал біреу келіп кіжініп тұрса қалай айтысасың.
Мақпал Мейірбекқызы: Былтыр сіз екінші рет «Алтын домбыра» алған республикалық қорытынды айтысқа әу баста мүлде басқа ақындар қатысу керек болыпты. Ең қызығы, президент алдындағы мінбеден мәселесін көтерген Жүрсін Ерманды мәдениет министрлігі «Алтын домбыраға» араластырмай қойған. Мұны білген тізімдегі ақындар айтысқа қатысудан бас тартып, олардың орнын сіздер толтырыпсыздар. Егер сіздер де принципке барып, қатысудан бас тартқанда министрлік өзінің емес ақындардың айтқанына көніп, ешкім өкпелемес пе еді?
Жандарбек Бұлғақов: Мен айтысқа жиі шығып жүрсем өз талабымды қойып бас тартатын едім. Менің міндетім айтысу. Айтысты Көпен Әмірбек, Қалқаман Сарин, Нұрлан Өнербаев жүргізгенде де бардым. Ал министрлік Жүрсін Ерманның өзіне хабарласып өздері өткізетінін хабарлап айтқан екен. Ол кезде менің айтысқа шықпағаныма екі жыл болған.
Мақпал Мейірбекқызы: Неге?
Жандарбек Бұлғақов: Біраз жыл бұрын «НұрОтан» партиясы ұйымдастырған «Кіл жүйрікте кім жүйрік» деп аталатын айтыс пен Жүрсін ағаның Қызылордада өткізіп жатқан айтысы қатар келіп қалды. «Маған Қызылордадағы айтысқа қатыс», – деген ұсыныс түспеген соң «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған айтыста өнерімді көрсеттім. Содан Жүрсін ағам: «Менің рұқсатымсыз неге бардың»,- деп біраз ренжіді. Осы себептен үлкен айтыстардан екі жылдай шеттетіліп жүрдім. «Алтын домбыра» өтер алдында Жүрсін ағам үйіне қонаққа шақырып, «осылай шеттетіліп жүре бересің бе? Арамызда бас жарылып, көз шыққан ештеңе жоқ. Менің немереммен жасты баласың ғой, саған кек сақтап не қыламын? Сен әңгімені көбейтпей, қылтың-сылтыңды қой! Қайтып қатарымызға қосыл»,- деп жылы қабақ танытты. Ол кезде Ақтөбеде өтетін айтысқа шақырту алып қойғанмын. «Жүрсін ағам өз айтысына шақырып жатыр, енді күл болмасаңдар бүл болыңдар, өздерің өткізіп алыңдар» деп келісім берген айтыстан кетіп қалсам елге не бетімді айтамын. Министірліктен бұрын, Ақтөбеде күтіп отырған ел бар ғой. Бардым. Қатыстым.
Мақпал Мейірбекқызы: Жүрсін аға тағы да ренжіген жоқ па?
Жандарбек Бұлғақов: Жоқ. Өзі арнайы хабарласып, құттықтады.Тілекші екенін білдірді
Мақпал Мейірбекқызы: Министрлік сол айтыста ол кісіні неге шеттетті деп ойлайсыз?
Жандарбек Бұлғақов: Оны Мәдениет министірлігінен сұрау қажет. Әр түрлі қауесет естідім. Нақты араларынан қандай ала мысық өткенін білмеймін. Айтыста министрліктің қырық өкілі жүреді ғой. Не болғанынан, қалай болғанынан хабарым жоқ.
Мақпал Мейірбекқызы: Жүрсін ағадан сұрамадыңыз ба?
Жандарбек Бұлғақов: Жоқ. Айтысқа қатыспағаныма екі жыл болғандықтан «жүргізуші анау болсын, қарсыласым мынау болсын, жүлде осынша болсын» деп талап қоюға да арланасың ғой. Ол мен бармасам да айтулы деңгей де өтетін айтыс еді. Залдағы халықты айтпағанда қазылар алқасында екі халық ақыны Қонысбай Әбіл мен Әселхан Қалыбекова, және Балғынбек Имаш, Айнұр, Сара сынды айтыстың отымен кіріп күлімен шыққан адамдар араласқан жыр додасын ұсақ-түйек айтыс дейтіндер өздері білсін.
