17-08-20 |
1960 рет қаралған
Жастар жаңа кәсіп меңгеруге дайын.
Жастар жаңа кәсіп меңгеруге дайын

Халықтың еңбекке ең қабілетті, ең ынталы бөлігі – жастар. Сондықтан қай саланы болсын жандандыруға, жаңғыртуға жастардың күші, жастардың идеясы пайдаланылады. Әсіресе отандық өндірісті дамытып, қазақстандық брендтерді жасау ісіне жас буынды араласу бүгінде өзекті болып отыр. Өйткені, мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті өркендетуге зор көңіл бөлінгенімен, ондағы басшылықы, жетекшілік лауазымдағы жастардың үлесі әлі де төмен. Олар әлі күнге үлкендердің қол астында, жұмысшы ретінде қызмет етуді тәуір көреді. Мұның бір себебі жастар жеке басына жауаптылық алудан қашады, екіншіден, олардың жаңа кәсіп үйренуге, өз бетінше ізденуіне мүмкіндігі бола бермейді. Ең бастысы, жастардың басым бөлігі тәуекел етіп, жаңа іс бастауға батылдық таныта қоймайды.

Статистика көрсетіп отырғандай, біздің мемлекеттегі халықтың 26 пайызын жастар құрайды. оЛардың арасында өз мамандығымен жұмыс істеп жүргендері сирек. Көпшілігі мамандық таңдауда өзінің қабілет-қарымын, қызығушылығын есепке алмайды. Қай мамандыққа мемлекеттік тапсырыс көп болса, соған құжат тапсырып, немесе ата-анасының айтуымен маманданып жатады. Ал қолына дипломын алғанда бұл мамандықты жаны сүймейтінін түсінеді. Өзі қызықпаған саланы өркендету мүмкін емес. Жастардың жұмыссыздар санатын толтыруына осы жағдай басты себеп болып отыр.

Ал біздің елімізде жастардың өз мамандығы бойынша кәсіп етуіне, қоғам қажеттілігіне сай мамандықтарды меңгеруіне, өз бетімен бизнес бастауына толық жағдай жасалған. Соның бірі – «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы. Мұндай ауқымды жобаны қолға алудағы басты мақсат жастар кәсіпкерлігін дамыту, идеяшыл жандардың өз бастамасын жүзеге асыруына қолдау көрсету. Өкінішке орай, жастарда мемлекеттік қолдауға ие болуға ынта болғанымен, еңбек, ізденіс жағы жетіспейді. Себебі «Бизнестің жол картасында» белгіленген қаржылай қолдауға ие болу үшін өзіңнің жоспарыңды ұсынып, оның пайдалы, тиімді екенін дәлелдей білуің керек. Мұндай қолдаудан екінің бірі үмітті. Және мемлекет есебінде тұрған, қадағаланатын, кімге беріліп, қалай жұмсалғаны бойынша есеп берілетін бұл қаржыны кез келгеннің қолына ұстата салуға болмайды. Қаржы берудің арнайы тәртібі, талаптары бар. Жастар міне осы талаптарға жауап беретіндей, көптеген жобалардың ішінен озық екенін, тың дүние жасауды ойға алғанын дәлелдей алуы керек

Бір қуанарлығы, соңғы кезде ауылшаруашылығын дамыту арқылы өз бизнесін жандандыруды мақсат еткен жастар саны көбейген. Соның бірі –Қалқаман Тоқтарбай. «Әке-шешеміз өмір бойы мал өсірді, соның өнімін саудалап алты баланы аяғынан тұрғызды. Бәріміз ауылшаруашылығының ебін біліп ер жеттік. Бірақ заманның ағымымен ауылдан қол үзіп, қаланың тіршілігіне араласып кеттік. Сонда да болса бәріміздің көңіліміз ауылда, санамыз ел жақты сағынып тұратын. Жастардың кәсіп ашуына мүмкіндік беріліп жатқанын естіп жеңілдікпен несие алып, ауылға кеттім. Ата-анам да мұнымды қаптады. Қазір ауылда мал бордақылаумен айналысып жатырмыз. Әкемнің ақылымен алған оншақты ірі қара, отыз қойдың басын екі жылда біраз көбейттік. Қазір ешкіге сұраныс өскен. Сондықтан, үш ірі қараны саудалап, он ешкі алған едім. Осы он ешкінің өзі бір жылдың ішінде екі есе көбейді. Сүтіне де тапсырыс беретіндер көп. Індет басталғалы ешкінің етіне қызығатындар қатары да артты» дейді жас кәсіпкер.

Бұрын кәсібін ашып, енді өз бетінше шаруа жасағысы келетіндерді тексеретіндер көп болатын. Бірінен соң бірі қадағалап, түртпектей берген соң кімнің болсын жеке кәсіп жүргізуге деген қызығушылығы жойылып кететін. Қазіргі кезде қолайлы іскерлік климат қалыптастыру үшін елде кәсіпкерлік қызметті реттейтін нормативтік құқықтық база, заңнама тетіктері барынша жетілдірілу үстінде. Сонымен бірге, кәсібін ашуды ниет еткендерге құжат жасау рәсімі де жеңілдетіп отыр. Бұған қоса, отандық кәсіпкерлердің өз өнімін өткізуіне кедергі жоқ. Әсіресе, ауылшаруашылығы, ұлттық қолөнерды дамытушыларға көптеген жеңілдіктер беріліп, сауда алаңдарын ұйымдастыруына мейлінше жаңдай жасалады. Мұндағы бұрынғы тексеру, құжат талап ету секілді қолдан жасалған кедергілер біртіндеп азайып келеді.

Жас кәсіпкерлерді қолдау қауымдастығының өкілдері де бұл бағытта аз жұмыс атқарып отырған жоқ. Қазақстанда кәсіпкерлік белсенділіктің 13,7 пайыз деңгейінде екенін айтқан қауымдастық өкілдері жер бетіндегі адамдардың саны артып бара жатқандықтан, азық-түлікпен қамту мәселесі ден қою керек екенін алға тартады. Жері тар, табиғи байлығы аз елдермен салыстырғанда Қазақстанның кең-байтақ жері ауылшаруашылығын барынша дамытуға сұранып тұр. Сондықтан, алдағы уақытта да кәсібін ауылмен, мал шаруашылығымен, жеміс-жидек өмірумен байланыстырам деген жастарға қолдау кемімейді. Керісінше, мемлекет тарапынан бұрынғыдан да кең ауқымды бағдарламалар мен жобаларды қолға жоспарда бар.

Қауымдастық дерегіне сүйенсек, биылғы жылы 29 жасқа дейінгі жастардың жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істеп жүргені 114 мың адамды құрап отыр. Оның ішінде белсенді еңбек етіп жатқаны жүз мыңның айналасында. Ал салаларға бөлер болсақ, субъектілердің басым бөлігі ауыл шаруашылығын, сауда саласын және қызмет көрсету салаларын таңдағанына көз жеткіземіз. Осының өзі бізде озық технология, электрондық әлемді меңгеріп, оны кәсібіне айналдыратын жастардың әлі де болса жеткіліксіз екенін көрсетсе керек.

Руслан Мәлікұлы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.