16-04-19 |
6340 рет қаралған
Жарқын Шәкәрім дүниеден озды.
Жарқын Шәкәрім дүниеден озды

Қазақ өнері қара жамылды. Атақты музыка зерттеуші, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жарқын Шәкәрім 72 жасында дүние салды.

Қазақ өнерінің майталманы, қазақтың ұлттық музыка мәдениетін зерттеуде және көкжиегін кеңейтуде зор еңбек сіңірген Жарқын Жақияұлының отбасына, туған-туыстарына және шәкірттері мен барша өнерпаздарға arasha.kz ұжымы қайғырып көңіл айтады.

Жарқын Жақияұлы Шәкәрім 1947 жылы туған, Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласы) – домбырашы-күйші, музыка зерттеушісі, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері.

Қарағанды музыкалық училищесін, Аматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясын) бітірген.

1973 – 1976 жылдары Мәскеудегі Бүкілодақтық «Мелодия» фирмасының Алматы күйтабаққа жазу студиясында аға редактор,

1976 – 1980 жылдары «Жалын» баспасында редактор,

1980 – 1982 жылдары Республикалық музыка аспаптары мұражайының директоры,

1982 – 1983 жылдары Қазақ филармониясында күйші – лектор қызметтеріне атқарған,

1983 жылдан Қазақ теледидарының музыка бағдарламалары Бас редакциясының редакторы, бөлім меңгерушісі бола жүріп «3амана бұлбұлдары», «Домбыра сазы», «Терме», «Шашу», «Музыкалық киножинама», «Күй-шежіре», «Інжу-маржан», тәрізді хабарларды жарыққа шығарды.


Жарқын Шәкәрім фонографқа жазылған (1925) Әміре Кашаубаевтың дауысы сақталған «Ағаш аяқ», «Смет», «Бесқарагер», «Жалғыз арша», «Үш дос», «Балқадиша», «Дудар-ай» әндері үнтаспасын (валик), Мәскеудің Орталық мұрағатынан тауып (1974), Серке Қожамқұлов, Әлікей Марғүлан, Сапарғали Бегалин, Жүсіпбек Елебеков, Әнуарбек Байжанбаевтардың қатысуымен күйтабағын автор ретінде жарыққа шығарды (1975). Сондай-ақ, «Әміре» (1977), «Ән жүлдызы» (1978), «Амре Кашаубаев» (орыс тілінде, 1980), «Малайсары би-ден Шәмілге дейін» (1997), «Ән асқары» (1998), «Құрманғазы» (ғылыми кеңесші, 1998), «Нұрғиса Тілендиев» (Дариға Тілендікелінімен бірлесіп жазған, 2003) кітаптарының авторы. «Қазақстан» Республикалық телерадио-корпорациясы АҚ жобасы бойынша жарыққа шыққан «Мәңгілік сарын» деп аталатын қазақ күйлерінің антологиясын (255 күй топтастырылған) шығаруға үлес қосып (2005), жауапты редактор болды. Ж.Шәкәрім ұмытыла бастаған көне саз аспабы – үш ішекті домбырада шебер орындаушы, насихаттаушы. Оның репертуарында «Жорға аю», «Көктөбел», «Кеңес», «Үзбе», «Толғау», «Қыз мұңы», «Қабанбай» сияқты халық қүйлері, Нұрғалидың «Көк қаршыға» күйі, сондай-ақ, өзі шығарған «Анадан аманат», «Абыралыдағы ата зары», «Дүние-кезек», т.б. күйлер бар. «Сазген» фольклорлық ансамблін ұйымдастырушы (1980), алғашқы көркемдік жетекшісі. Мәскеуде өткен 12-Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінің (1985) дипломанты, КСРО Бүкілодақтық «Білім» қоғамының «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған (1989).

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.