Нұр-Сұлтанда ПТР тестілеуден өткені туралы жалған анықтама сатып жүргендер ұсталды.
Шілденің басынан бері Нұр-Сұлтан қаласында ПТР тест анықтамасын жасап сатудың екі фактісі тіркелген. Ішкі істер министрлігінің баспасөз өкілі Шұғыла Тұрлыбек ведмоствоның ақпарат алаңында осындай мәлімет берді.
«Нұр-Сұлтанда ПТР тестілеуден өткені туралы жалған анықтама сатып жүрген тұлғалар анықталды. Шілденің басынан бері қолдан жасалған анықтама сатудың 2 жағдайы тіркелді. Астана сақшылары медициналық орталық директорын ұстады. Ол ауру жұқтырмағаны туралы жалған ПТР тестілеу анықтамасын берумен айналысты деген күдікке ілініп отыр. Орталық басшысының заңсыз анықтама үшін клиенттерден 6 мың теңгеден алғаны анықталды.
Қазіргі таңда полиция ПТР-тестілеуден өткені туралы анықтаманы заңсыз алған тұлғалардың санын анықтап жатыр», – деді ведомство өкілі.
Оның сөзінше, ПТР-тест құжаттарын шетелде отырып-ақ сататын адамдар пайда болған.
«Сондай-ақ полиция қызметкерлері елден тыс аумақта бола тұрып, вирус жұқтырмағаны туралы ПТР-тест анықтамасының электронды нұсқасын жасап, 5500 теңгеге сатқан қазақстандықты анықтады. Анықтамаларды «Телеграм» мессенджері арқылы жіберіп отырған. Аталған оқиға бойынша құжат дайындап сатқаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Полиция өкілдері медицина орталықтарын, емханалар мен ПТР-тест бекерттерін астана тұрғындарына жалған құжат беру фактісіне тексеріп жатыр», – деді Шұғыла Тұрлыбек.