Өркениетті елдерде озық идеяларды, жаңа бастамаларды ойлап тапқан білімді, жаңашыл адамдар жоғары бағаланады. Содан болар, қазір табиғи байлық, жер асты қазбаларынан гөрі тың идеялардың құны жоғары. Дамыған елдерде білімді мамандарды қызықтыратын ұсыныстардың жиі жасалатыны да сондықтан. Көпшілік игілігіне жарайтын соны жаңалықтарымен танылған тұлғалардың құқығын қорғауға да барлық елде мейлінше ден қойылған. Өйткені, зияткерлік меншік құқығын қорғауды жолға қоймай, жаңа идеялардың ұрлануына тосқауыл қою тіпті мүмкін емес. Әр мемлекетте зияткерлік меншікті сақтауға, қорғауға қатысты жұмыстарды үйлестіретін заңнамалардың қабылдануы осындай қажеттіліктен туындаған.
Бірақ, қаншама заңнамалар қабылданып, жауаптылық күшейтілгенімен, идеялардың қолды болатын кезі көп. Алысқа бармай-ақ өзіңізге жақын орналасқан сауда орталығы, дүкендерге немесе базарға бас сұғып көріңізші. Түпнұсқасы қымбат талай айтулы тауарлардың көшірмелері алдыңыздан қаздай тізіліп шыға келеді. Айфон, Самсунг, Адидас, Лего сияқты танымал брендтердің көшірмелерінін көз сүрінеді. Әрине, бағасы да сол сапаға сай. Түпнұсқасының бағасына жағдайы жетпеген тұрғындардың осындай көшірме дүниені қанағат тұтатыны белгілі.
Әрине, көшірме затты алғаннан сатушы мен сатып алушыға пайда болуы мүмкін. Дегенмен, айтулы тауар белгісінің атымен жасалған тағамдар мен сусындардың ағзаға тигізетін зияны орасан. Оның үстіне, танымал бренд пен тауардың түпнұсқасын ойлап тауып, ол үшін патент алып, тіркеген, идеясын шындыққа, брендке айналдырған адамның мүддесін кім ойлайды? Озық ойлы адамның құқығын кім қорғамақ? Ол үшін әрине әр елде зияткерлік меншік құқығын қорғайтын құрылымдар бар.
Айталық жақында Қазақстан Республикасының Үкіметі үш жаңа комитетті құру, жұмысын жолға қою туралы қаулы қабылдады. Бұл үш комитет те Әділет министрлігінің құзырында болады. Зияткерлік меншік құқығы, мәжбүрлеп орындату, тіркеу қызметі және заң қызметтерін ұйымдастыру комитеттері бүгінде жұмысын бастап та кетті.
Жаңа комитеттерді жұртшылыққа таныстырған министрлік өкілдерінің айтуынша, мұндай өзгеріс үш саланың жұмысын реттеу, қызмет көрсету бағытын жақсартуға бағытталған. Сонымен бірге, жаңа комитеттер өзіне жүктелген функциялардың толық орындалуын, жедел шешімдер қабылдануын толық қамтамасыз етеді деп күтілуде.
Әсіресе, Зияткерлік меншік құқығы комитетін дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Комитетке шығармашылық пен инновацияны дамыта отырып, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау және сақтау мәселелерін бір жүйеге келтіру міндеті жүктелген. Мұндай іргелі өзгеріс қарапайым халыққа да қолайлы. Себебі жаңа комитеттің құрылуы азаматтардың патенттер мен авторлық құқықтарды тиімді басқаруына оң ықпалын тигізеді. Сондай-ақ бұл ғылымның, технологияның және мәдениеттің дамуына жол ашады.
