arasha.kz

Еуропада коронавирустың үшінші толқыны өршіді

Кеше Владимир Путин коронавирусқа қарсы ресейлік вакцинаны салдырды. Президент нақты қай препаратты таңдағаны туралы мәлімет жоқ. Ал вице-премьер Татьяна Голикова «Вектор» орталығы әзірлеген «ЭпиВакКорона» вакцинасын салғызғанын айтты. Ол бірнеше күннен кейін Чумаков атындағы орталық әзірлеген «КовиВак» препараты азаматтық айналымға түсетінін хабарлады, деп жазды Sputnik Қазақстан.

Ресейдің тікелей инвестициялар қоры (РТИҚ) әлем нарығында «Спутник V» вакцинасын ілгерілету бойынша қол жеткізілген жаңа жетістіктер туралы есеп беруде. ҚХР мемлекеттік кеңесі әлемдегі 100 миллионнан астам адам қытай вакцинасын салдырғаны туралы мәлімдеме жасады.

Мәскеу мен Бейжіңнің жүйелі жұмысына қарап, Батыстағы, әсіресе Еуропадағы жағдайларды «жойқын дауыл» деп сипаттауға тура келеді.

Еуропада коронавирустың үшінші толқыны өршіп жатыр. Ауру жұқтырғандар санының күрт өсуіне байланысты билік қайтадан локдаун енгізуді қарастырып жатыр. Бұл ұлттық экономиканы қалпына келтіруге кедергі жасап, қоғам наразылығының күшеюіне себепші болатыны анық. Қазірдің өзінде наразылық акциялары азаяр емес.

Өршіп жатқан дағдарыстың айқын үлгісі ретінде Германиядағы жағдайды атауға болады. Ангела Меркель елдегі локдаунды 18 сәуірге дейін ұзартып, келесі айдың басына дейін созылатын пасха демалысы кезіндегі шектеулерді қатаңдатты. ГФР қаржы министрлігі бүгін министрлер кабинетіне қосымша бюджет жобасын ұсынуға тиіс болатын. Құжатқа сәйкес 2021-2022 жылдар аралығында мемлекеттің қосымша қарыз көлемі 142 миллиард еуроға жуықтайды. Қаражаттың басым бөлігі пандемиядан зардап шеккен бизнесті қолдауға және коронавируспен күрес шаралары үшін денсаулық сақтау саласына бағытталады.

Алайда немістер ел билігінің бұл талпынысын жоғары бағалап отырған жоқ. YouGov әлеуметтік қызметі жүргізген сауалнама нәтижесі немістердің үштен екі бөлігі федералдық үкіметтің әрекетін теріс бағалып отырғанын көрсетті. Сауалнамаға қатысқандардың 31 проценті «көңілі толмайтынын» айтса, 34 процентінің «көңілі мүлде толмайды» екен. Айта кету керек, немістер денсаулық сақтау министрі Йенс Шпанның жұмысын ең төмен деп бағалады. Оның антирейтингі 70 процентке жуықтады.

Германия медицинасы пандемия белең алған шақта да қуатты екенін көрсетті. Алайда неміс жұртшылығы денсаулық сақтау саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты наразылық білдіріп отыр. Мысалы, Шпан басқарып отырған министрлік өткен жылы жарты миллионға жуық бетперде сатып алған фирмада шенеуніктің жолдасы басшы екені анықталды. Бұл біржынысты жұптың төңірегіндегі жалғыз дау емес.

Осының барлығы аздай енді ГФР мен Еуроодақ вакциналауға қатысты қоғамдық сенімсіздікпен күресуге мәжбүр болып отыр. AstraZeneca препаратына деген күдік сейілмей тұр. Жоғарыда аталған мекеме жүргізген сауалнама нәтижесі бойынша немістердің 32 проценті ғана ағылшын-шведтік вакцинаны қауіпсіз деп санайды. Франция, Испания мен Италиядағы жағдай да осыған ұқсас. Ал Польша билігі азаматтардың 70 проценті бұл вакцинаны салдыруға қарсы екенін айтты.

AstraZeneca препаратын қолдануды біресе тоқтатып, біресе қайта жалғастырып жатқан биліктің әрекеті қоғам күдігін өршітіп тұр. Кейбір елдер сатып алған дозалардың көзін құртуға кіріскен. Ал Брюссель Еуроодақтан шығатын медикаменттер экспортына тыйым салмақшы.

Еуропадағы дәрілік заттар агенттігі қан ұю мен вакцина салу арасында байланыс тапқан жоқ. Бірақ Норвегия мен Германиядағы екі бірдей зерттеу тобы мұндай байланыс бар екенін айтуда. Оның үстіне АҚШ-тағы Ұлттық аллергия және инфекциялық аурулар институты фармацевтикалық компания өз әзірлемесінің нәтижелілігі туралы толық ақпарат ұсынбаған болуы ықтимал деген мәлімдеме жасады.

Мұндай жағдайда препаратқа ғана емес, нақты бір шешімге келе алмай, бір тараптан екінші тарапқа қарай жүгіре беретін ресми құрылымдарға қатысты күдік арта түсуде.

Exit mobile version