Мақпал Мейірбекқызы: Жүрсін ағаға қатысты соңғы сұрақ. Ол кісі былтыр берген бір сұхбатында айтысты диструктивті діни ағымдағы азаматтардың жетегіне кетіп қала ма деп қауіптенем депті. Кейін бір сұхбатында «Мен бұл пікірді төрт бес жыл бұрын айтқанмын» деп басқаша пікір айтып отырғанын байқадым. Мәселе Жүрсін ағаның пікірінің қысқа уақытта өзгергенінде емес. Сіз ол кісінің қауіпті деп айтқан азаматтарды танисыз ба? Олар жайында не ойлайсыз?
Жандарбек Бұлғақов: Ол кісі біреудің атын атап, түсін түстеп айтса мен де нақты пікір айтатын едім. Бірақ ол кісінің осы күнге дейін өз аузынан «анау анандай ағымда екен» деп біреудің фамилиясын атағанын естімеппін.
Мақпал Мейірбекқызы: Негізі, ақындар мен журналистер биліктің де, оппозицияның да, партиялардың да, діни топтардың да өкілдерімен етене жақын араласпағандары жақсы еді. Батыста сондай әйтеуір. Ал біз қара басымыздың қамымен әр түрлі ұйымдарға мүше болуға құмармыз. Бастықтарды мақтап пост жазғанды жақсы көреміз. Сөйте тұра, халықтың алдында обьективті болып көрінгіміз келеді. Сіз де «Нұр Отанға» мүшесіз. Егер партияның жұмысында кемшілік көрсеңіз, сынай алмайсыз ғой?
Жандарбек Бұлғақов: Жоқ, сынай аламын. Өйткені айтпаса болмайтын мәселені көтеріп, оған бола партия мүшелігіен қазір шығарып жіберсе де өкінбеймін.
Мақпал Мейірбекқызы: Партбилетіңіз қымбат болмаса не үшін мүшелікке кірдіңіз?
Жандарбек Бұлғақов: Болашақта шенеунік болайын деген менде мақсат жоқ. Айтысқа алғаш қадам басқан жылдары сахнада біреуді міндетті түрде сынау керек, айтыстың шарты сол екен деп ойлаушы едім. Себебі, алдынғы буын бізге сондай із салып кетті. Отбасылы болып, ақыл тоқтатқанан кейін, азды-көпті адамдармен араласып, тапсырылған жұмыстарды істеп көргеннен кейін мәселені жөн-жосықсыз сынаудың өрескел қателік екенін түсіндім. Сол саланың ішінде біте қайнамай, мәселенің анық-қанығына көз жеткізіп алмай бірдеңе деу мораль жағынан да дұрыс емес. Шыны керек, мен популист болуға арланамын. Шамам жеткенше сақтанамын. Бірақ тілі буынсыз, ойы түпсіз адамзат баласының бәрінің аузына қақпақ бола алмайсың. Дегенмен біз шындық айтуда қаншалықты әділеттіміз осы?! Мұстафа Шоқайдың киносын көріп отырып «Кезінде қазақты сатқан осындай опасыздарға да кино түсіріп шығындаламыз-ау» деген ақынның Мұстафа Шоқайдың тойына барып «Мұстафа деген адамзаттың асылы ғой» деп жер көкке сыйғызбай мақтап жырлап отырғанан көргенде жүрегім айныйды. Кеше ғана моншада арақ ішіп, таңертең «қазақтың қымызын немістер потенттеп алыпты, билік не қарап отыр ей» деп терісіне сыймай отыратындарды көзіммен көріп әбден түңілдім. Адам өзінің жүрегінде бар нәрсені айту керек. Өзің істемеген дүниені жұрттан талап етуге қандай хақың бар? Бір келіншек «балам қантты көп жейді, ақылыңызды айтыңызшы» деп баласын бір ғұламаның алдына апарыпты. Әлгі ғұлама «балаңызды қырық күн өткен соң әкеліңіз» депті. Қырық күн өтіп жаңағы келіншек баласын ғұламаға қайтадан апарса ғұламаның бар айтқан ақылы «қантты көп жеме айналайын» деген сөз болыпты «Ойбай-ау, осы сөзді айту үшін қырық күн күттіргеніңіз не бірден айта салмадыңыз ба?» десе жаңағы ақыл-ойдың иесі: «Ол кезде қантты өзім де жақсы жейтін едім, балаңа бірдеңе айтуға арым жібермеді» деген екен. Нағыз ақиқат деген осы емес пе? Не сөйлетініңді біл, кімге сөйлейтініңді біл, қашан сөйлейтініңді біл. Ал біздің қоғам осыны біле ме?
