18-07-20 |
1650 рет қаралған
Шымкентте дезинфекция жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?.
Шымкентте дезинфекция жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

Еліміздегі үшінші миллионды шаһарда да індет өршіп тұр. Сала мамандарының айтуынша Шымкентте наурыз айынан бері коронавирусқа қарсы дезинфекциялау жұмыстары тоқтатамаған. Қалада төрт аудан бар. Соның бірі, Абай ауданы әкімдігінің бір топ қызметкерімен санитарлық тазалық жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанының куәсі болған едік.

Шымкентте әдеттегідей күн бүгін де жанып тұр. Ыстық самал бетіңді өбеді. Таңғы сағат 10-да әкімдік алдынан жылжыған екі арнайы техника Тәуке хан көшесінің бойымен көпқабатты тұрғын үйлерге беттеді.

Дезинфекциялық сұйықтықтықты арнайы аппаратқа құйып, көпқабатты үйлердің аулаларын залалсыздандыруды қадағалап жүрген – әкімдік қызметкерлері. Олар дезинфекциялық тазалау жұмыстарына кіріспес бұрын үш күн қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасында аппараттардың қалай жұмыс істеуін, дәрілерді өз мөлшерінде қосуды үйренген.

Межелі орынға жеткен соң халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы Қанат Керімбеков қажетті сұйықтықты керекті мөлшерде құйып беріп, жұмысты қадағалап тұрды.
«Дезинфекция құрылғысын бұрын-соңды қолына алып көрген емеспіз ғой. Сұйық дәрі адамдардың бет-жүзіне түспеуі керек. Ауладағы ойын алаңшалары мен қоқыс жәшіктеріне, орындықтарға себіледі. Тұрғындарға кепкен соң ғана отыруға немесе залалсызданырылған орынға баруға кеңес беріледі, – дейді ол.
Арнайы қорғану киімін киіп, 15 келі мотор мен дәл сол салмақтағы ерітіндіні арқалаған жігіттің бірі -Нұрсұлтан Қыдыр. Ол жастар пратикасы арқылы жолдамамен аудан әкімдігіне тап болыпты.

– Былтыр Қостанай қаласында жоғары оқу орнын аяқтап, қолыма заңгер мамандығы бойынша диплом алдым. Бірақ өз салам бойынша жұмысқа орналасудың реті келмеді. Бір жылдай Сайрам ауданындағы бір фирмада бұйырған жұмысты істедім.

Ақпан айында қалалық Жұмыспен қамту орталығына жұмыссыздар қатарына тіркеліп, араға екі апта салып жолдама арқылы Абай ауданына келдім. Айлық жалақым – 66 мың теңге. Тапсырылған жұмыстың бәрін тиянақты істеуге тырысамын, барға қанағат етемін, – дейді.
Нұрсұлтан дезинфекция жасау кезінде тұрғындар тарапынан наразылық танытып, не сеуіп жүргендерін сұрайтындар бар екенін жасырмады. Енді бірі алғыстарын жаудырып жататын көрінеді.

– Арнайы қоғаныш киімдерін киіп, барынша сақтық шараларын сақтанамыз. Залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп болған соң үнемі айран ішеміз. Салмағы ауыр. Мотордың өзі 15 кг болса, сұйықтық дәрісі тағы осынша келі шығады. Кейбір үлкен адамдар «тікұшақпен виурс шашқандай, сендер де соны шашып, бізді уламақшысыңдар. Шашпаңдар, керек емес бізге» деп айқайлап шығады. Барынша түсіндіруге, жалған ақпарат екенін айтуға тырысамыз. Коронавирустан ертерек құтылып, бұрынғы өмірге оралсақ екен, – дейді ол.
Халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Бауыржан Данайұлы Абай ауданында жалпы 453 көпқабатты тұрғын үй мен 258 аула бар екенін айтты. Екі-екіден бөлінген он бригада аудан аумағына дезинфекция жасап келеді.

– Біз наурыз айында бастадық. Алғашында әскери қызметкерлер мен жас ұландықтар жұмылдырылды. Олар аудан аумағына төрт рет дезинфекция жасады. Ал «Шымкент жасыл қала» тарапынан екі рет санитарлық тазалық жүргізілсе, аудан әкімдігінің қызметкерлерімен бесінші рет залалсыздандыру жұмыстарына шығып отырмыз. Қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы дезинфекциялық сұйықтықты күнделікті беріп отырады. Бір дезинфекциялағанда шамамен 2,5 тонна дайын дәрі алып себеміз, – дейді Бауыржан Қалмұратов.

Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйенсек, қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы қала аумағын дезинфекциялық өңдеу қызметтерін жасауға мемлекеттік сатып алулар порталы арқылы сәуір айынан келісім шарттар түзе бастаған.
4 сәуір күні аталған мекеме «Шымкент қаласының саябақтары мен гүлзарларын дезинфекциялау қызметі» үшін жалпы сомасы 7 014 400.00 теңгеге тікелей шарт тұжырымы бір дерекөз арқылы бір жылдық келісімшарт «Шымкент жасыл қала» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен жасалған.

Дәл осы күні сомасы 39 473 999.99 теңге және 49 965 847.00 теңгені құрайтын мемлекеттік сатып алу шарттары «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-мен түзілген. «Шымкент қаласының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттік мекемесі алғашқы келісімді «Шымкент қаласының көшелерін және аялдамаларын дезинфекциялау қызметі» үшін деп көрсетсе, кейінгі шарт Шымкент қаласының көшелерін механикалық дезинфекциялау қызметіне тапсырған. Ал қосымша келісім арқылы 122 822 997.89 теңге болатын тағы бір шарт жасалған.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов эпидемиологиялық жағдай бойынша өткізген брифингтің бірінде жергілікті өндірушілер 100 тонна дезинфекциялық зат шығарылғанын мәлімдеген болатын.
Айта кетейік, www.coronavirus2020.kz келтірген 13 шілде күнгі мәліметтерге сәйкес, Шымкентте жалпы коронавирус індетін 4067 адам жұқтырған болса, 2242 науқас дертінен айыққан. Ал көз жұмғандар саны 24.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.