Арнайы комитеттіңм құрылуы аймақтардағы зияткерлік меншік құқығын қорғауға қатысты іс-шаралардың жанданыуна қозғау салды. Мәселен, жақында Шымкент қаласында «Absolut», «Зеленая марка» және «Qulan» контрафактілі алкогольдік өнімдерін өндіретін жерасты цехінің жұмысы әшкере болды. Елге белгілі брендтердің атын жамылған контрафактілік алкогольді өнімдер өндіретін жерасты цехі біраздан бері халықты жалған өніммен алдап келген. Құқық бұзушылығы әшкере болған азаматтың үстінен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 158-бабына сай іс қозғалды.
Бұл бап бөтен тауар белгісін, қызмет көрсету белгісін, тауар шығарылған жердiң атауын немесе фирмалық атауды заңсыз пайдаланушыларға жауаптылық белгілеуді көздейді. Заңда айқындалғандай, бөтен тауар белгісін заңсыз пайдаланғандар, сондай-ақ бөтен фирмалық атауды заңсыз пайдаланғандар, егер бұл әрекеттерде қылмыстық іс-әрекет белгiсi болмаса, заңсыз бейнеленген тауарларды тәркiлей отырып, жеке тұлғаларға – жиырма, шағын кәсiпкерлiк субъектiлеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлеріне – қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне сексен айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салынады.
Заңдағы осындай қатаң жауаптылықтың бар екенін біле тұра құқыққа қайшы әрекет жасайтындар аз емес. Мысалы таяуда Алматы қалалық әділет департаменті «HUGO BOSS» контрафактілік өнімдерін әшкерелеп, заңсыздыққа жол берген тұлғаларға қатысты іс қозғады. Бұл да елге танымал, мықты брендтердің бірі. Тауар белгісін заңсыз пайдаланған тұлға біреудің құқығын бұзу арқылы табыс тауып отырғанын білмеуі мүмкін емес. Көбінесе сатушылар мұндай өнімдердің түпнұсқа немесе көшірме екенін ешкім тексере бермейді, немесе тексерсе де ол үшін жауапқа тарта қоймайды деп ойлайды. Мұндай көзқарастың туындауының өзі дұрыс емес. Себебі, құқықтық мемлекетте ешкімнің еңбегі, идеясын автордың рұқсатынсыз пайдалануға рұқсат жоқ.
Бір қызығы, көптеген танымал брендтер тауар таңбасын заңсыз иеленгендерге тексеру жүргізіп, кінәлілерді анықтауға жете мән бермейді. Бірақ мұндай салғырттың залалы орасан. Өйткені, қазіргідей жаңа технология жетістіктерінің көмегімен тауардың көшірмесін дәл түпнұсқасы сияқты етіп жасау аса қиындық тудырмайды. Оның үстіне, қарапайым азаматтардың мұндай мықты көшірмелерді бренд тауарлардан айыра алмайтыны да белгілі. Бренд деп жоғары бағаға алған тауарының сапасы төмендігін білген азаматтардың тауар шығарушыларға деген сенімі төмендейді. Танымал брендке деген құрметі азаяды.
Сондықтан, тауар иелерінің де, зияткерлік меншікті қорғайтын ұйымдардың да контрафактілік өнімдердің жасалуына, сатылуына салғырттық танытпағаны абзал. Сатылымдағы тауарлар мен өнімдердің сапасын үнемі тексеріп тұру авторлық құқықты қорғауға, сонымен бірге, халықты сапасыз өнімдерді тұтынудан сақтандыруға көмектеседі. Бұған қоса, біреудің идеясының, тауар белгісінің көмегімен табысын арттырғысы келген адамдардың да заңсыз әрекетін жылы жауып қоюға, айыппұл белгілеумен шектелуге болмайды. Мұндай заңсыздықты көпшілік алдында әшкерелеп, зияткерлік меншікті сыйлауға, озық идея авторларын құрметтеуге қатысты оң көзқарас қалыптастыру керек күттірмейді. Әділет министрлігі жанынан зияткерлік меншік құқығын қорғауға қатысты арнайы комитеттің құрылуына да осы жағдайлардың түрткі болғаны талассыз.