Шымкентте оттегі баллондарына сұраныс соңғы айда бес есе артқан. Сондықтан «Оңтүстік» индустриалды аймағындағы «AirGaz» ЖШС зауытының қызметкерлері ауыр жұмысқа қарамастан күні-түні дамылсыз еңбек етуде. Ауруханалар мен стационарларда тынысы тарылып жатқан адамдарға оттегі жеткізіп, өмір сыйлап жүрген олар – бүгінгі күннің батырлары.
Бізді зауыт басшысы Асқар Батырханов қарсы алып, жол бастады. Бұған дейін зауыттың негізгі тұтынушылары металлургия, мұнай-газ, мұнай-химия саласы еді. Елде наурыз айында төтенше жағдай жарияланып, блокбекеттер қойылып, көп орынның жұмысы тоқтаған кезде оттегіге де сұраныс бірден азайған.
- Сұраныс азайған соң, мықты мамандарымызды жұмыстан шығаруға мәжбүр болдық. Өйткені оларға жалақы төлеуге мүмкіндік болмады. Және біз ол кезде бір ауысымда қызмет еттік. Ал адамдар жаппай ауыра бастағанда ауруханалардан оттегі баллонына сұраныс күрт артты. Маман тапшылығы сезіле бастады. Әлеуметтік желілерде хабарландыру бердік. 100 қоңырау шалынса, соның 99-ы әйелдер. Ұлдарына, күйеулеріне жұмыс сұрайды. «Жұмыс керек болса ер азаматтардың өздері неге хабарласпайды?» деп ішім ашиды. Олардың әрқайсысына телефонмен түсіндіріп отырғанға уақыт қайда? Өздері келсін, көрсін деймін. Өзім де қызметкерлермен бірге осында екі-үш айдан бері қонып, жұмыс істеп жүрмін.
Сағатына 100 баллон толтырамыз. Жұмыс істеуге алпамсадай, мықты, мығым жігіттер келеді. Бірақ бір-екі күннен кейін жұмыстың ауырлығын, айлықтың аздығын сылтау етіп шықпай қалады. Жай кетпей осындағы біраз уақыттан бері жұмыс істеп жүрген қызметкерлерге «айлығы аз, қара жұмыс, басқа жерде бұдан да көп табасыңдар ғой» деп айтып, айнытып кетеді. Қазір осында жүрген қызметкерлердің барлығын батыр деп айта аламын. Себебі олар ештеңеге қарамай, өз денсаулықтары мен бастарын бәйгеге тігіп, жұмыста жүр. Олар да шаршап, титықтап кетеді. Мен де ет пен сүйектен жаралған адаммын. Бірақ басшы ретінде оларға үнемі қолдау көрсетуім керек. «Сендер майданның алдыңғы шебіндесіңдер. Көрінбейтін жаумен күресіп, елге, халыққа көмектесіп жатырсыңдар» деп қолдау білдіріп жүрмін, – дейді зауыт басшысы.
Бұдан бөлек зауыт ұжымы алдында кездескен біршама қиындықтар да болды. Олардың бірқатарын қала әкімі Мұрат Әйтеновпен кездескен кезде тізбектеп беріпті.
«Біз ең бірінші ауруханаларға жәрдем керек екенін айттық. Себебі біздің көліктер қаладағы кептелістен жетіп барамын дегенше біраз уақыт алады. Бұл – бір. Екіншіден аурухананың есігінен кірудің өзі қиын. Ал апарған баллондарды тапсыру үшінші мәселе. Аурухананың айналасына халық жиналып алады, көшеде көліктер жол бермейді. Ауруханаға барсаң қабылдап алатын адамды таба алмайсың. Оны іздеп, тағы уақыт жоғалтады. Егер осындай, қателіктерді жойсақ, оттегі баллонын тез-тез науқасқа қосуына болады. Қала әкіміне түсіндіріп жағдайды баяндаған соң, баллон таситын көлік жібере бастады.
Бұл біздің жұмысымызды едәуір жеңілдетті. Сондай-ақ біздің бүкіл аппараттар электр энергиясымен жұмыс істейді. Өткен айда жарықтың өзіне төлейтін ақшамыз 9 млн теңге болды. Мен қызметкерлеріме жалақы төлеймін бе, әлде жарыққа төлеймін бе? Медициналық оттегіден түскен табыс шығындарды ақтамайды. Ал жұмысшыларымыз екі ауысыммен жұмыс істеп жатқан соң оларға да айлықты екі есе төлеуім керек. Осы жағынан көмек сұрадық. Оның қалай шешілетін білмеймін. Алдағы уақытта бизнесіміздің қалай болатынын ойлауға да мұрша жоқ. Індет тоқтап, ауруханада ем қабылдап жатқан адамдар отбасына аман-есен оралса екен. Адамдарға нағыз ес жинайтын кез келді. Жасыратыны жоқ, таныстарымыз келеді «жақыным қатты қиналып жатыр, тез баллон толтырып беріңізші» деп. Қайдан жұқтырды деп сұрасаң, тойға барған еді. Құдалыққа барып еді. Құдайыда болған дейді. Бәрінің сценарийі бір… Әрбір машинаны жіберген сайын ішіндегі баллон азайып келсе екен деп тілеп отырамыз.
Апталап, айлап, ет жақындарының жүзін көрмей, күн-түні ауыр баллондарды тасып жүрген жігіттердің жігерінің жасымауына халық себепші. Олардың ақ батасы мен қолдаулары әрбіріміз үшін ауадай қымбат, – дейді Асқар аға. Бұдан бөлек ел ішінде қайырымды адамдардың жасаған жақсылықтарына тоқталды.
«Бір күні Гузаль Ауельбекова деген волонтерлар қозғалысының жетекшісі келіп не көмек керек екенін сұрады, сосын күніне бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіп жүрді. Тура соғыс уақтысындағыдай болды расында да, біреу суын, екіншісі темекісін қалай солдаттарға жеткізсе, тап сол күйді бастан кештік. Біреу қарбыз, енді біреуі суын алып келіп жатты. Тағы бір кәсіпкер хабарласып қаржылай көмек берді. Қазіргі Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов те қалыс қалмады. Ерікті жігіттерге қолғаптар мен медициналық маскалар беріп жіюеріпті. Ал Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтенов өзі келіп жігіттерге алғысын білдірді. Еңбегіңді бағалап, осылай қолдау көрсеткенде жігіттердің өзі риза болып істеп жүр. Сайрамнан, Леңгірден «қол жәрдем берейік, көмектесейік» деп бір топ адам келді. Журналистер қауымы да хабарласып, біздің жұмысымыздың маңыздылығын қалың бұқараға жеткізіп жатты. Кей адамдар естіп, басқа қаладан хабарласып жылы сөздерін айтып жатыр. Басымызды салбыратып жұмыстан шаршап жүрген кездері халықтың осындай қолдауы аяқтан нық тұруға көмектесті, – дейді зауыт директоры.
Аз-кем сұхбаттан соң, зауыт ішіне бас сұқтық. Тоқтаусыз жұмыс істеп жатқан шетелдік аппараттар. Оның тілін білетін мықты мамандар да санаулы. Осы ретте зауыт басшысының сөзінен бір алаңдаушылық байқалды.
«Жүз пайыз құрал-жабдықтардың барлығы агрегаттардың деталі, запчастьтардың бәрі Еуропа елдері мен Ресей, Қытай сынды мемлекеттерден алдырамыз. Құдайдан осы аппараттар істен шықпаса екен деп тілеп отырмыз. Зауыттың жұмысы тоқтап қалмай қиын уақытта елге қызмет етсек деймін. Сондықтан осындай жағдайда әлеуметтік маңызы бар кәсіпорын ретінде бізге мемлекеттен қандай көмектер болады екен деп қарастыру үстіндеміз. Салықтан босата тұрса, электроэнергия тарифін субсидиялау шаралары болса, бізге жақсы қолдау болар еді», – дейді ол.
Жасы алпысты алқымдаған аға зертханашы Мадина Сүлейменқызы осы зауыттың қызметкері. Медициналық және техникалық мақсатта пайдаланылатын оттегінің сапасын бақылайды. Қысылтаяң шақта Мадина апай зертханадағы жұмысынан бөлек жігіттермен иық тірестіріп, ауыр баллондарды тасысқан. Ал кешкісін жиырма шақты қызметкерге ас-ауқатын әзірлейді.
«Бізде қазір ешкім жұмыс таңдап жатқан жоқ. Жанталасып, бір адам бірнеше жұмысты атқарып, үлес қосуда. Әріптестерімнің барлығы да ерекше құрметке лайық дер едім, – дейді.
Ал Татьяна Толстова Атыраудан арнайы шақыртқан білікті маманның бірі.
«Атырауда тұратын ата-анам сырқаттанып қалды. Әрине, жанында болып, қолдау көрсеткің келеді. Бірақ осындай қиын кезде жұмысты да тастап кете алмайсың. Қаншама адам өмірінің жауапкершілігі тұр. Біздің басшымыз, ұжым қызметкерлері жан-жақтан сұрастырып, ата-анамның еміне қажетті дәрі-дәрмекті Атырауға салып жіберді», – дейді ол.
Марат САПАҚ, көлік жүргізушісі әрі цех шебері:
- «Алғашқыда біз бір ауруханаға 30-50 баллон апарсақ, қазір бір ауруханның өзі 200 баллон алып жатыр. Жағдай сол жеткізуді үлгеру боп тұр. Балонның босағанын күтіп ауруханада түнеп қалып жүрген кездеріміз бар. Ал кейде тоқтаусыз тасып кетеміз. Алып келген баллондарымыз жарты сағат ішінде таусылып қалған да кездер болды. Негізі жұмыс уақыты тоғыздан алтыға дейін еді. Енді мына қазіргі жағдайға байланысты тәулік бойы жұмыс істеуге мәжбүрміз. Сондықтан да шығар шыны керек бәрі шаршаңқы. Сырттан адамдар көмектесуге келіп жатыр. Сонда да жұмыс көп. Қазір тек машинаны айдап қана жүрмейміз. Баллондарды саламыз, тасимыз. Жұмыс таңдап жатқанымыз жоқ. Ауруханадан «оттегі бітті» деген хабар жеткен кезде қатты асығамыз. Сондайда қырсығып, жол бергісі келмейтін де жүргізушілер бар. «Кислородтың» не үшін керек екенін білмейтіндер шығар олар. Жайлап бәрі дұрысталса деп тілейміз».
Николай КОЛЬНОВ, оператор:
- «Басында жұмысқа келген кезімде менің түріме қарап, жұмыс істеп кететініме күмәнмен қарағандар болды. Өйткені менің салмағым 63 келі. Ал оттегі баллондары 80-90 келі. Ауыр. Бұған дейін денелі, мығым жігіттердің өзі бір күннен кейін жұмыстың қиындығына шыдамай кетіп жатқан екен. Мені де солай ойлады. Адам өмірін құтқару үшін жанымызды салып жүрміз. Таңғы 4-ке дейін де жұмыс істейтін кезіміз болады. Қазір шаршадым дейтін жағдай емес. Ауырып жатқандардың барлығының тез сауыққанын қалаймын».
Асқар ағаның әкесі Тілеулес Тіленұлы Батырханов Оңтүстік өңірінің денсаулық сақтау саласына бар саналы ғұмырын арнаған, өлшеусіз үлес қосқан. Алтын қолды дәрігер атанып, қаншама жанның өміріне арашашы болған. Әке аманатын арқалаған ол да бүгінде тынысы тарылған талай жанға оттегі жеткізіп, алғысқа бөленіп жүр. Күні-түні зауытта бір емес, бірнеше жұмысты қатар істеп, әрбір адамның өмірі үшін күресіп жатқан қызметкерлер барлық мақтауға да, марапатқа да лайық.
Әйгерім Бегімбет, arasha.kz
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
23.12.2024