«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы ҚР АҚДМ Жастар және отбасы істері комитетінің қолдауымен Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған негізгі бағыттарды талқылауға арналған «Jastar: ózekti másele» сараптама алаңының кезекті отырысын өткізді.
Жиынға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов қатысып, Президент Жолдауында айтылған негізгі қағидаларды ескере отырып, мемлекеттік жастар саясаты саласындағы жаңа стратегиялық міндеттерді айқындады.
Пікірсайыс барысында Парламент Мәжілісінің депутаты Елдос Абақанов биылғы Жолдау қазақстандық қоғамның көптеген әлеуметтік сұранысына жауап беретінін, сонымен қатар заңнамалық қамтамасыз ету сияқты нақты іске асыру механизмдерін талап ететінін атап өтті. Өз кезегінде «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Әсем Қайдарова отбасы-демография саясатын іске асыруды жан-жақты қарастырудың маңызы зор екенін айтты.
«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Аян Сакошев әлеуметтанулық зерттеулердің кейінгі нәтижелерін таныстырып, білім алу және еңбек бағыттары бойынша жастардың әлеуметтенуі мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталып өтті.
Талқылауға танымал қазақстандық ғалымдар мен жастар ұйымдарының жетекшілері белсенді қатысты. Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Әлеуметтанулық зерттеулер бөлімінің басшысы Жанна Кәрімова Мемлекет басшысының Жолдауы мәнмәтінінде жастар саясатын ғылыми-әдіснамалық сүйемелдеудің басымдықтары туралы айтып берді.
Кездесу барысында республикалық жастар ұйымдары жетекшілері де пікірін білдіріп, қойылған міндеттерді іске асыру бойынша түсінігін бөлісті. «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» ЖҚ төрағасы Нұржан Жетпісбаев Мемлекет басшысы алға қойған жаңа стратегиялық міндеттерді ескере отырып, 2025 жылға дейін «Жастар – Отанға!» бағдарламасын іске асырудың негізгі аспектілерін айқындады.
«Jastar: ózekti másele» сараптама алаңы отырысының қорытындысы бойынша мемлекеттік жастар саясаты саласын жетілдіруге бағытталған ұсынымдар тізімі қалыптастырылды.