Мақпал Мейірбекқызы: Білмейміз.
Жандарбек Бұлғақов: Қазіргі айтыстың табиғатын бұзып алдық дедім ғой, оған қазылар алқасының бағалау жүйесі де әсер етпей қойған жоқ. Бұрын Рымғали Нұрғали, Ақселеу Сейдімбек, Қалихан Ысқақ, Жарасқан Әбдіраш, Қадір аталарымыз сияқты қазылар алқасының сұсы мен мысы болатын еді. Кезінде Махамбет Өтемісұлының екі жүз жылдығына арналған үлкен айтыс болды. Оған қырық шақты ақын қатысты. Оразалы Досбосынов қырғыздың екі ақынын сол айтыста жеңген еді. Енді сөзінің сөлін сығып айтысты. Бірақ алған ұпайларының ішінде сегіз, тоғыз бәрі аралас болды. Айтпағым, жаңағы қырық ақынның ішінен бірыңғай он деген балды екі-ақ ақын алды. Ол кезде он балл алу ақындарға арман болатын. Ал қазір қандай… Алдында отырған ақынның сөзіне емес, артында отырған халықтың шулап ысқырғанына он көтере беретін қазылар алқасы пайда болды. Ақындар қалай айтысуды емес, халықты қалай шулату жолдарын іздей бастады.
Мақпал Мейірбекқызы:«Не сөйлетініңді біл, кімге сөйлейтініңді біл, қашан сөйлейтініңді біл». Осы айтқаныңызды қағазға жазып, жұмыс үстеліме жабыстырып қоятын шығармын. Қатты ұнады. Бірақ «Мен сіздің айтқан бір сөзіңізбен келіспеймін, дегенмен, сол пікіріңіздің қоғамға жетуі үшін барымды саламын» дейтін плюрализмге, толеранттылыққа негізделген ұстаным да бізге үлгі болуы керек шығар.
Жандарбек Бұлғақов: Сөз бостандығы, демократия дегенді жалпы естіп жүргенімізбен соны халықтың өз тілінде елбасы жақсы түсіндіріп берді ғой. Бірнеше ғасырлар бойы қалыптасқан алпауыт мемлекеттер бүгін-ертең біреудің сыбырлағанына, пікір білдіргеніне шайқалып кетпейді. Сол елдердегі заңдылықты енді ғана тәуелсіздік алған бізге әкеліп орнатам деуге болмайды ғой. Мені ЕҰУ-да магистратуралық білім алып жүргенде Ерлан Батташұлы Германияға жіберді. Біз жолшыбай сол елге іргелес жатқан Голандияның Амстердамын да араладық. Аты жаман естілетін қаланың іші де оңып тұрған жоқ. Ер адамның жыныс мүшесіне соғылған мүсін, ашық сатылып жатқан анашаның түр-түрі, жағаңды ұстатады.
Мақпал Мейірбекқызы: Сұмдық.
