КӨП БАЛАЛЫ АНА ПАРЛАМЕНТ ДӘЛІЗІНЕ ТҮНЕМЕК.
КӨП БАЛАЛЫ АНА ПАРЛАМЕНТ ДӘЛІЗІНЕ ТҮНЕМЕК

6 қаңтарда Нұр-Сұлтандағы парламент ғимаратына таңертеңгі сағат онда бірнеше талаппен келген көп балалы ана Ақбаян Жалмырзаева бала-шағасымен сол жерде түнеуге қалды. Бұл туралы Азаттыққа  сілтеме жасап Аrasha.kz хабарлайды.

Наразы әйелдің төрт баласы парламент ғимаратының қабылдау залындағы орындықтарда жатыр. Әйелдің қан қысымы көтеріліп түспеген соң жедел жәрдем де парламент ғимаратынан кетпей отыр. Полиция мен арнайы жасақ ғимаратты қоршап тұр. Іште балаларымен отырған Ақбаян Жалмырзаеваға тамақ әкелген басқа әйелдер ғимаратқа кіре алмады.

35 жастағы Ақбаян Жалмырзаеваның депутаттар мен билікке бірнеше талабы бар. Ол жалға алған сауда нүктесінің екі айлық жалдау ақысын алып, өзін қуып жіберген қожайынымен соттағы даулы мәселеге депутаттардың араласуын және биліктен пәтер мәселесін шешіп беруді талап етеді.

Сөзінше, 2019 жылы Силикатный шағын ауданындағы сауда нүктесін жалға берген қожайыны кейін екі айдың ақысын алғанымен, оны жұмыс істетпей қуып жіберген. Ол соттасқанымен, нәтиже шығара алмағанын айтады. «Осы жағдайдан кейін қаражатсыз далада қалдым» деген көп балалы әйелге жұрт жаздық лашық жасап берген. Президент сайлауы кезінде оған «Ақ жол» партиясынан сайлауға үміткер ретінде қатысқан мәжіліс депутаты Дания Еспаева мен партия төрағасы, мәжіліс депутаты Азат Перуашев лашықта тұрып жатқан әйелмен жолығып, көмектесуге уәде берген.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен де онымен кездесіп, жатақханаға уақытша орналастыратынын айтқан. Бірақ Жалмырзаева содан бері еш өзгеріс болмағанын айтады. Жалмырзаева жазда тұрған лашықтан шығып, қазір пәтер жалдап тұрып жатқанын айтады.

– Мен әбден қажып кеттім. Бармаған есігім қалмады. 13 жылдан бері даналап роза сатып аламын да, оны түнгі қымбат ресторандарда таң атқанша жүріп саттым. Қазір ол табыс та жоқ. Табысым балаларым үшін алатын 75 мың теңге жәрдемақы ғана. Өзім мемлекет қызметкерлерге берілген үйді 100 мыңға жалдап тұрып жатырмын. Үй кезегінде тұрмын. Бірақ қалай екені белгісіз алдыма 164 адам кіріп кеткен, қазір кезегім сегіз жүздің үстінде, – деді ол Азаттық тілшісіне телефон арқылы.

Ақбаян Жалмырзаева депутаттарды кешке дейін күтсе де, ешкім бас сұқпаған. Бірақ өзін «Ақ жол» партиясының заңгерімін деп таныстырған адам тыңдап кеткен.

Азаттық уақыттың кештігінен депутаттарға, «Ақ жол» партиясына да хабарласа алмады.

Ақбаян Жалмырзаева былтыр да бірнеше рет үкіметке келіп, биліктен көмек сұраған.

2019 жылы ақпанда Нұр-Сұлтанда (ол кезде Астана қаласы) уақытша баспанада өрт шығып, бір отбасының кішкентай бес қызы қайтыс болған соң елде көп балалы әйелдердің билікке наразылығы жиіледі. Өрт балалардың ата-анасы түн ортасында жұмысқа кеткен кезде шыққан. Әйелдер билік көп балалы аналарға жағдай жасамады, баспана мәселесін шешпеді деп санайды. Содан бері елде көп балалы әйелдер билікке оқтын-оқтын келіп, әлеуметтік мәселелерді шешуді талап етіп жүр.

Әйелдер наразылығынан соң билік көп балалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) төлеу туралы шешім қабылдаған. Біраз уақыт өткен соң билік «елде үкіметке қол жаятындар» көбейіп кеткенін, «масылдық артып бара жатқанын» айта бастады. Артынша үкімет жәрдемақы мен АӘК төлеу шартын өзгертіп, көп балалы отбасындағы әр балаға 21 мың теңге төлеуден бас тартқан.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.