arasha.kz

Министрлік міндетті вакцина заңға қайшы келмейді деген мәлімдеме жасады

Әділет министрлігі COVID-19-ға қарсы вакциналау міндеттілігінің құқықтық негізі туралы айтты.

Ведомствоның ақпаратынша, инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуы мен таралуының алдын алу үшін Денсаулық туралы кодексте профилактикалық екпелер егу шарасы көзделген.

Кодекстің 85-бабы 4 және 8-тармақтарына сәйкес, медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ, Қазақстан аумағында тұрақты тұратын жеке тұлғалар инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы екпелерді алуға міндетті.

Олардың қатарына коронавирусқа қарсы профилактикалық екпе де жатады. Бұл үкіметтің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 қаулысында айтылған.

«Осылайша, медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар үшін COVID-19-ға қарсы міндетті вакциналаудың құқықтық негіздері бар және бұл «Мемлекет адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етіп қояды» деген (Конституцияның 31-бабы) конституциялық нормаға сәйкес келеді. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік бере отырып, Қазақстан Конституциясы мұндай шектеудің жол берілетін шектерін белгілей отырып, оларды шектеу мүмкіндігін жоққа шығармайды», – делінген хабарламада.

Конституцияның 39-бабы 1-тармағына сәйкес, құқықтар мен бостандықтар халықтың денсаулығын қорғау мақсатында ғана шектелуі мүмкін.

Exit mobile version