Жандарбек Бұлғақов: Бізде сондай сұмдық күй кештік. Жолдың арғы бетіне қарасақ қазақтарға ұқсайтын қаракөз төрт- бес бауыр тұр екен. Елден кеткенімізге он шақты күн болған, оның үстіне сырт елде қандасыңды көрсең қалай қуанбайсың. Олар да бізді көріп, қуанып кетті. Екі жақта бағдаршамның жасыл түсі жанғанын тағатсыздана күтіп тұрмыз. Бірнеше секундтан соң, бір-бірімізге қарай құшағымызды ашып жүгірдік. «Қазақстаннан, Астанадан келдік»,- деп көк байрағымыз бейнеленген сөмкемді көрсетіп ойымда арамдық жоқ, мен де олардың қай жақтан келгенін сұрадым. «Тараз, Шымкенттемін»,- дейтін шығар деп күтіп тұрмын. Бетіме қарап, үндемей тұрды да, біреуі жаныма жақындап: «біз Ұйғырстаннан боламыз» деді. Құдды бір жетім балаға «әкең қайда жұмыс істейді?»,- десең, оның түрі де, көңіл-күйі де бұзылып кетеді ғой. Өзің де сұрақ қойғаныңа ыңғайсызданып қаласың. Жаңағы балаларға қатты жаным ашыды. Сол кезде мен мемлекетіңнің, президентіңнің, туыңның, шекараңның жоқ болуы қандай қасірет екенін түсіндім. Кейіннен әлгі ұйғырлардың Амстердамда өз ұлтына егемендік сұрап, ереуілге шыққанын білдік. Неге ол ереуіл басқа елде емес, Амстердамда ұйымдастырылды? Себебі, Голандияда демократиялық ұғымның шегі жоқ екен. Әркімнің шеруі мен ереуілін еркіне жіберіп қойған. Соның нәтижесінде, нашақоры да, көгілдірі де, жезөкшесі де көшеде ойына келгенін емін-еркін жүзеге асыра алатын, Абай айтпақшы көрінген ит бір-бір сарып кететін бұрышқа айналғанын аңғару қиын емес.
Мақпал Мейірбекқызы: Біздің Аллаға шүкір өз мемлекетіміз бар. Әлбетте, біз сіз айтқан ұлттан анағұрлым бақыттымыз. Бірақ осы туған елімізден жылына отыз бес мыңға жуық азамат шетелге оқуға емес, біржолата тұруға кетіп жатыр…
Жандарбек Бұлғақов: Менің ортамда ондай Отанын сатып жатқан адамдар жоқ. Бір жағынан ондай опасыздардың осы бастан кетіп қалғандары да жақсы. Қазақстанда осындай кезде тұруды қаламаса, ертең елдің басына күн туғанда олар бізге болыспайды ғой. Мемлекетімізді материалдық құндылықтарға бола қиып жіберетін болса, олардың осы елде тұрғандарынан не пайда?
Мақпал Мейірбекқызы: Екеуміз де жаспыз. Егемен елде қалыптастық. Неге біздің буын жағымпаз? Басшылардың алдында жағымпазданып сөйлеуді, жалтақтап жүруді кімнен үйрендік?
Жандарбек Бұлғақов: Мақпал, бұл бүгін пайда болған дерт емес деп ойлаймын. Қуғын-сүргін жылдары адамды этап этаппен қудалау деген болыпты. Яғни бүгін мені халық жауы деп атып, я болмаса сібірге айдатып жіберсе бір айдан кейін менің туысымды қудалау басталады. Күйеуі саяси құрбан болып жесір қалған талай аналармыз баласын ертіп туыстарының үйіне барса кіргізбей қойған екен. Сендерді танымаймыз деп. Тірі қалу үшін, құрсақта бірге тулаған бауырын танымаймын деп айтуға мәжбүрлеген заман ғой. Қазақтың кіл қаймағы қырылып, бір бірін сата салуға бейім, уәдеге тұрақсыз қауымды, сапасыз қауымды қолдан жасады. Солардан қалған сарқыншақтардың бойында жағымпаздық, сатқындық, деген сияқты мінез пайда болып жатса, таңғалудың қажеті жоқ. Мәселен , қазір бір танысымыз керемет жетістікке жетіп, аты шығып жатса сонымен түскен он жыл бұрынғы фотомызды тауып алып интернетке салуға асығамыз. Ал сол адамның басына бір іс түссінші. Сонымен бірге түскен фотомызды жариялап, оны ақтап алуға дайынбыз ба?
Мақпал Мейірбекқызы: Әсіресе, әлеуметтік желіде танымал тұлғаларды қаралау кампаниялары белсенді жұмыс істеп жатыр. Бірақ танымал адам таза болса, тонна батпақ жаңағы кампаниялардың өзіне келіп жағылады… Біздегі кейбір лауазым иелері жаңағы тұлғаларды қорғағандай болып, пікір алуандылығына шектеу қойғысы келеді. Бұл қадам алға басуға емес, артқа шегінуге алып келеді. Пікірдің ашық айтылғанынан ешкім ұтылмайды.
