07-07-20 |
1440 рет қаралған
Өткен аптада қайтыс болған 110 адам COVID-19 статистикасына енбеген.
Өткен аптада қайтыс болған 110 адам COVID-19 статистикасына енбеген

Фото: azattyq.org

Қазақстанда өткен аптада COVID-19 статистикасына кірмеген 110 өлім-жітім тіркелген. Бұл туралы бүгін, 7 шілде күні орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.

“Өткен аптада 76 өлім (COVID-19 статистикасына кірген – ред.) тіркелді. Біз сондай-ақ 110 адамның өлімін тексеріп жатырмыз. Яғни, бұл науқастардың қандай аурудан қайтыс болғанын комиссия анықтайды” деді денсаулық сақтау министрі.

Министрлік 29 шілдеден бастап COVID-19 өлімін әр дүйсенбі сайын жариялауға көшкен. Алдыңғы брифингтерде мұның өлім туралы ақпараттың кеш жетуімен түсіндірген министр бүгін өлім себебін анықтайтын комиссияның үлгере алмай жатқанын айтты.

“Бұрын күніне бір-екі өлім тіркеліп, комиссия үлгеретін. Қазір қайғылы жағдай саны көбірек. Комиссия өлімнің себебі коронавирустан не созылмалы аурудан болғанын анықтайды. Өкінішке қарай, дәрігерлер де коронавирус инфекциясын жұқтырып жатады. Комиссияның мүшесі болып отырған көптеген әріптесіміз қазір ауырып жатыр. Сол себепті жеделдік ақсап жатыр” деді министр.

Министр Цой Қазақстанда вирус жұқтырғандар ресми деректегіден көп екенін мойындады.

“Біздің статистика ПТР тестімен нақтыланған коронавирустық инфекция жағдайларының санына негізделген. Әрине вирус жұқтырғандар саны бұдан көп болуы мүмкін. Бірақ біз ПТР анализінің мәліметтеріне басымдық береміз” деді Цой брифингте.

Министр халықты жаппай тестілеу жоспарда жоғын, ПТР талдау тек ауру белгілері бар, қауіп тобындағы не вирус жұқтырғандармен байланыста болған адамдарға жасалатынын айтты.

Қазақстанда соңғы тәулікте COVID-19 инфекциясы 1109 адамнан анықталды. Вирус жұқтырғандардың жалпы саны 49 683-ке жетті.

Дереккөз: azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.