24-08-23 |
1320 рет қаралған
Жерге бөлінген 26 миллиард теңге қайда?!.
Жерге бөлінген 26 миллиард теңге қайда?!

Мұндай сұрақты белгілі заңгер, Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек қойып отыр.

Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәселе көтеріп, сауалына жауап берген «прокурорлардың жауап хатын сараптады».

Барлықтарыңыз білесіздер, маусым айында мен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында жеке тұрғын үй құрылысы үшін жерлерге инженерлік инфрақұрылымды әзірлеу үшін облыстық әкімдіктерге бөлінген 51 миллиардтың із-түссіз жоғалған 26 миллиард теңгесі жөнінде мәселе көтеріп, тиісті сұрауымды 30 маусым 2023 жылы Бас Прокуратураға тапсырған болатынмын – деп бастапты ол жазбасын.

Әңгіменің әлхиссасы осыдан басталған. Ол Индустрия және инфрақұрылым министрлігі мен Қаржы министрлігінің ақпаратына сүйеніп, 2022 жылы барлық облыс әкімдеріне инженерлік инфрақұрылымды өткізіп, 49 591 жер телімін дайындау үшін 51 миллиард теңге бөлінгенін келтіреді.

Бірақ та, 2022 жылы іс жүзінде 24 968 жер телімі әзірленген болатын. Қалған жер қайда? Қалған ақша қайда деген сұрақ туындайды!? Ал қалған 26 мың жер телімін әзірлеу үшін 8 облыс әкімдігіне бөлінген 26 миллиард теңгенің тағдырын Парламент мінберінен көтеруге тура келді. Міне, 30 маусымда әкімдердің үстінен жолдаған сұрауым бойынша Бас Прокуратурадан жауап келді – дейді депутат.

Прокуратураның депутатқа берген жауабын бірге сараптап көрейік.

Біріншіден, көзге түсетін дүние Парламент Мәжілісінің депутатына жауап хатты Бас Прокурор емес, Бас Прокурордың орынбасары да емес, бар болғаны Прокуратураның Басқарма басшысы қайтарғаны депутаттың деңгейін төменге түсіріп жатқанын байқатса керек. Депутаттың хатына жай стажер маманның жауап бермегеніне қуану керек шығар?! Мұны кешіруге бола ма, әрине, жоқ! Бұл хат үшін Бас Прокуратура өкілдері алдымызға келіп жауап береді – деп өкпесін білдіріпті әуелі депутат.

Екіншіден, мен прокурорлардан мониторингті емес, прокурорлық тексеруді талап еткен сияқты едім. Прокурорларың мониторингпен шектеліп қалды! Мұны қалай түсінуге болады? – деген депутат прокуратура жауапты орысша қайтарғанын байқатты.

Үшіншіден, прокурорлардың жауабының орысша мәтінінде Ақмола (90%), Қостанай (89%) және Батыс Қазақстан облыстарында (76%) инфрақұрылым әзірленген делінген. Онда бұл ақпаратты Қаржы министрлігі және Индустрия және инфрақұрылым министрлігі неге растамады? Басында, бұл ақпаратты ұсынған министрліктердің өкілдері мәлеметтерді неге бермеген? Жалған сөйлеп тұрған кім: министрліктер ме, жоқ әкімдер мен прокурорлар ма? – дейді ол.

Өз сараптамасында депутат жер телімін игеруге қазынадан қанша қаржы бөлінгенін нақты көрсеткен.

Төртіншіден, прокурорлар өзінін жауап хатында Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша инженерлік инфрақұрылымды жүргізу жұмыстары өтіп жатқанын айтып отыр. Бірақ Қаржы министрлігінің бекіткен бюджеттік жоспары бойынша 2023 жылы бюджеттен 39 мың 789 жер телімі инженерлік әзірлеу үшін 46 миллиард 227 миллион 531 мың теңге бөлу, ал 2024 жылы 50 мың 732 жер телімін инженерлік инфрақұрылымын қамтамасыз ету үшін 64 миллиард 521 миллион 084 мың теңге бөлу жоспарланған! Сонда, 2022 жылы бөлінген 51 миллиардтың 26 миллиардының жағдайы белгісіз болса, 2023 жылы қосымша 39 мың 789 жер телімін инженерлік әзірлеу үшін 46 миллиард 227 миллион 531 мың теңге қалай бөлінеді?! – дейді Бақытжан Базарбек.

Сонымен қатар депутат аталған министрліктер мен прокуратураға бірнеше сауал тастайды.

Егер облыс әкімдіктері бөлінген бюджеттік ақшаға толықтай есеп бермесе, жоспарлаған тиісті инженерлік инфрақұрылымды жер телімінде жүргізбесе, Қаржы министрлігі олардан есеп алмай, 2023-2024 жылға қалай ақша бөлмек? 2023-2024 жылға тиісті жоспарланған ақшаны облыс әкімдіктеріне бөлгеннің өзінде 2022 жылы бөлінген қаражаттың есебін кім бақылайды? – дейді заңгер.

Депутат ең сорақысы, прокурорларға басында хат жолдағанда қаржы жымқыру және тиімсіз пайдалану фактісі орын алған жағдайларда әкімдерге қылмыстық қудалауды жүргізуді сұрағанын, прокурорлардың Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында инженерлік инфрақұрылымды өткізу жұмыстары өтіп жатқанын құр жалпылама сөзбен жазғанына кейістік танытады.

Жалпы, жадымызда «прокурорлар әкімдерді қылмыстық қудалауға дайын ба?» деген күмән туындап жатыр. Байғұс тоз-тозы шыққан жерсіз, үйсіз қаңғып кеткен қара халыққа әкімдіктердің бұл ісін қалай түсіндіреміз? – деп торығады депутат.

Arasha.kz

ФОТО: baq.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.