Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда несиені көп алатын азаматтардың табысы жақсы деп санайды. Бұл туралы ол Мәжіліс дәлізінде журналистерге берген жауабында айтты, деп жазды Dalanews.kz.
Журналистер тұрғындардың көпшілігі несиеге тәуелді болып, тіпті дәрі-дәрмекке дейін бөліп төлеу арқылы алуға мәжбүр екенін алға тартты. Ал Жұманғарин бұл пікірмен келіспейтінін білдіріп, несиені «ақылмен алатындардың» табысы жоғары екенін айтты.
«Жалпы несие алатын адам ақылды адам деп санаймын. Егер адам көп несие алып жатса, демек оны төлейтіндей жақсы табыс табады деген сөз. Ал енді дәрі-дәрмекті бөліп төлеуге алуға қатысты айтсам, мұндай жағдай ойлануға тұрарлық. Қазақстанда кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде 12 миллион адам дәрі-дәрмекті тегін алады. Оларды Kaspi Red арқылы несиеге алудың қажеті жоқ қой. Дәрігерге барып, рецепт алып, тегін алуға болады. Бәлкім, әңгіме басқа, өте сирек кездесетін немесе бізде тегін берілмейтін дәрілер туралы шығар. Бірақ бұл да әлеуметтік салаға қатысты мәселе, оны да қарастырып жатырмыз», – деді Серік Жұманғарин.
Министрдің айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушы қазақстандықтар көптеген дәріні тегін алуға құқылы.
«Бірінші дәрігерге бару керек, дәрі тегін беріле ме, берілмей ме, анықтап алған жөн. Егер расымен қажет дәрі тегін берілмесе, басқа шешімін іздеуге болады. Бірақ несие алғанда әркім өзі жақсылап ойлануға тиіс», – деді ол.