Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев 28 наурызда елдегі төтенше жағдай туралы кезекті брифингін өткізді.
«Бүгінгі тікелей эфирді онлайн брифинг деп емес, үндеу деп қабылдаған жөн. Өздеріңіз көріп отырғандай, індеттің таралу үдеп барады. Бір түнде қырықтай жағдайдың анықталуы алаңдатарлық жағдай. Қазір вирус жұқтырғандар саны 204 адамға жетті. 1899 адам станционарлық карантинде. 3,5 мыңнан астам адам үй карантинінде жатыр. 6 мыңнан астам адам ауырғандармен байланыста болған. Олардың 95% анықталды.
Қазір біз өте күрделі кезеңде тұрмыз. Вирус таралу қаупін бақылай алмау қалу қаупі туындап отыр» деді Дәурен Абаев.
Министр халықты коронавирустың таралу қаупіне бей-жай қарамай, салғырттық танытпауға кезекті рет шақырды. Және инфекцияға салғырттық танытудың неге әкеліп соқтырып отырғанына Италияны мысалға келтірді.
Қазіргі кезде елде коронавирустан 15 адам айығып, 204 адамнан инфекция анықталды. Вирустан бір адам көз жұмды.