Жандарбек Бұлғақов: Мақпал, мен жеке пікір айтылмасын деп отырған жоқпын. Шындық айтылу керек. Баяғыда Жазушылар одағында бір зиялы ағамызға «сіз шындықты айтпайсыз ғой» деп біреу ренжіпті. Сол кезде ол «мен шындықты айтып жүрмін, бірақ сендер сияқты тыр-жалаңаш күйде емес, галстугын тағып, костюмін кигізіп айтам» депті. Сөзімнің нәтижесі қандай болады деп өлшеп алмасаңыз, ол сізге де зиян, қоғамға да пайда әкелмейді. Мен «бәріне қызыл көзілдірік тағып ал, ел жағдайы жайында жақ ашпа»,- деп айтпаймын. Алайда, алдымен кімге айту керектігін білу керек. Сөз бостандығы бізде бұрыннан бар. Дала демократиясының заңы бойынша бабаларымыз шындықты ханға айта алмаса оны қолтықтайтын адамына жеткізген. «Жүйесімен сөйлесең, түйесінен төре де түседі» деген сөз содан қалса керек
Мақпал Мейірбекқызы: Жүйесімен сөйлеп, ел жағдайын биліктің құлағына жеткізген кім бар? Ақындардың ішінде…
Жандарбек Бұлғақов: Мәселені шешкен қайсы ақын дейсіз? Шығыс Қазақстанда айтыс болды. Мейірбек деген інім облыс әкіміне қаратып: «Абай ауданының жолын салу, Абай жолын жазудан қиын емес қой»,- деді. Сол сөзді естіген Бердібек Сапарбаев бірнеше жыл бойы шешілмеген жол мәселесінің нүктесін қойды. Ал егер Мейірбек «ел бюджеті әкеңнен қалған ақша ме еді, қайда тықтың? Шығар! Жөнде!»десе қай әкім оның сөзіне құлақ асады?
Өзіңіз туып өскен Тараз қаласының кіреберіс қақпасында бұрын шығыс шайыры Фирдаусидің «Мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деген сөзі тұратын. Осыны ақын Біржан Байтуов: «Бір қарағанда әдемі сөз сияқты болғанымен, Тараз біздің тарихи астанамыз ғой. Ертең шетелден қаншама турист ағылып келіп, осы сөздің мағынасын сұрап жатса, қазақ қыздарының жарнамасы сияқты болып қалмас па екен?» деген бірауыз сөзіне әкім боп отырған Кәрім Көкірекбаев бұл сөзді ауыстыратынын сахнаға шығып айтты. Нәтиже деген осылай-осылай болады. Бізге мәселенің шешілгені керек пе, әлде жұртты дүрліктіріп, «қаҺарман» атану керек пе? Біз өз шаруамызды бітіру үшін бастығымызға ағалап, көкелеп жылы сөйлейміз. Жеке мүддеге келгенде біз құмырсқаның аяғына таға қаққан шеберміз. Ал мемлекеттің мәселесіне келген кезде бетке айтқыш демократпыз, ұлтшылмыз.
Мақпал Мейірбекқызы: Иә…
Жандарбек Бұлғақов: Баяғыда Алматыда Бекарыс Шойбеков пен Мұхамеджан Тазабеков айтысты. Сол кезде Бекарыс Алматының бүкіл былық-шылығын жайып салды. «Алдамшы қорлар менен топтар да бар, қалың елге бара жатқан азап етіп, бұл жақта сен бар ғой деп сеніп жүрсек, көпшілікке қоймас деп мазақ етіп. Ойпырмай, ару қала Алматымды, Не күйге түсіргенсің Тазабеков?» деді. Іле шала Мұхамеджан: «…Тазабеков не ғылдың деп отырсың, Елемей жұмыр басты пендені онша. Мына менің қолымда не бар дейсің? Қайтейін көкірегім шерге толса? Алматыны жайнатып жіберер еді, рухты азаматтар ерге қонса? Жетісуды жұмақ қып жіберер ем, дүниенің дінгегі менде болса» деді. Алматының құрылысы он жылға созылған мешітін Храпунов ашып берген. Сол жағдайды Мұхамеджан аға: «рахмет, мешітіммен құттықтадың, ол бұл күнде алды ғой ашық төрді. Қазақтың діндарлығы сол емес пе? Мешітінде Храпунов ашып берді. «Сүндеттелген көсемің жоқ па еді деп, сүйегіме таңбасын басып берді» деді. Соңғы екі жолды тыңдаған адамның намысы болса оянады. Ал мұндай сөзден әсер алмаған адамды сіз басқаша оята алмайсыз.
Мейіржан Әлібек деген бауырым «Тәубеңе кел» деген өлең жазды. Сол өлеңді үлкен лауазымда отырған шенеунік ағамыз елбасының картинасының жанына жабыстырып қойыпты. Күнде таңертең оқып жүреді екен. Бір күні жаңағы ағамыз бір аяғы мен қолы жоқ әйелге Алматыдан екі бөлмелі пәтер сыйлапты. Басқамыз айтыста «Океонариум салғанша халыққа үй тұрғызбадыңдар ма?» деп билікті жерден алып жерге салдық. Кім баспаналы болды? Мен Мейіржанның осы өлеңін халықты шулатқан қырық ақынның айтысына айырбастамаймын. Серік Қалиев айтқандай біздкі керемет өлең шығар, ал Мейіржандікі керек өлең болып тұр ғой.
Жандарбек Бұлғақов. Мен жалпыға топырақ шашудан аулақпен. Лауазымды мінбеде отырғандардың бәрі имансыз, ардан безген деген сөз адам алдында кінә, Құдай алдында күнә болады. Мен билік басында халыққа мүмкіндігі жеткен жерге дейін адал қызмет етіп жатқан адамдарды да білемін. Олар «маған бұл мүмкіндік ертең тағы берілмейді ғой» деп тәуекелге барып жатыр. Өзім білетін жұмысын көзбен көріп жүрген екі үш адамды танимын. Белгілі бір лауазым иесі болмаса да халыққа пайдалы жобаларды жүзеге асырып жатқан ұлтжанды азаматтар да бар. Бір күні Мақпал, Алакөлге айтысқа бардық. Бауыржан Оспанов деген кәсіпкер ағамызды танитын боларсыз?
Мақпал Мейірбекқызы: Танимын.
Жандарбек Бұлғақов: Сол кісінің ауылына бардық. Ол жақтың Қазақстанның басқа ауылдарынан бөлек екенін кірген адам бірден байқайды. Барлық мұғалімдерге қаз-қатар керемет үйлер салыныпты. Физика, математика пәндерін тереңдетіп оқытатын мектеп пен спорт үйірмесінен адам қарасы үзілмейді. Енді сол оқу ордасының жүйесін қараңыз. Спорт мектебінің оқушысы физика математика мектебінде оқығаны міндет. Өйткені спортсмен бала сапалы білім алмаса болашақта білектің күшімен бандит болып кетуі мүмкін ғой. Ал физика математика мектебінің баласы спортпен айналысуға тиіс. Әлжуаз боп, әркімге ақысын жіберіп жүрмеуі үшін. Оларға сабақ беретін ұстаздардың жалақысы да жоғары. Атырау, Ақтөбе т.б еліміздің әр аймағынан мұғалімдерді сол мектепке орналасу үшін, тест тапсырып іріктеу арқылы өтеді. «Жыландыда» ғана шығатын қымыз бар екен. Басқа жақтан қанша іздесең де таптырмайтын таза қымыз. Сол қымыздың үш литрі күн сайын әр отбасыға тегін беріледі.
Мақпал Мейірбекқызы: Кім береді?
Жандарбек Бұлғақов: Мешіттен таратылады. Сіз Алланың үйіне ана қымызды алып кету үшін барасыз. Ол жақтан қарияларды көріп, имамдармен сұхбаттасудың мүмкіндігі туады. Нәтижесінде Құдайыңызды танып, тағлымды жолға түсесіз. Ең жақсы жүйені сол ағамыз өз аулына орнатты, осылай. Енді осы ауылдағы жүйе Алла қаласа он жылда үлкен нәтиже береді деп сенемін. Мұндай ауылда өскен бала ертең- ақ ел мүддесін бәрінен биік қойып, адал қызмет ететініне сенем. Ертең ел тұтқасын ұстайтын солар болғандықтан, солардың тәрбиесіне барымызды салсақ нәтижесі көз қуантатыны анық. Сіз ашынып отырған қазіргі билік өкілдерін толық өзгертуге мүмкіндігіңіз болмаса, сол билік басына енді баратындардың болмысына жақсы нәрсе сіңіруге үлес қосуыңыз керек қой. «Бесіктегі баланың бек боларын кім білген, қарындағы баланың хан боларын кім білген» деп екеуміздің бабаларымыз айтқан. Өкініштісі, өзінің туған ауылына осындай жобаларды жасап жатқан жақсылардың жарнамасы аз. Біреудің құлағанын, сүрінгенін жариялаудан шаршамаймыз. Ақпарат құралдарының тарататын ақпараттарының басым бөлігі кіл негатив, көңілді хабары ән мен биден аспайды.
