Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин геологиялық барлау мен пайдалы қазбаларды өңдеуге инвестициялар тарту үшін салықтық ынталандыру жөнінде ұсыныстар айтты.
«Біз инвесторлар үшін, соның ішінде геологиялық барлау үшін қосымша ынталандыруды қарастырдық. Құрылыс, жабдық пен бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алу, сондай-ақ оларды қайта құру және жаңарту шығындары бойынша 100% шегерімдерді ұсынамыз», — деді Мәжілістің жалпы отырысында жаңа Салық кодексінің жобасын бірінші оқылымда талқылау кезінде вице-министр.
Сондай-ақ қолданыстағы келісімшарттар шеңберінде де, одан тыс та барлау шығындарына шегерімдерді пайдалануға рұқсат беру жоспарланып отыр.
«Сондай-ақ кен орындарының рентабельділігі төмен жаңа бөліктерін игеру үшін 5 жылға дейінгі пайдалы қазбаларды өндіру салығына нөлдік мөлшерлеме енгізу ұсынылады», — деп толықтырды ол.
Өңдеу саласы үшін жекелеген шаралар көзделген.
«Қатты пайдалы қазбаларды өңдеу үшін салықтық жеңілдіктер енгізілуде», — деді ол.
Сонымен қатар жетілген мұнай кен орындары үшін жер қойнауын пайдалануға балама салық ұсынылады.
«Салық жеңілдіктерінен түскен үнемдеу жер қойнауын пайдаланушыларда қалмайды. Ол үшін дивидендтер алуға тыйым салу қарастырылған. Қаражат өндіріске және өңірді дамытуға — инфрақұрылымды жақсартуға, жергілікті кадрларды оқытуға және ғылыми зерттеулерді қолдауға инвестициялар ретінде бағытталатын болады», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Ұсынылып отырған шаралар қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға, қайта өңдеуді дамытуға, сондай-ақ ресурстарды өңірлердің және тұтастай ел экономикасының пайдасына әділ бөлуді қамтамасыз етуге бағытталған.