20-12-19 | 17:13
Ұлттық кеңестен үміт бар ма?.
Ұлттық кеңестен үміт бар ма?

Бүгін Астанада ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысы өтті. Оған президент Қ.Тоқаев қатысты. Бұған дейін президент кейбір кеңес мүшелерін қабылдаған еді. Алғашқы отырысы қыркүйек айында өткен кеңестің бұл жолғы жиналысы қортынды жиын есебінде болды. Аз уақытқа созылған отырыста президент қазақша және орысша аралас тілде сөйлепті. Ақорданың сайтында жарияланған президент сөзінің мәтіні де аралас тілде.

Хош, сонымен бұл отырыс алдыңғы отырыста айтылған қоғамдық-саяси мәселелерге қатысты биліктің шешімін есту сынды болған. Сонымен билік не шешті?

1. Митингтер туралы жаңа заң, рұқсат сұрайтын жүйесінен жай ескерту жүйесіне көшу.

2. Саяси партиялар туралы жаңа заң, партия ашу үшін 40 мың емес, 20 мың мүше жеткілікті болады.

3. Парламенттік оппозиция туралы арнайы жаңа заң.

4. Қылмыстық кодексінің 174-ші бабын (саяси тұтқандар, Саят Ыбырай, Владимир Козлов, Талғат Аян отырып шықты, Макс Боқаев әлі отыр) гуманизацияландыру.

5. Бұл баппен отырып шыққан адамдарға жұмыс жасауға рұқсат беру. Бүгінге дейін бұндай рұқсат болған жоқ.

6. Қылмыстық кодексінің 130-шы бабын (жала жабу, сөздің еркіндігі) кодекстен мүлдем алып тастау.

7. БҰҰ Екінші саяси протоколына қосылу.

Мұны кеңес мүшесі Мұхтар Тайжан жариялады. Айтылғандардың бәрі де әзірге тек уәде, сөз жүзінде. Нақты қашан іске асатыны белгісіз.

Президент айтқан дүниелердің ішінде жаңа бір сөз бар. Ол – парламенттік оппозиция. Осыған дейін сарапшылар Қазақстанда оппозициялық күштер жоқ деп келді. Өзін оппозиция санайтын партиялар нақты іспен өзін көрсетпеді. Өлі саяси күшке айналды.

Парламенттік оппозиция деген сөз биліктің кезекті саяси ойнына көбірек ұқсайды. Мәселен, келесі жылы парламент сайлауы делініп отыр. Соған дейін саяси партиялар туралы заң өзгерсе онда билік ауысқаннан кейін пайда болған кейбір оппозициялық сипаттағы күштер саяси партияға айналуы мүмкін. Онда бұл биліктің ауысуына дейін алдын ала жоспарланған саяси қойылым болып шығады. Және де қазіргі парламенттегі саяси партиялардың кейбірі өзінің ұмытылған оппозиция дейтін атын қайта иеленіп, аяқ астынан оппозиция айналып шыға келуі әбден мүмкін.

Қалай десек те парламенттік оппозиция дегенде бір гәп бары анық. Бәлкім Тоқаев парламенттік оппозиция арқылы өз билігін күшейтпек ойы да бар шығар. Не десек те кеңесте айтылған парламенттік оппозиция ағаш атқа ұқсайды. Ішіне не жасырылғанын уақыт көрсетер.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk