Нұр-Сұлтанда вакцинация науқанының ауқымы артып келеді. Мобильді вакцинация топтары күніне бірнеше кәсіпорынға қызмет көрсетеді. Бүгін елордадағы Magnum Cash&Carry ірі сауда желісінің барлық қызметкері және «Digital System Servis» ЖШС ұжымы екпе алды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Ұжымдық иммунитетті дамыту – коронавирус инфекциясын тоқтатып, пандемияны жеңудің басты жолы. Ал елордадағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты вакцинациялауды жаппай жүргізу өте маңызды.
Magnum Cash&Carry ірі сауда желісінің қызметкері вакцинаны супермаркет филиалдарының бірінде алды. Дәрігерлердің нұсқауы бойынша егілген қызметкерлер 30 минутқа дейін медицина қызметкерлерінің бақылауында болды.
Дәрігерлер вакцинаның әсері, сақтық шаралары туралы, сондай-ақ вакцинаның екінші дозасын алатын күндерін айтты.
«Бүгін біздің супермаркеттің қызметкерлері өз еркімен вакцинация алу туралы шешім қабылдады. Біз тікелей сатып алушылармен жұмыс істейміз. Пандемия кезінде тұрғындарды қажетті нәрселермен қамтамасыз ету үшін жұмысымыздың бір күні де тоқтаған жоқ. Елде COVID-19 өршіп тұр, әрине, денсаулық сақтау біз үшін өте маңызды, сондықтан өзіміз бен сүйікті клиенттерімізді қорғау үшін ұжымдық вакцинация жасаймыз», — деді Magnum Cash&Carry компаниясының аумақтық директоры Елена Малышева.
Ал «Digital System Servis» компаниясы қызметкерлерін вакцинация пунктіне арнайы көлікпен жеткізіп, екпе алуына мүмкіндік жасаған.
Мінсіз жұмыс істеу үшін қызметкерлердің денсаулығы бірінші орында болуы тиіс. «Digital System Servis» осыны негізге алып, қарамағындағы қызметкерлерін толығымен иммундау процесінен өткізді.
«Халықпен тікелей жұмыс істемейміз. Бірақ денсаулық әркімнің баға жетпес байлығы. Сол себепті қызметкерлеріміздің екінші бөлігі дәрігерлердің кеңесінен кейін екпе алу туралы шешім қабылдады. Вакцина қазіргі қоғам үшін өте маңызды. Бұл ең алдымен денсаулығына байланысты екпе ала алмайтын жандардың қауіпсіздігі үшін және карантинге дейінгі қалыпты режимге оралу үшін қажет. Вакцина сол сияқты еліміздің экономикалық дамуы үшін де аса маңызды», – дейді «Digital System Servis» менеджері Майда Қожаниязова.
«Digital System Servis» компаниясы телекоммуникациялық жабдықтарды өндірумен айналысады: роутерлер, басқарылмайтын коммутаторлар, автоматты телефон станциялары (АТС) т.б. Енді отандық теледидарлар және өзге де үй және кеңсе техникаларын шығаруды жоспарлап отыр. Компанияның өнімдері бәріне арналған. Бүгінгі заманда интернет кез келген адамның күнделікті қажеттілігіне айналды. Ал сапалы жабдық мінсіз жұмыстың кепілі. Аталмыш компания ішкі нарықты ғана экспортқа шығуды да жоспарлап отыр.
Айта кетейік, эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына және COVID-19 ауруының өсуіне байланысты Нұр-Сұлтанда соңғы күндері үш аурухана ковидтік стационарға ауыстырылды. Қалада карантиндік қатаң нормаларды енгізбес үшін ұжымдық иммунитет дамуы қажет. Ал ұжымдық иммунитеттің үлесі 60%-дан асуы тиіс. Қазіргі уақытта қалада вакцинаның бірінші компонентін 270 мыңнан астам адам алды.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 1 ақпанында Қазақстанда коронавирустық инфекцияға қарсы ерікті вакцинация науқаны басталды. Бүгінде қалада БМСК мекемелерінде, сондай-ақ ірі СОО-лар мен сауда үйлерінде 100-ден астам егу пункті жұмыс істейді. Сонымен қатар әр емханада ұйымдастырылған мобильді бригадалар жұмыс орындарындағы еңбек ұжымдарын вакцинациялай алады.