arasha.kz

Жүргізушілер Қазақстанның шұрық-тесік жолын ақылы қылуға қарсы

Қазақстанда жүк көлігінің жүргізушілері ақылы жолды қымбаттатуға наразы. Дауға «Қазавтожолдың» ұзындығы алты мың шақырымға жуық 18 жол бөлігін 1 маусымнан бастап ақылы етеміз деген хабары себеп болды.

«Қазавтожол» компаниясы 1 маусымнан бастап 18 жол бөлігінің ақылы болатынын хабарлаған. «Әр шақырымына 35 теңгеден төлейді» деген әңгімені естіген жүргізушілер жаппай наразылыққа шығып жатыр. Наразылық шаралары Алматы, Ақтөбе, Маңғыстау өңірлерінде болды.

Даудың басы «Қазавтожолдың» ұзындығы алты мың шақырымға жуық 18 жол бөлігі 1 маусымнан бастап ақылы болады деген хабарынан басталды. Алдын ала интернетпен төлем жасаса – 25 теңге, бекетте ақысын төлесе, шақырымына 35 теңге төлеуі керек деген хабар құлаққа түрпідей тиген. Жүргізушілер мұндай ақыны алып тастамаса, жолды жауып тастауға дайын.

«Халыққа өздері тиісіп отыр ғой. Үкімет солярка бағасын көтеріп, неғып жатсың деп шұқып жатыр. Қарны тоқ болса, қарапайым халық шырылдамайды, ешқайда шықпайды», – дейді жүргізуші Қуат Байжұмаев.

Республика бойынша наразылыққа шыққан жүргізушілерді «Қазавтожол» сабырға шақырады. Маусымнан бастап 18 учаске ақылы болады деген хабарды растағанмен, бәріне бірдей айдың басынан төлем алынбайды. Жөндеу көбінде аяқталмаған. Ал жүргізушілер айтқандай шақырымына 35 теңге төлейді деген жаңа тариф бекітілмеді дейді.

«2013 жылдан бастап тариф өзгерген жоқ. Жеңіл көлік үшін әр шақырымына бір теңге. Жүк көліктеріне 5-25 аралығында. Ол тиеп алған жүгіне байланысты. Бізде жүк көліктері алты санатқа бөлінеді», – деп түсіндірді «Қазавтожол»ҰҚ» АҚ ресми өкілі Диас Ахметшәріп.

«Қазавтожолдың» бұл жауабы  жүргізушілерге жұбату болмай тұр. Ақылы еткізілетін 18 жол бөлігінің бәрінің ой-шұңқыры бітеліп, тақтайдай сайрап жатпағанын басқасы басқа, олар күнде көзімен көріп, азабын тартып жүр. Наразылық толқуға ұласпас үшін «Қазавтожол» компаниясы жұмыс тобы құрылғанын, барлық шағымды тыңдауға дайын екендігін жеткізіп, әзірге әңгімені жылы жапты.

Exit mobile version