12-08-22 |
Әлеуметтік осал топтан шыққан оқушыларға көмек беріледі.
Әлеуметтік осал топтан шыққан оқушыларға көмек беріледі

ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев білім саласындағы жаңалықтармен бөлісті.

Вице-министрдің айтуы бойынша биылғы жылдан бастап бірінші сынып оқушылары үштілді форматтан ана тілінде ғана білім алу форматына ауысады. Бұл ата-аналар үшін де, оқушылар үшін де көптен күткен жақсы жаңалық болмақ.

Министрлікте енгізілген тағы бір жаңалық – оқу аптасының ұзартылуы. Вице-министрдің хабарлауынша, бұл әлемдік тәжірибеде құп көрілген, жылдар бойы зерттелген жаңашылдық. Бұрын оқу жылы 34 аптаны құраса, биылдан бастап оқушылар 36 апталық оқу жылына көшеді. Демек, оқу жылы әлеттегідей 1 қыркүйекте басталып 1 маусымда аяқталмақ.

“Қоғамда осындай өзгеріске байланысты түрлі пікірлер болғанын білеміз. Бірақ, бұл шешім бір күнде қабылданған жоқ. Түрлі ғалымдар мен мамандармен қызу талқыға салынып, шешім қабылданды”, – деді вице-министр.

Вице-министр “Мектепке жол” акциясына ерекше тоқталып өтті. Бұл жоба аясында аз қамтылған отбасылардың балаларына өте үлкен көмек тигізілетінін атады. Сондай-ақ еліміздің бизнес өкілдеріне, кәсіпкерлеріне үндеу салып, мемлекетпен бірлесе отырып осал отбасыларға көмек беруге шақырды.

“Бұл акция бойынша арнайы жоба дайындалып, қалай жүзеге асырылатынына дейін жазылған құжат қазір облыстарға жіберілді. “Мектепке жол” акциясының басты мақсаты – барлық балалардың киімге, қажетті құрал-саймандаоға бірдей қол жеткізе алуын қамтамассыз ету. Еліміз үшін өте маңызды іс-шара деп есептеймін, -деді Ғани Бейсембаев.

Сонымен қатар вице-министр әлеуметтік осал топтардан шыққан оқушыларға көмек берілетінін, Қазақстанның бүкіл өңірінде балаларды ыстық тамақпен қамту қолға алынатынын баяндады.

Биылдан бастап министрлік оқушыларға кітаптың толық жетуін де жіті қадағаламақ.

“Министрліктің басты міндеті – оқушыларды кітаппен қамтамассыз етуді қадағалау. Егер аудандарда, облыстарда оқулық тапшы болған жағдайда ата-аналар жергілікті оқу бөлімдеріне хабарласып анықтай алады”, – деп жалғастырды Ғани Бейсембаев.

Министрлікпен енгізілген қандай да жаңалықтар ең бастысы бала үшін ыңғайлы әрі білім алуына қолайлы болуы тиіс екенін жеткізді вице-министр.

“Мұғалімдердің жалақыларының өсірілуі болсын, қағазбастылықтан арылуы болсын, қандай да өзгерістердің астарында сайып келгенде оқушының білім алуына жағдай жасау жатыр. Президенттің айтқанындай, дәл қазір министрдіктің басты назары – оқушыда, оның сапалы білім алуында және сол білімді алуға жағдай жасауда”, – деді вице-министр.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk