«Жерде жетім жыласа, көкте періште тітіркенеді» дейді халық тәмсілі. Бірақ, жетімдіктің тақсыретін тартып, қиындығын көріп жүрген періштелерге керек кезінде демеу болып, көмек қолын соза алмайтын кездеріміз көп.
Бейресми ақпарат бойынша, Қазақстанда 5 миллион 100 мыңнан астам кәмелетке толмаған бала бар. Осы жеткіншектің 37 мыңы жетімдіктің ауыр қамытын киген. Мемлекет жыл сайын бір жетімге 1 миллион теңгедей қаржы бөледі екен. Қазақстандағы балалар үйінде осы баланың 13 мыңға жуығы тәрбиеленуде. Мысалы, тек Алматы қаласының өзінде мың жарымнан астам ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала бар екен. Мемлекет тарапынан қаншама жағдай жасалғанымен, оларға өз анасының, әкесінің аялы алақаны бәрібір жетіспейді. Осы балалардың 900-ге жуығы қамқоршылар тәрбиесінде.
Бала асырап алудың мұндай балама формасын тиімді деп санайтындар көп. Соның бірі – «Ковчег» ұйымының директоры Марина Сугакова. Жетімдердің балалар үйінен гөрі, отбасында тұрғаны, шаңырақ жылуын сезінгені анағұрлым пайдалы екенін алға тартқан Сугакова өзі басқаратын ұйымның да осы бағытта өнімді жұмыс атқарып отырғанын айтып отыр. Маманның уәжі де дұрыс. Бала асырап алғысы келетіндердің көпшілігі дені сау балаларға таңдау жасайды. Базардан зат қарағандай балаларды сыннан өткізетіндер бұл әрекеті арқылы өзгенің көңіліне кірбің түсіретінін ойламайды да. Ең өкініштісі, жылатпаймын деп уәде беріп жетектеп кеткен баламен тіл табыса алмайтындар жиі кездеседі. Осыдан кейін күні кеше «анам мені алып кетеді» деп жанындағыларға мақтанышпен қуанышты жаңалығын жеткізген баланың ахуалын көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Жетім екенін түсінгені аздай, мына жағдай оның ортасынан оқшаулануына, өзін кем санауына алып келуі әбден мүмкін.
Ал, қорғаншылар мен қамқоршылар қарауына берілген бала «мынау менің отбасым, енді анам, әкем болады» деп өзін-өзі алдамайды. Қамқоршының барын білу арқылы өзінің жалғыз қалмайтынын, көмектесетін, қолдайтын жанның табылғанына қуанады. Оның үстіне, қорғаншылар мен қамқоршыларға мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақы тағыйындалып, құқықтары мен міндеттері заңдық тұрғыда толық жасалған. Жалпы, өз бетінше әрекет ете алмайтын мүмкіндігі шектеулі жандарға, жанашыры жоқ жетім балаларға қамқоршы, қорғаншының бөлінуі мемлекет тарапынан жасалып отырған үлкен қамқорлық. Әлсіздерге көмек көрсететін мұндай жандарды іріктеудің де талабы қатаң. Қазақстан Республикасының «Неке және отбасы туралы» Заңының 108-бабына сәйкес, сот әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілетгілігі шектеулі деп таныған жандар; ата-ана құқықтарынан айрылған немесе ата-ана құқықтарын сот шектеген азаматтар; өзіне заңмен жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін қорғаншылық міндеттерден шеттетілген адамдар қорғаншылар мен қамқоршы бола алмайды. Осының өзі жетім балалардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың тағдырына ел үкіметінің бейжай қарамайтынын көрсетеді.
Алайда, жетім балалардың есебінен пайда тауып, қамқоршы ретінде тіркелгенмен, өз міндетін жауапсыз атқаратындар да кездеседі. Мсыалы, Алматы қалалық прокуратурасының ресми мәліметіне сәйкес бұрын есірткі және адам саудасына қатысты қылмыс жасаған тұлғаларға да қамқоршы статусы берілгені анықталған. Осындай жағдайға байланысты 47 өкілетті адам дисциплинарлық жауапкершілікке тартылған. Бұл жетімдер тәрбиесіне жауапты жандарды әлі де болса терең сүзгіден өткізіп, жоғары талапқа жауап беретіндеріне ғана балаларды сеніп тапсыру керектігін алға шығарады.
Руслан Мәлікұлы
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024
-
04.12.2024