Dalanews және Dalainside редакцияларының тәуелсіз журналистері еліміздегі ірі құрылыс компаниясы тарапынан қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеп, үндеу жариялады.
Dalanews редакциясының мәлімдеуінше, «G-Park» құрылыс компаниясы және оның басшысы Ғабит Сатмағамбетов туралы материалдар жарияланғаннан кейін қысымға тап болған. Редакция осыған қатысты ҚР Бас прокуроры Б.Асыловқа, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваға, ІІМ министрі Е.Сәденовке, «Әділ Сөз» Халықаралық сөз бостандығын қорғау Қорына, Қазақстан журналистер Одағына, Қазақстан Транспаренси қорына, Internews-ке, барлық ақпарат құралдары мен журналистерге ресми үндеу жасады.
Даудың басы «G-Park» құрылыс компаниясының басшысы Ғабит Сатмағамбетовке қатысты шыққан материалдан басталған.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің 2023 жылғы 22 желтоқсандағы «G-Park компаниясына жаңа нысандардың құрылысын бастауға тыйым салу» туралы барлық БАҚ-та таратылған жария мәлімдемесі, экс әкім Алтай Көлгінов отставкаға кеткеннен кейін құрылыс компаниясында проблемалар басталғандығын, бұрынғы полиция қызметкері Ғ.Сәтмағамбетовтің жағдайы мәз емес тұжырымды растай түскен.
Себебі, алдымен «G-Gark» ЖШС «Женева» МЖК нысаны бойынша бойынша жосықсыз құрылыс салушылар тізіміне енгізілді. Ал одан кейін рұқсат құжаттары жоқ ТК құрылысына қатысты жанжалдар, 2023 жылғы тамызда кеңседе үлескерлердің митингілері орын алды.
2023 жылдың 25 желтоқсанында DALA INSIDE телеграм арнасында «Қуат» оқиғасы қайталанады. «G-Park» құрылыс компаниясының басшысы Ғабит Сатмағамбетов Дубайда жасырынуға көшті» тақырыбымен материал жарияланады.
Аталған материал шыққаннан кейін «G-Park» басшысы Ғабит Сатмағамбетов өзінің Instagram парақшасында Астанада екендігін жариялап, редакцияға жарияланымды жоққа шығару туралы талап жібереді.
Сатмағамбетов онымен тоқтамай 2024 жылдың 4 қаңтарында Астана қаласының полиция департаментіне арыз жазады. Ол журналистердің негізсіз шабуылына ұшырап, Дубайға бармағандығын алға тартады.
Осыдан кейін Астана қаласы полиция Департаментінің жедел тергеу басқармасы 365info.kz және DALA INSIDE редакция қызметкерлерінен жауап алу үшін оларды Алматы мен Астана қаласынан шақыра бастаған. БАҚ туралы Заңның 20-бабына қарамастан, тергеушінің негізгі мақсаты журналистерді даулы құрылыс компаниясы туралы ақпаратты қай дереккөзден алғанын ашуға мәжбүрлеу болған.
Қазіргі уақытта редакция журналистерін тінту, кеңсе техникасын алып қою және қамауға алуға санкция беру қаупі бары айтылды. Астана қалалық Полиция департаментінің тергеу басқармасы нақты күдіктінің жоқтығына және редакцияның ақпаратты жария етпеу туралы еш құжатқа қол қоймағанына қарамастан, аталған іс туралы ақпараттың ашылғаны үшін жауапкершілік болатынын қайта-қайта ескертуге тырысыпты.
Өз кезегінде Dalanews, DALA INSIDE және «Қала мен Дала» газетінің құрылтайшысы өз жұмысын атқарған редакция журналистерін аяғына дейін қорғауға ниетті.
«Біз «Әділ Сөз» Халықаралық сөз бостандығын қорғау қорына және Қазақстан Журналистер Одағына және жоғарыда аталған барлық лауазымды тұлғаларға жүгінеміз және құрылыс секторында туындауы мүмкін проблемалардың алдын алуға, Қазақстан халқының мүддесін бірінші кезекке қоя отырып жұмыс істеп жатқан журналистер мен БАҚ-қа қысым жасау фактісіне назар аударуды сұраймыз. Біз қазір Ғабит Сәтмағамбетов бизнесіндегі барлық ықтимал бенефициарларды ашу, Қазақстаннан заңсыз сыртқа қаржы шығарудың ықтимал жолдарын зерттеу, компаниядағы баға құрылымы, құрылысқа рұқсат беру құжаттары мен жер учаскелерін алу рәсімдеріне қатысты зерттеу жұмысымызды одан әрі жалғастырамыз», – делінген үндеуде.