06-03-19 |
2550 рет қаралған
«Жолда қабылдау» акциясының көмегі көп.
«Жолда қабылдау» акциясының көмегі көп

Елімізде республикалық  «Жолда қабылдау»  акциясының қолға алынғанына біраз болды. Алғашқы жылдары бұл шараның қажеттілігін, маңыздылығын көп адам ұғына қойған жоқ. Бірақ, ірі қалалар ғана емес, облыс, аудан орталықтарындағы жолдағы қауіпсіздікке жауапты тұлғаларды халықпен тікелей байланыс орнатуға міндеттеген бұл акцияның тиімділігі бастапқы кезден-ақ білінді. Халықпен кері байланысты орнатуға жол ашқан акцияны жұртшылық та жылы қабылдады.

Іс-шараның мақсаты тек жол қауіпсіздігі бойынша ескертулер жасап, құзырлы орындардың жұмыс істеп жатқанын көрсету емес. Біріншіден, азаматтар бұл шарада жол полиция қызметкерлерімен бетпе-бет жүздесуге, олардың да өздері секілді ет пен сүйектен адам екенін білуге мүмкіндік алады. Бұлай дейтініміз, сақшыларды көргенде бақылауды жоғалтып, олар не айтса соны мақұл көріп, бас шұлғи беретін жандар әлі де жеткілікті. Осы шара барысында жүргізушілерге өз құқықтары ыждағаттылықпен түсіндіріліп, полицияның талабы барлық кезде дұрыс бола бермейтінін ұғындыру басты шарт болып отыр.

Екіншіден, жол полициясының қызметкерлер тобы азаматтарды мобильдік қабылдау жүргізу мақсатында көпшілік жиналатын орындарға арнайы «Жолда қабылдау» деп жазылған ақпараттық плакаты бар автобустарды қойған. Осы мобильдік қабылдау кезінде тұрғындарға  электрондық үкімет порталы арқылы мемлекеттік қызметтердің қолжетімдігі, онлайн режимде айыппұлды төлеу, тәртіп сақшыларының заңсыз әрекеттері мен шешімдеріне шағымдану тәртібі туралы құқықтық кеңестер беріледі. Яғни, мұнда азаматтарды автобустарда қабылдау арқылы құқықтық саладағы жаңалықтар таныстырылып қана қоймай, сонымен бірге, халықтың көкейіндегі сауалдарға да тиянақты жауап беру мақсат етіліп отыр. Тұрғындар өз дауыстарының билікке жететінін әрқашан білуі керек. Бұл олардың елдегі әділдікке, тазалыққа сенімін арттырады.

Шара жұмысына Халыққа қызмет көрсету орталығының, тіркеу-емтихан бөліністерінің, жол-техникалық бақылау және әкімшілік практика мамандарының да белсене қатысқанын айта кеткеніміз жөн. Мұндай мамандарға еркін жағдайда сауал қою кез келген жүргізушінің арманы екені рас. Осындай оңтайлы сәтті пайдаланған мамандар да өз салалары бойынша қандай да бір мәселемен келген азаматтардың сұрақтарына жан-жақты жауап беруде.

Акция барысында айтылған талап-тілектер де ескерусіз қалмайды. Сондайда азаматтар өздерінің жол көлік апатына түскенде, заңсыздыққа тап болғанда кімнен жедел көмек аларын білмей дағдаратындарын айтқан болатын. Осыған орай, облыс және қала тұрғындарына арналып департаменттің әлеуметтік парақшалары ашылған. Осы желілер арқылы сұрақ қойғандарға бірден жауап беріледі. Сондай-ақ, тұрғындар «жедел желі» арқылы да өздерін толғандырған мәселелерді жолдай алады.

Тек Қызылорда облысының өзінде акция ұйымдастырылған бір апта аралығында 500-ге жуық тұрғын смартфон арқылы 44 мемлекеттік қызмет түрін пайдалануға және 15 облыс тұрғыны терминал арқылы айыппұл төлеуге мүмкіндік алды.  Мәселен,  Қызылорда қаласының тұрғыны құрылыс жұмыстарын бастағысы келген. Бірақ, Өзбекстаннан келген жұмысшылардың қызметін пайдаланудың тәртібін білмейтін болып шықты. Тіпті айналасындағылар «құзырлы орындарға барып керегі не? Тексеріп келгендерге ақшасын беріп тұрмасаң бәрібір мигранттарды алып кетеді» деп қорқытып қойған. Өңірде дәл осы жолмен мигранттар қызметін пайдаланып, ұтылып жатқандар аз емес. Ал заң бойынша шетелдіктердің еңбегін пайдаланудың заңдық қағидасы жасалған. Ол үшін алдымен азаматтарды шақыртуға рұқсат алу керек. Департаменттің Көші-қон қызметінің бастығы полиция подполковнигі Аруын Жолдасбаевтың айтуынша, өзге ел азаматтары келген соң оларды тіркеп, жұмыс істегені үшін арнайы салықты төлесе болғаны. Осының бәрін заңдастырып, құжат жасатқан адамның ешқандай тексеруден қорықпауына болады.

Айта кетерлік жайт, акцияға Қызылорда облысының  блогерлері де белсенді түрде жұмылдырылды. Олар өз тарапынан әлеуметтік желілерде  тікелей эфирде акцияның өту барысы, тұрғындарға кеңес беру сәттерін кеңінен жариялады. Сондай-ақ, әлеуметтік желілер  мен «жедел желі» арқылы түскен тұрғындар сауалы да назардан тыс қалмады.

Азаматтардың құқықтық сауатын көтеретін, полиция пен халықтың арасындағы байланысты жандандыратын мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Гүлназ Әсенғазы

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.