Шетелдік басылымдар қазақстандық вакцина QazVac туралы жарыса жазып жатыр. Еуропа елдерімен қатар, әлемге әйгілі бұқаралық ақпарат құралдарының Азиядағы бөлімшелері біздің ғалымдардың мықты зерттеу ортасын айрықша атап көрсетті, деп хабарлайды Arasha.kz Қазақстан Ұлттық арнасына сілтеме жасап.
Француздық «Le Ғigaro» журналы «QazVac» туралы жиі жазып жүрген басылымдардың бірі. Басылым «Қазақстан өзі шығарған препаратпен халқын жаппай вакциналауды бастады» деп жазды. Сонымен қатар, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «әлем елдері арасында алғашқылардың бірі болып мемлекетіміздің өз вакцинасын шығаруы – ғылымдағы теңдессіз жетістік» деген сөзін де келтірген.
Сол сияқты «Reuters» агенттігі қазақстандық препаратты сынау кезінде жанама әсерлер мен қандай да бір шағымдар болмағанын жазды.
«Сынау кезінде 2 кезеңге қатысқан 222 адамда «COVID»-ке қарсы иммунитет қалыптасты» деп жазды ақпарат агенттігі.
Әлемдік басылымдар «QazVac» екпесін дайындау технологиясы күрделі емес және сақтау үшін аз ғана салқындатудың жеткілікті екендігін айтады. Мәселен, «Forbes» журналының Грузиядағы бөлімшесі «19 млн-ға жуық халқы бар Қазақстан Ресей және Қытай препараттарымен қатар, өздерінің вакциналарын сәтті пайдаланып жатыр» деп жазды.
Қазақстандық вакцина туралы мақала жазғандардың тағы бірі – Ұлыбританияның «The Guardian» басылымы. Онда жарияланған хабарда «Орта Азиядағы Қазақстан өз вакцинасын шығарды. Екпе екі компоненттен тұрады. Сәуір айының соңында 50 мың доза вакцина елдің түкпір-түкпіріне таратылды» деп жазылған.
Шетелдіктердің қатарында ресейлік мамандар да «QazVac»-қа қызығушылық танытты. Олар отандық препарат қауіпсіздік талаптарына сай екенін айтады. Тіпті оны өздеріне салдыруға қарсы болмайтынын мәлімдеді.
Еуразиялық терапевтер қауымдастығының бас хатшысы Александр Арутюнов өз вакцинасын шығару арқылы әр мемлекет жаппай вакцина өндіруге мүмкіндік алып, індетпен күресетіндіктен, бұл өте маңызды екенін айтады.
«QazVac» инактивті вакциналар тобына жататынын білеміз. Тиімділігі 90 пайыздан асады. Бұл Қазақстанда ғылыми-әдістемелік қордың бар екенін көрсетеді», – дейді ол.
Былтыр көктемде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы отандық препаратты ковидке қарсы вакциналық үміткерлер тізіміне енгізген болатын.
Вакцинаны қазақстандықтар 26-сәуірден ала бастады.
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024