Менің инстаграмымда Орынгүл Арыстанбек деген оқушының суреті тұр. Ол қыз әлемнің қырық елінен үш мың бала қатысқан білім байқауында екі жүз есепті сегіз минутта шығарып, бас жүлдені жеңіп алыды. Ал осы қызды кім біліп жатыр? Қазақтар жиналып, әуежайдан күтіп алдық па? Білім министрі үйіне барып, болмаса кабинетіне шақырып құттықтады ма екен? Басшылар осы қызға «Балапан» телеарнасынан бір бағдарлама ашып берсе, басқа балаларға үлгі қылса барлығы ұтатын еді ғой. Білімді балаларға қамқорлық жасап, ары қарай ынталандыру жетпейтін сияқты.
Мақпал Мейірбекқызы: Қазаққа қарасып жатқан кәсіпкерлер кімдер? Мұнайдың арқасында форбс тізіміне кірген магнаттар жаңағы Жақсылық Үшкемпіров, Бауыржан Оспановтар сияқты әлеуметтік жобаларға меценат болып жүр ме? Бизнесі енді ғана дамып жатқан азаматтардың кейде өз еркімен, кейде әкімдердің айтуымен әртүрлі шараларға демеуші болып жүргенін көреміз. Олардың да ішінде камера өшіп, оңаша отырғанда «халықаралық жиын шараларды азайтып, неге бар күшті әлеуметтің жағдайын көтеруге салмаймыз» деп шамданатындары да бар.
Жандарбек Бұлғақов: ЭКСПО қалашығы салынып жатқан кезде таксиге отырдым. Сонда таксист: «ЭКСПО құрылысының басы-қасында болып келдім. Сол жердегі құрылысшылардан көрменің ашылуына бір-ақ апта қалды ғой, үлгересіңдер ме?» деп сұрадым. Олар уақытында бітіретіндерін айтты дейді. Қарапайым таксисттің мемлекеттің жұмысына қалай жаны ашып отырғанын қараңызшы. Сіз екеуміз өзімізді ұлтжандымыз деп ойлаймыз. Сіз сол көрмеге құрылысы бітпей жатқанда бардыңыз ба?
Мақпал Мейірбекқызы: Жоқ.
Жандарбек Бұлғақов: Мен де бармадым. Ел алдында сөйлеп жүрген менде ұлттық деңгей болмағаннан кейін, сұхбат алып жүрген сізде болмағаннан кейін басқалардан не күтуге болады? Іске жанымыз ашып кіріспейді. «Мына іс маған қарап тұр ғой, мұны мен қолыма алмасам ешкім істемейді ғой» дейтін адамдар аз. Бір хан елдің алдына қазан қойып «Халқым, дағдарыс келе жатыр…Аштықтың алдын алуға әрекет жасамасақ болмайды. Барлығын үйлеріңнен бір кесе сүт әкеліп, мына қазанға құйындаршы» деп жалыныпты. Барлығы келіскендей болады. Бірақ біреуінің ойы бұзылып: «біздің ауылда менен басқа бес мың адам бар. Сүттің орнына су құя салсам ешкім байқамас» деп жаңағы қазанға жан баласына білдіртпей су құйып жіберіпті. Хан таңертең тұрып, қазанның қақпағын ашып қараса, іші толған су екен. Сөйтсе, бес мың адамның барлығы ешкімнің көрмегенін пайдаланып, сүт орнына су құя салыпты ғой. Сол іс маған қарап қалып па деп салғырттық танытпай ұлтқа қатысты мәселеде бәріміз белсенді болсақ жақсы еді
Мақпал Мейірбекқызы: Сіз айтқан таксисттің ұлтжандылығы бәрімізге үлгі болсын. Әңгімеңізге көп рахмет, Жандарбек!
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024
-
06.12.2024