02-12-20 | 12:28
Әлтаев “Нұр Отаннан” шығарылып, депутат мандатынан айырылды.
Әлтаев “Нұр Отаннан” шығарылып, депутат мандатынан айырылды

“Ел тірегі” деп аталатын жаңа партия құру туралы бастама көтерген Нұржан Әлтаев “Нұр Отан” партиясынан шығарылып, депутаттық мандатынан айырылды. Бұл туралы орталық сайлау комиссиясы хабарлады.

“Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабының 5-тармағына, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» 1995 жылғы 16 қазандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 24-бабы 7-тармағының 1) тармақшасына, 9-тармағына, «Nur Otan» партиясының 2020 жылғы 30 қарашадағы № SQ-0101-20/4253 хатына және «Nur Otan» партиясы Нұр-Сұлтан қаласы филиалының Саяси кеңесі Бюросының 2020 жылғы 30 қарашадағы № 1 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Бауыржанұлы Әлтаевтың өкілеттігі оның «Nur Otan» партиясының қатарынан шығарылғаны туралы «Nur Otan» партиясы Нұр-Сұлтан қаласы филиалының Саяси кеңесі Бюросының 2020 жылғы 30 қарашадағы № 1 қаулысына байланысты тоқтатылсын” делінген ОСК хабарламасында.

Бұған дейін “Ел тірегі” деп аталатын өндірісшілер мен кәсіпкерлер одағының бастамашыл тобы жаңа саяси партия құратындарын айтып, 27 қарашада онлайн форматта жалпыхалықтың талқылау өткізген. Сол кездегі мәжіліс депутаты, “Нұр Отан” партиясының мүшесі Нұржан Әлтаев facebook парақшасында жалпыхалықтың талқылауға қатысатындарды жариялаған. Олардың арасында Әлихан Бәйменов, экс-депутат Бақыт Сыздықова, Асылбек Қожахметов және басқа да азаматтар болды.

Биыл тамыз айында кәсіпкер Марғұлан Сейсембай бастаған бір топ қазақ Украинаға барып, Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвилимен кездескен еді. Сол кездесуге жаңа саяси партия құрмақшы болып жатқан депутат Нұржан Әлтаев, Бақыт Сыздықова да болған.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk