Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталушы мен оның адвокатының өтінішхаты бойынша Б.Борамбайға қатысты қылмыстық істі қарады.
Сот үкімімен Борамбай алдын ала сөз байласу бойынша адамдар тобында күш қолданып, бопсалау, сондай-ақ атыс қаруын заңсыз сақтау (ҚК-тің 194-бабы 2-бөлігі 1), 2)-тармақтары, 287-баптың 4-бөлігі) бойынша кінәлі деп танылған. Оған 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Сотталушы мен оның адвокаты өз өтінішхаттарында жәбірленушінің төленбеген қарызы бар екенін алға тартып, қылмыстық әрекеттерді озбырлық ретінде қайта саралауды сұраған.
Сот алқасы істі зерделеп, сотталғанның кінәсі толық дәлелденді деген қорытындыға келді.
Борамбай сыбайластарымен бірлесіп, жәбірленушіні бірнеше рет ұрып-соғып, тапаншамен қорқытып, 500 000 теңге талап етіп, құны 1 миллион теңге тұратын көлікті алып кеткені анықталды.
Бұл мән-жайлар жәбірленушінің, куәнің айғақтарымен, сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен расталған. Қорғаушы тараптың жәбірленушінің Борамбайға қарызын мойындауымен жазылған телефон әңгімесіне сілтеме жасауы негізсіз.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижелерін зерделеу бұл жазбаның күш қолдану қаупімен жасалғанын көрсетті. Мұны жәбірленуші тарап та тергеу басталғаннан айтқан.
Осыған байланысты Борамбайдың кінәсі дәлелденген болып саналады. Бұрын тонау және қарақшылық жасағаны үшін үш рет сотталған кінәлінің жеке басы ескеріліп, оған әділ жаза тағайындалды.