Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пандемияның статистикасын біріздендіруді бұйырды. Бұл туралы ол өзінің Twitter парақшасында мәлімдеді.
«Үкіметке пандемияның статистикасын біріздендіру міндеттелді. Азаматтардың денсаулығы мен өміріне коронавирустан бөлек, өкпе қабынуы да үлкен зардабын тигізіп отыр», деп жазады президент.
Сондай-ақ Тоқаев: «Пандемия ахуалы туралы барлық ақпарат қанша жерден ащы болса да, оны қоғам білуге тиіс. Жариялылық пен өзара сенім болғанда ғана, біз бірлесе отырып бұл індетті тезірек жеңеміз» дегенді де жазыпты.
Үкіметке пандемияның статистикасын біріздендіру міндеттелді. Азаматтардың денсаулығы мен өміріне коронавирустан бөлек, өкпе қабынуы да үлкен зардабын тигізіп отыр.
— Qasym-Jomart Toqayev (@TokayevKZ) July 16, 2020
Қазақстанда маусым айында COVID-19 инфекциясын жұқтырғандарды симптомы бар симптомы жоқ деп екіге бөліп есептеліп келген. Алайда шілдеден бастап билік статистиканы бұлай бөлмейтін болып шешті. Ал пандемия уақытында елде өкпе қабынуы аурулары күрт өсіп кеткен еді, бірақ билік Қазақстанда өршіп кеткен пневмания аурулары коронавирусқа жатпайды деп есептеп отыр. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы өкілі Кэролайн Кларинваль елде тарап жатқан «белгісіз пневмания» коронавирус деп болжаған.
15 шілдеде Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова атиптік пневманияны коронавирус инфекциясына шалдыққандар тізіміне қосу-қоспау туралы шешімді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан күтіп отырғандарын айтқан.