Фото ашық дереккөзден
Қазақстанда кей дәрі-дәрмекті бір адамға бірнеше қораптан ғана сататын шектеу енгізеді. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова хабарлады.
Вице-министрдің сөзінше қазақстандықтар пандемияға байланысты 138,8 млн теңгеге дәрі-дәрмек сатып алған. Людмила Бюрабекова халықты дәрігердің кеңесінсіз өздігінен емделмеуге шақырды.
«Бірнеше өңір дәрі-дәрмекті сатуда шектеу енгізіп үлгерді, басқалары да түрлі желілер ассоциациясымен бір адамға екі-үш қораптан артық бермеу туралы меморандум жасаспақ. Себебі бір емдеу курсына осынша ғана препорат кетеді. Олардың сақтау мерзімі, сақталу жағдайы бар. Сондықтан дәрі-дәрмектер үйде пайдаға аспай қалып қоймас үшін осындай шаралар жасамақ», –деп отыр Людмила Бюрабекова.
Вице-министр аурудың үйде емделуге болатын жеңіл және орташа түрінде тегін дәрі ала алады дейді.
«Антибактериалды терапия қажет болатын жағдайда бізде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қарастырылған. Рецепт электронды түрде беріледі. Барлық емханалар қазір дәрі-дәрмекті өз дәріханалары арқылы тегін таратып жатыр және көптеген аймақтарда дәріні пациенттің үйіне дейін жеткізіп беру қарастырылған», –деді Людмила Бюрабекова.