Бүгін еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте азаматтарды интернеттегі видео-кеңестерге аса сақтықпен қарауға шақырды.
«Қазір әлеуметтік желілерде әлемнің түкпір-түкпірінен шыққан беймәлім профессорлар мен отандық дәрігерлердің түрлі рецепті мен кеңесі көбейіп кетті. Олар белгілі бір препараттардың да атын атап жүр. Осы ретте аса мұқият болыңыздар. Елімізде халықаралық сарапшылар мен қазақстандық мамандардың шешімімен бекітілген клиникалық хаттамасы бар. Коронавирустың ауыр белгілері болмаса, дене қызуыңыз көтерілмесе, КТ өкпедегі сырқаттың 20 пайыздан аспағанын көрсетсе, бірден 5-6 антибиотик ішудің қажеті жоқ. Препарат симптоматикалық жағдайда қолданылады, өйткені әрбір дәрінің кері әсерін де ескеру керек», – деді министр.
Сондай-ақ, Алексей Цой коронавирусқа шалдыққан азаматтар жаппай таппай жүрген «Цефтриаксон» препаратының аналогын да атады. Яғни, сіз іздеген «Цефтриаксон» дәріханада болмаса, оның баламасын пайдалануға болады.
«Антибиотиктерге келсек, мысалы, елдің бәрі «Цефтриаксон» іздеп жүр, бізде бұл препараттың 30 жуық атауы тіркелді – «Цефаксон», «Аксон», «Белацеф», «Севацеф», «Сертицеф», «ЦЕФ-триаксон», «Ротацеф», «Медаксон», «Зибан», «Цефасон», «Рифин»», – деді министр.
Құрамында парацетамол бар препараттардың да нарықта аналогы көп. «Панадол», «Ингрипп», Антифлю, Антигриппин, «Тайлор», «Комбигрипп», «Максигриппин», «Неофлю»,» Аскофен»,»Фервекс» сынды Қазақстанда тіркелген препараттар дәріхана сөрелерінде тұр. Ал азаматтар оны «Парацетамол» деп іздеп жүр. Аталған дәрілердің құрамында парацетамол бар, яғни оларды температураны төмендету үшін қабылдауға болады.
Алексей Цой азаматтардан дәріханаларға түскен вирусқа қарсы препараттарды «қажет болып қалады» деген оймен жаппай сатып алып, үйде сақтауды тоқтатуды сұрады. Өйткені қолдан жасалған тапшылық салдарынан жағдайы ауыр, нағыз мұқтаж науқастар қиналып қалады.
Министр Қазақстанда коронавирусты емдеуге арналған клиникалық хаттамаға «Фавипиравир» деген жаңа препарат қосылғанын да айтты. Препарат жақында стационарларға жеткізіледі. «Фавипиравир» коронавирус инфекциясының ауыр түріне шалдыққандарды емдеуге ғана қолданылады.
Сонымен қатар, шетелдік әріптестерімізбен бірге коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны апробациялау бойынша клиникалық зерттеу аяқталуға жақын, – деді Денсаулық сақтау министрі.
-
24.12.2024
-
24.12.2024
-
24.12.2024
-
24.12.2024
-
24.12.2024
-
24.12.2024
-
24.12.2024
-
24.12.2024
-
23.12.2024